Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 8,5 мыңнан астам бала бар. Бұл жай ғана статистика емес, бұл — 8,5 мың тағдыр, 8,5 мың отбасының үміті. Оның ішінде 1800-ден аса бала мектепке дейінгі ұйымдарда, 900-ден астам бала арнайы мектеп-интернаттарда, 3700-ден астам бала жалпы білім беру мектептерінде, 150-ден астамы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қамтылған. Сонымен қатар, аутизм орталығында 40-тан аса жасөспірім, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 300-дей жеткіншек қолдау қызметтерімен қамтылған.
Өңірдегі 35 арнайы білім беру ұйымы мен мектептер жанынан ашылған 21 инклюзияны қолдау кабинеті құптарлық дүние. Дейтұрғанмен бұл ұйымдар мен кабинеттердің негізгі бөлігі Павлодар, Екібастұз, Ақсу сияқты ірі қалаларда ғана шоғырланған. Ауылдық жерлердегі ерекше балалардың жайы қалай болмақшы? Ауылдағы ата-ана баласын қалаға тасымалдауға қауқарсыз болса, жеткіншектің қоғамнан оқшауланып қалу қаупі жоғары.
Ең үлкен кедергілердің бірі — кезек мәселесі
Өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарованың дерегінше, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне әлі күнге 150-ге жуық бала кезекте тұр. Оның үстіне логопед, дефектолог, олигофренопедагогтер мен педагог-ассистенттердің жетіспеушілігі қалыптасқан.
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі— Кейбір түзету қызметтеріне сұраныстың жоғары болуына байланысты кезек қалыптасуы мүмкін. Кезектің қалыптасуы көбіне психологиялық-педагогикалық қолдау және оңалту курстарының ұзақтығына байланысты болып отыр. Әдетте мұндай курстардың ұзақтығы 90 күннен 365 күнге дейін созылатындықтан, жаңадан балаларды қабылдау белгілі бір уақытты талап етеді. Ал жалпы облыста 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмыс істейді. Ата-аналар соларға жүгініп, баланың даму ерекшеліктеріне қатысты кешенді бағалау мен ұсынымдар ала алады. Комиссия баланың қандай білім беру жағдайында оқуы қажет екендігін анықтап, тиісті қорытынды береді, — дейді басқарма өкілі.
Мәселенің төркіні кадрлардың жетіспеушілігінде емес, оларды ұстап тұратын ынталандыру жүйесінің аздығында жатқан сияқты. Педагог-ассистенттің жалақысы 120 мың теңгеден басталатынын ескерсек, бұл саладағы кадр жетіспеушілігіне таңғалудың қажеті жоқ. Ерекше баламен күні бойы жұмыс істеу, оның әрбір мінезі мен қажеттілігіне бейімделу — орасан зор психологиялық жүктеме.
Оның үстіне материалдық-техникалық базаның ескіргені де жасырын емес. Қазіргі заманғы технологиялар, сенсорлық бөлмелер мен арнайы құрал-жабдықтар тек санаулы ғана орталықтарда бар. Инклюзиялық білім — бұл баланы мектепке әкеліп, оны сыныптың бір бұрышына отырғызып қою емес. Ол — баланың өзін жайлы сезінуі, сабаққа толыққанды қатысуы және өзгелермен тең қарым-қатынас жасауы. Бұл үшін тек қана маман емес, соған лайықталған орта керек.
Бұған дейін елімізде инклюзивті білім беру жүйесін дамытуда қандай кедергілер бар екенін жазғанбыз.