Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазіргі жаһандану дәуірінде білім – ең басты капитал. Алайда әлемнің үздік университеттерінде оқу бәріне бірдей қолжетімді емес. Құжаттық рәсімдердің күрделілігі, қымбат аударма қызметі мен кеңесшілер көптеген дарынды жастар үшін кедергіге айналып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткен жаңа технологиялық – «yoonee.ai» платформасы Орталық Азия жастары үшін жаһандық білім кеңістігіне жол ашуды көздейді.
Платформаның негізін қалаушылардың бірі – америкалық отбасы асырап алған Гүлмира. Айтуынша, Қазақстан оның туған отбасының жылуы, осындағы достарының құшағы есебінде. «Араға сан жыл салып, өз еліме қайта оралу – жанымның бір бөлшегін қайта алу секілді», дейді ол әсерленіп. Осы ішкі байланыс оның кәсіби ұстанымына да әсер еткенін аңдадық. Бізді сүйіндіргені, ол туған елі үшін бір игі іс істеу үшін «yoonee.ai» жобасын қолға алыпты. Сол мақсатта ол Феруза, Айдана есімді достарының басын қосып, Орталық Азия жастарының шетелде білім алуына көмектесетін «yoonee.ai» жобасын жүзеге асырған.
Кейіпкеріміз әуелде әлемдегі беделді әуе компанияларының бірі – «Delta Air Lines» авиация жүйесінде сарапшы болып қызмет атқарды. Осы орталықта жұмыс істей жүріп, күрделі деректермен, қаржылық модельдермен және жаһандық логистика саласында өз қабілетін шыңдаған. Авиациядағы тәртіп, дәлдік пен қауіпсіздікке негізделген жүйелік ойлау оның арманына қанат бітіріпті. Гүлмира кейіннен технологиялық стартап құруға белін бекем байлайды. «Авиация адамдарды физикалық тұрғыда біріктірсе, IT оларды цифрлық кеңістікте байланыстырады», дейді ол.
Оған сөз арасында «Қазақ мәдениеті мен құндылықтары өмір жолыңызға әсер етті ме?» деген сұрақ қойдық. Оның жауабы мынадай болды. «Америкалық болып өскеніме қарамастан, мен бәрібір қазақпын. Қазақстанға оралмай тұрып-ақ мінезімде көшпелілерге тән төзімділік, алға ұмтылыс бар екенін сезетінмін. Қазақтың қонақжайлығын алғаш рет көргенімде, таңғалдым. Менің қанымда да осындай қасиет бар екенін сездім. Тіпті мен бұл қасиетті АҚШ-та өзіммен бірге алып жүргенімді, оны байқамағанымды түсіндім. Бұл менің бизнеске деген көзқарасымды да өзгертті. АҚШ-та бизнес көбіне тек мәміле деңгейінде қалады. Ал Қазақстанда ол – қарым-қатынас, бір-біріне жанашыр болу. Мен осыны әрдайым өз болмысыма сіңіруге тырыстым. «yoonee.ai» жобасы да дәл осы мақсатта жұмыс істеп, студенттерге қолдау көрсететін жанашыр платформа болуын қалаймын», дейді ол.
Бұл жоба АҚШ, Франция және Қазақстанның білім беру жүйелерінен өткен бірнеше жас маманның ортақ тәжірибесінен туған. Олардың пайымынша, көптеген студент қабілетсіздігінен емес, күрделі құжаттарды дайындау салдарынан оқуға түсе алмай қалады. Осы тұста жасанды интеллект талапкерлерге көмек қолын соза алады. Аталған платформаға студенттер құжаттарын жүктейді, ал жүйе оларды академиялық дәлдікпен аударып, бағаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіреді. Мәселен, 5.0 GPA немесе 100 балдық жүйедегі баға АҚШ жүйесімен нақты салыстырылып, таңдаған университеттермен сәйкестік деңгейі көрсетіледі.
Жобаның басты миссиясы – жаһандық білімді демократияландыру. «yoonee.ai» командасы халықаралық студенттер төлейтін «географиялық салықты» жоюды мақсат етеді. Яғни студенттің болашағы оның тұрған жеріне немесе қаржылық мүмкіндігіне емес, тек әлеуетіне байланысты болуы тиіс. Бұл, әсіресе Қазақстанның аймақтарында тұратын жастар үшін маңызды. Себебі АҚШ университеттерінің талаптарын білетін білікті аудармашыларды табу көбіне қиын әрі қымбат.
Осы себепті платформа қазақ, орыс және өзбек тілдерін қолдауды жоспарлап отыр. Бұл талапкерлерге үздік америкалық университеттер әлемін өз ана тілінде, тікелей смартфон арқылы зерттеуге мүмкіндік береді. Жоба авторларының айтуынша, Орталық Азия – ашылмаған таланттарға бай өңір. «Silkroad Innovation Hub», «Astana Hub», «Uzbekistan IT Park» сияқты бастамалар аймақтағы әлеуеттің айқын дәлелі.
«yoonee.ai» командасы үшін тағы бір маңызды бағыт – мәдени және академиялық алмасу. Ұзақмерзімді жоспарлардың бірі – «мобильді аудитория» форматындағы екіжақты алмасу бағдарламасын іске қосу. Бұл бағдарлама тек Орталық Азия жастарын Батысқа жіберумен шектелмей, америкалық студенттерді де Қазақстан мен өңір елдеріне тартуды көздейді. Осы арқылы Жаңа Жібек жолының академиялық және мәдени байлығын әлемге таныту, берік кәсіби байланыстар орнату жоспарланған.
Гүлмираның пікірінше, «yoonee.ai» – тек технологиялық стартап емес, мәдени дипломатияның да жаңа үлгісі. Ол білім арқылы халықтарды жақындастырып, Орталық Азияны жаһандық зияткерлік және инновациялық кеңістіктің маңызды бөлігі ретінде көрсетуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, тамырын тапқан технология осылайша болашаққа жол салып отыр.
Соңғы жаңалықтар
Білім • Бүгін, 08:15
Қайта түлеген спорттық инфрақұрылым
Университет • Бүгін, 08:12
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10
Гүлмираның «yoonee.ai» платформасы
Digital • Бүгін, 08:08
Жастар кәсіпкерлігі: қолдау бар, қайтарымы қалай?
Бизнес • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:03
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00
Жедел жәрдем автопаркі жаңарды
Аймақтар • Бүгін, 07:55
Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:50
Алматы • Бүгін, 07:45
Театр • Бүгін, 07:40
Спорт • Бүгін, 07:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:30
Петропавлда хабар-ошарсыз кеткен 18 жастағы жігіттің мәйіті орманнан табылды
Оқиға • Кеше
Ертең еліміздің бірқатар өңірінде түман түсіп, боран соғады
Ауа райы • Кеше