Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Саннан сапаға
Мемлекеттік грантты көбіміз Үкіметтің жастарға арналған әлеуметтік қолдау құралы деп қабылдаймыз. Десек те, осы қадамның мәні – тереңіректе. Ақиқатында мемлекеттік грант – елдің алдағы он-он бес жылдық еңбек нарығын, ғылыми әлеуетін, экономиканың құрылымын айқындайтын стратегиялық инвестиция. Сондықтан гранттардың санына қоса оның қай мамандықтарға бөлінетіні де маңызды.
Осы салмақты дүниені тарқатып жазу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенеміз. Мысалы, былтыр жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бакалавриат деңгейіне 77 мыңнан аса грант бөлінді. Сол грантты тағайындайтын конкурсқа 113 мың талапкер өтініш берген еді. 2024–2025 оқу жылына да мемлекеттік тапсырыс көлемі шамамен осындай болған. Биыл 26 мамырда өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бакалавриатқа 75 371 грант бөлінетінін мәлімдеді, бұған 127 мыңға жуық талапкер таласады. Оның айтуынша, мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген.
Грант саны 2 мыңға азайғаны сапаға әсер ете ме? Былтыр толық игерілмеген гранттар болды. Сондықтан азайтудың жөні мен себебі бар да секілді. Бір жағынан конкурста кейбір мамандықтарға бір орынға екі адам да таласпайтынын ескерсек, гранттың азайғаны бәсекені арттыра түседі. Әлбетте, қолдаудың азаюы – осыған мүдделі тараптың мүмкіндік аясын тарылтатыны тағы анық. Оның үстіне грант аз қарастырылатын бағыттарға бәсекелестік арта түсетіні белгілі. Дегенмен, грант санының осыдан 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен едәуір өскені байқалады. Айталық, 2019–2020 оқу жылында 53 мыңнан аса грант бөлінген. Биыл 5 жыл бұрынғымен салыстырғанда 20 мың орынға көп. Иә, сәйкесінше гранттан үміттілердің де үлесі артып келеді. Қалай дегенмен де бәсеке артқан сайын сан сапаға айналатын сәттің ауылы жақындай түсетіндей.
Басымдықтар бәсекесі
Министрлік хабарламасында жазылғандай, биыл бөлінген гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған. Нақты сандарға келетін болсақ, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 19 250; педагогикалық ғылымдарға – 13 738; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 11 662; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363; ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145; денсаулық сақтау саласына – 2 700; қызмет көрсету – 2 400; өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915; әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандығына – 1 485; бизнес, басқару және құқыққа – 1 423; ветеринарияға 1 275 грант бөлінген.
Ал былтыр инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 18 846; педагогикалық ғылымдарға – 13 226; ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 11 615; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 9 188; ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 2 379; денсаулық сақтау – 2 700, қызмет көрсету саласы – 2 200; өнер және гуманитарлық ғылымдар 1 915; әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1 485; бизнес, басқару және құқық – 1 423 грант; ветеринарияға 1 275 грант бөлінген.
Байқағанымыздай, былтырғымен салыстырғанда инженерлік салаларға, педагогикалық ғылымдарға, ауыл шаруашылығы мен биоресурстарға, жаратылыстану ғылымдарына қарастырылған мемлекеттік тапсырыс көлемі азайған. Қалған салаларға бөлінген грант саны сол қалпында қалғаны көрініп тұр. Грант саны азайған салаларға бәсеке артуы мүмкін.
Мемлекеттік тапсырыстың сұрауы бар
Біз әдетте гранттар санына айрықша мән береміз. Шындығында мемлекеттен бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі – күн тәртібінен түспейтін түйткіл. Осы тұрғыдан алғанда гранттың да сұрауы – оның игерілуі. Жалпы, грант саны, басымдықтар да жылдағыдан көп өзгере қоймады. Ал енді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға берілген тапсырыс толық орындала ма? Осы жайтты саралар болсақ, тағы да өткен жылға зер саламыз. Өйткені биылғы гранттың игерілгені туралы ақпарат кейін белгілі болады.
