Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алдымен саяси партиялар тиісті құжаттарды ұсынғанын хабарлады. Кейін ол Құрылтай депутаттары сайлауын өткізу кезінде заңнамада гендерлік және әлеуметтік квотаның міндетті түрде сақталуы қарастырылғанын айтты.
– Құрылтай депутаттарының сайлауына 145 депутаттық мандат үшін бақ сынайтын жеті саяси партия қатысады. Партиялық тізімдерді қалыптастыру кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін заңнамада белгіленген 30 пайыздық квота сақталды. Бұл квота сайлау қорытындысы бойынша саяси партиялар алған депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де сақталуға тиіс. Кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігі мәселелерін, сондай-ақ әрбір партиялық тізімді тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы алдағы отырыстарда жеке-жеке қарайтын болады, – деді төраға.
ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов баяндама жасап, әр партиядан ұсынылған үміткерлер санына тоқталды.
– «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 63, «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі – 69, «Әділет» саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі – 186, «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі – 47, «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігі – 72, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігі – 33, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі – 76 кандидат ұсынды. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу 2026 жылғы 23 шілдеде сағат 18:00-де аяқталады, – деді Ш.Өтемісов.
Әрі қарай отырыста алдағы сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге қатысты мәселе қаралды. Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мүгедектігі бар сайлаушылардың кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында дауыс беруге арналған үй-жайларды толыққанды жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті.
– Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. 2021 жылдан бастап Орталық сайлау комиссиясы отырыстарының тікелей көрсетілімдері, сондай-ақ барлық ақпараттық бейнематериал ымдау тіліне аударумен сүйемелденеді. 2022 жылдан бері дауыс беру бюллетеньдеріне арналған Брайль қарпімен трафареттер дайындалады. Барлық сайлау учаскесінде дауыс беру бюллетенін толтыру тәртібі бойынша аудионұсқаулықтар болады. Өткен жылдан бастап «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен барлық сайлау комиссиясының мүшелеріне арналған мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктері жөніндегі бейнеоқыту курсы әзірленіп, қолданылуда. Жергілікті атқарушы органдар инватаксимен қамтамасыз етеді, – дей келе ол жергілікті атқарушы органдарға сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеру жұмысына мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін белсенді түрде тартуды ұсынды.
Сондай-ақ ОСК төрағасы Н.Әбдіров саяси партияларды үгіттік іс-шаралар мен материалдарды әзірлеу кезінде көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ескеруге шақырды.
– Конституциялық сайлау құқықтарының іске асырылуы сайлау процесінің барлық кезеңінде, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін де қамтамасыз етілуге тиіс. Саяси партияларды осы талаптарды ескеруге шақырамын. Бұл сайлаушылармен кездесулер өткізілетін орындарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жария іс-шараларды сурдоаудармамен сүйемелдеуге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға партиялардың сайлау алдындағы бағдарламаларымен толық танысуға мүмкіндік беретін қолжетімді форматтағы үгіт материалдарын пайдалануға қатысты. Барлығымыз мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жан-жақты қолдау көрсетеміз деп сенемін, – деп үндеу жасады Н.Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сайлауға халықаралық байқау институтын ашу туралы шешім қабылданғанын айтып, Сыртқы істер министрлігі мен ОСК бірқатар мемлекет пен халықаралық ұйымдарға тиісті шақырулар жолдағанын жеткізді. Әзірге 60 байқаушы аккредиттелген.
– Бүгінде Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеу үшін 3 халықаралық ұйым мен 4 шет мемлекеттің 60 байқаушысының кандидатурасы ұсынылды. Атап айтқанда, ТМД байқаушылар миссиясынан – 4, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан – 19, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылар миссиясынан – 32 байқаушы, сондай-ақ Мальдив Республикасы тарапынан 2 кандидатура, оның ішінде осы елдің Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары бар. Бұдан бөлек, Астанада аккредиттелген дипломатиялық корпустың дуайені саналатын Палестинаның Қазақстандағы Елшісі, Венесуэланың Қазақстандағы Елшісі және Венгрияның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі де аккредиттелді. Аккредиттеуге қатысты ұсыныстар келіп түсуіне қарай байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады, – деді М.Ерман.
Отырыс қорытындысында ОСК мүшелері тиісті қаулылар қабылдады және брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Брифингте Үкімет Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу үшін өзінің резервінен 34,3 млрд теңге бөлгені айтылды. Қаражаттың негізгі бөлігі республикадағы 10 674 сайлау учаскесінде жұмыс істейтін 70 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Бұл мақсатқа 8,5 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар қаржыландыру аясында 47 жаңа сайлау учаскесін ашу, сайлау бюллетеньдерін, плакаттарды және өзге де полиграфиялық өнімдерді басып шығару, әдістемелік материалдар мен сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтер әзірлеу көзделіп отыр. Сондай-ақ сметаға сайлау комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз ету шығындары енгізілген. Оның ішінде байланыс қызметтері, көлік шығындары және басқа да ұйымдастыру шаралары бар. Шетелдегі дауыс беруді ұйымдастыру үшін де жеке қаржы қарастырылған.