Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Индербор кенті тұрғындарын аудан іргесінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған қоқыс алаңы алаңдатуда. Жуырда жергілікті тұрғындар ауданға іссапармен келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановқа да осы мәселені шешу үшін көмек сұраған болатын. Болашақта қоқыс алаңын көшіру керек пе, жоқ па?
Қоқыс алаңы (полигон) кенттің шығыс бөлігінде орналасқан. Жалпы аумағы 16 гектарды алып жатыр, қоршалған. Жобалық сиымдылығы 128000 тоннаның шамасындай, оның 25 пайызы ғана игерілген, қалған 75 пайызын игеру мүмкіндігі бар деп есептелуде. Соңғы жылдары нысанға 95,6 млн теңге инвестиция салынған.
Қоқыс алаңы сенімгерлік басқаруға берілмеген, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру құжаттары алынбаған.







Аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Шапағат Ғаббасовтың айтуынша, қоқыс алаңы қызметтік тұрғын үйлерден 1176 метр, кенттің «Барлаушы» ықшам ауданынан 1257 метр жерде орналасқан, қауіптілік сыныбы - 2 сынып. Жалпы айтқанда аудан әкімдігінің берген жауабы бойынша қоқыс алаңының халыққа тигізіп отырған зияны жоқ дейді. Шындығында қалай, тұрғындар неге дабыл қағуда?
Қоқысқа қарсы тұрған үйлер
«Қоқыс алаңы кентке жақын 800-900 метр шамасындай жерде орналасқан, бірақ әкімдік 1 км 200 метр жерде дейді. Жолмен емес, үйдің шетінен есептелмей ме, сондықтан бұл қате ақпар. Ал қоқыс алаңына жеткенше түрлі қоқыстар төгілген жағымсыз иістер шығып жатады. Бұл кент тұрғындары үшін қолайлы болмай тұр. Күн жылына қоқыстарды өртегенде, кім өртейтінін білмеймін, түтін иісінен тұншығып, тереземізді аша алмаймыз, еркін демалу мүмкін емес. Әсіресе, Барлаушы, Шығыс, Болашақ ықшам аудан тұрғындары бастан кешуде. Бұл мәселе туралы талай рет дабыл қақтық, облыс әкімі де біледі. Күні кеше келген депутат Тұрғановқа да айттық. Шарасын аламыз дейді, бірақ орындамайды. Халық осыған ашынады»,-дейді тұрғын Муса Күсепов.
Кент әкімі Шалқар Алмурзиев қоқысты кейбір тұрғындар төгіп кететінін, оны жыл сайын тазартып отыратынын жеткізді.
Алайда, тазалау жұмыстарына қарамастан, жергілікті тұрғындар мәселе тек бейберекет қоқыс үйінділерімен шектелмейтінін айтады. Олардың сөзінше, полигон ресми құжаттарда көрсетілгеннен әлдеқайда жақын жерде, тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан.
Төбе басындағы "сақалды құрылыс"
2023 жылы Индерборда ангар типтес сұрыптау кешені құрылысы басталып, тұралап тұрып қалды. Ол қалқиып төбе басында «сақалды» құрылыстың кебін киіп тұр. Сұрыптау кешені кенттен шамамен 400-500 метр жерде орналасқан. Қоқысты нақты сұрыптау жүргізілмегендіктен, полигонға түсетін жүктемені де азайтып отырған жоқ.



Аудандық әкімдікте хабарлағандай, қазір нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды (электр, газ, су желілері) жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қорытынды құжаттар дайын болғаннан кейін бюджеттен қаржы сұратылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі.
Аудан билігі қоқыс полигонының орнын ауыстыру алдағы уақыттағы жоспарға енгізілмегенін мәлімдеді. Себебі, полигон қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес белгіленген санитариялық-қорғаныш қашықтығын сақтап тұр. Әкімдіктің бағалауынша, көшіру үшін 2 млрд теңге қажет, ары қарай көшіруге жер де жоқ. Өйткені Батыс Қазақстан облысының аумағы орналасқан.
Ал аудандағы Жарсуат пен Құрылыс ауылдарындағы тұрмыстық қалдықтар полигоны тұрғын үйлерден 1 км жерде орналасқан. 2024 жылы су тасқыны кезінде бұл полигондар су астында қалған. Енді оны көшіру үшін елді мекендерден әрі қарай жер бөлінген. Қоршау жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттамасы дайындалуда екен.
Сонымен кенттегі тұрмыстық қалдықтар полигоны әзірге көшірілмейтін болды, бірақ жаз шыға көк түтіннің ортасында көміліп тұншығып отыратын халықтың жайын кім ойлайды...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор
Бүгін, 13:10