Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Халықаралық іс-шараның ашылуында агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Біз мемлекеттік қызмет жүйесінде меритократия қағидатын орнықтыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге, жоғары кәсіби этиканы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімді дәріптеп, адалдық мәдениетін қалыптастыруға баса мән береміз. Бірегей жиын барысында цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі орасан зор мүмкіндіктің арқасында адам капиталын күшейтуге, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің деңгейін мейлінше арттыруға ықпал ететін тың тәсілдер ұсынылады деп сенемін» делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Жиында агенттік төрағасы форумның мемлекеттік қызметті дамытуға арналған инновациялық шешімдерді қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық және институционалдық реформаларға назар аударып, адам құқықтары мен оның мүддесін ең жоғары құндылық ретінде бекіткен халықтық Конституцияның мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырғанын атап өтті.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызмет патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік және азаматқа бағдарлану қағидаттарына негізделген жаңа басқару мәдениетіне қадам басты.
– Мемлекеттік қызметтегі конкурстық рәсімдер толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Нәтижесінде, іріктеу мерзімі бұрынғы 23–30 жұмыс күнінен 5–7 жұмыс күніне дейін қысқарды. Азаматтардың конкурсқа қатысу деңгейі дәстүрлі жүйемен салыстырғанда 3,5 есеге артты. Жаңа заңға сәйкес «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде индекстеледі. Ал лауазым үш айдан астам уақыт бос тұрған жағдайда конкурс автоматты түрде жарияланады. «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында Alem.cloud ұлттық суперкомпьютері мен 100-ден астам автоматтандырылған агенттен тұратын мемлекеттік жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Сондай-ақ «AI Qyzmet» бағдарламасымен 52 мыңнан астам әкімшілік мемлекеттік қызметші оқытудан өтті, – деді агенттік төрағасы.
Сонымен бірге ол халықаралық ұйымдардың стандарттарына сәйкес алдағы бес жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиялық құжат әзірленіп жатқанын жеткізді. Жаңа құжат сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мүдделер қақтығысын тиімді басқаруға, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталмақ.
Форумда сөз сөйлеген Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов HR қауымдастығы жүргізген зерттеулерге сүйене отырып, қазіргі таңда, әсіресе миллениалдар мен зумерлер үшін жұмыс орнын таңдауда жалақыдан бұрын қолайлы әрі күйзеліссіз еңбек ортасының маңызды екенін айтты.
– Бүгінде технологиядан гөрі адамға ғана тән қасиеттер – түйсік, шығармашылық, қиял, адамгершілік, жанашырлық, көшбасшылық және стратегиялық болжай білу қабілеттерінің маңызы артып келеді. Осындай қасиеттерге ие білікті кадрларды іріктеп, лайықты орынға тағайындауға не кедергі деген сұраққа жуырда жүргізілген халықаралық сауалнамада саяси ықпал негізгі фактор ретінде аталды. Бұл заманауи мемлекеттік басқаруда ұзақмерзімді стратегиялық мүдде мен қысқамерзімді нәтижелер арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызын көрсетеді, – деді Ә.Байменов.
Форум жұмысына GRECO президенті Дэвид Мейер, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерня, Черногорияның мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукай, Жапония Ұлттық кадр басқармасының халықаралық істер және оқыту жөніндегі бас директоры Мио Маэда, Түркия Республикасы Президенті Бас хатшылығының кадр мәселелері және қызмет қағидаттары жөніндегі бас директоры Билал Шентюрк, Босния және Герцеговина Федерациясы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Рефик Бегич, Португалия Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық механизмі төрағасы Жозе Антониу Мураш Лопеш, сондай-ақ БАӘ, Румыния, Қытай, Гонконг, Ұлыбритания, Әзербайжан, Армения, Иордания, Кипр, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Финляндия, Сингапур сарапшылары қатысып, тәжірибе алмасты.
Ұлыбританиядағы Ольстер университетінің профессоры Колин Нокс мемлекеттік сектордағы адами ресурстарды басқарудың халықаралық озық тәжірибесіне тоқталды.
– Қазақстан үшін халықаралық тәжірибеден үйренуге болатын маңызды бағыттардың бірі – нәтижеге негізделген тиімділікті басқару жүйесі. Елде қызмет нәтижелерін бағалау тетіктері енгізілгенімен, мемлекеттік органдар жұмысында әлі де рәсімдердің сақталуы мен есептілік көрсеткіштеріне басымдық беріледі. Ал Ұлыбритания секілді дамыған мемлекеттерде мемлекеттік қызметтің тиімділігі нақты нәтижелер арқылы бағаланады, – деді К.Нокс.
Шетелдік сарапшының пікірінше, мемлекеттің тиімділігі рәсімдердің орындалуымен ғана емес, қоғамдық мәселелерді шешуімен, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуымен өлшенеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерді жоғарылату мен ынталандыру жүйесін нақты нәтижелермен, инновациялық бастамалармен, көрсетілетін қызметтердің сапасымен тікелей байланыстыру маңызды. Сонымен қатар артық есептілікті қысқарту мемлекеттік қызметшілерге негізгі міндеттерге және нақты проблемаларды шешуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Форум қатысушылары қазіргі таңда инновациялық технологиялардың қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты білім мен тәжірибе алмасу, халықаралық әріптестікті нығайту, мемлекеттік басқарудың үздік тәжірибелерін енгізу бұрынғыдан да маңызды бола түскені айтылды.