Былтырғы конкурс нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысының 99%-ы игерілген. Бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес, алайда кейбір бағыттар назар аударуды қажет етеді. Айталық, 2025 жылы «Серпін» бағдарламасы аясында 2 412 грант бөлініп, оның 83%-ы игерілді. 2024 жылы да жалпы гранттың игерілуі 99 пайызды көрсеткен. Ал 2023 жылы бөлінген гранттың 5 пайызы игерілмей қалған. Бірақ бұл гранттар мемлекетке қайтадан қайтарылмады, оны оқуға түсе алмай қалған талапкерлер арасында қайта үлестірді. Демек, кейбір талапкерлерге жаңа мүмкіндік ашылады деген сөз.
Министрлік жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынатын аналитикалық есепті негізге алып бекітеді. Мәселен, сол жоғарыдағы иесіз қалған 5 пайыз грантты жалпы конкурс бойынша қайта үйлестіріп, ҰБТ нәтижесінде жоғары ұпай жинаған, бірақ жаздағы конкурс қорытындысында грант иегері атанбаған талапкерлерге берілген. Бастысы мемлекеттік тапсырысты орындауға басымдық беріледі.
Мүмкіндіктер межесі
Сөз басындағы «Грант кімге бұйырады?» деген сұраққа шартты түрде «Бағы мен бабы келіскенге бұйырады» деп жауап беруге болар еді. Бірақ бабы келіскенімен, тәп-тәуір балл жинағанымен, бір орынға 20 адам таласатын мамандыққа талпынып, түсе алмай қалған үміткерлер де үмітін үзгісі келмейтін кез келеді. Сондайда қайтпек керек? Әлгінде мүмкіндік деп қалдық. Негізгі конкурстан құлап қалғандарға тағы да жаңа есік ашылуы әбден мүмкін екенін де мысал ретінде көрсеттік. Десе де еліміздегі талапкерлерге, әсіресе бакалавриатқа түсушілерге мүмкіндік біз ойлағаннан әлдеқайда мол.
Мемлекеттік гранттардан басқа не бар? Бірінші мысал – университетішілік ректор гранттары. Оқу орындары белсенді, оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге арнайы гранттар беріледі. 2025 жылы мұндай гранттардың жалпы саны 2 мыңнан асқан. Екіншісі – жергілікті әкімдік гранттары. Мұны облыстық, қалалық әкімдіктер әлеуметтік аз қамтылған немесе сұранысқа ие мамандық иелерін даярлау мақсатында береді. Мысалы, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 1 700-ден көп білім грантын бөлді. Үшіншісі – жұмыс берушілердің арнайы гранттары. Бұл гранттар жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында жасалған келісім негізінде ұсынылады әрі болашақ мамандарды жұмыспен қамтуды көздейді. Төртіншісі – жеке демеушілер мен қорлардың гранттары. Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры биыл 350 грант ұсынып отыр. «KAZENERGY» қауымдастығы да оқуға төлем жасауда қолдау көрсетеді, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы «Murager» білім бағдарламасымен гранттар береді. Бесіншісі – босаған грант. Кей талапкерлер гранттан бас тартып жатады. Осы кезде келесі жоғары балл жинаған талапкерлердің айы оңынан туа-ды. Ал енді бір жағдайда оқу үлгеріміне, басқа да түрлі жағдайға байланысты босаған гранттарды ақылы бөлімде оқуды бастаған студенттерге тағайындайды. Алтыншысы – елімізде ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына бөлінетін 2 мыңнан аса грант. Жетіншісі – сараланған гранттар. 2025 жылы сараланған гранттар саны 300 грантты құрайды. Мұнда оқу ақысының 50 пайызын мемлекет, ал қалған 50 пайызын студенттің өз қаражаты немесе жеңілдетілген оқу несиесі арқылы төлейтін ішінара қаржыландыру түрі.
Түйін. Үміткерлер алдында ашылған осыншама грант «қақпасының» барын білгенде сөз басындағы сұраққа «Грант табанды талапкерге бұйырады» дегің келеді. Грант кімге бұйырса да лайықты иесін табуын тілейміз. Әйтпесе, осыған дейін айтылғандай, елімізде азаматтардың 60 пайызы дипломдағы мамандығымен жұмыс істемейді. Солардың басым бөлігі грантта оқығаны анық. Әрине, бұл – енді басқа мақаланың жүгі, дегенмен материалымыздағы мәселенің түп негізі осы.