Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Бүгінде экономикалық өсім нақты сектордың қарқынды дамуы, өндірісті әртараптандыру мен еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін нығайту есебінен жүзеге асып келеді. Сонымен қатар мемлекет төлемдерді арттыруда әлеуметтік міндеттемелерді жүйелі түрде қамтамасыз етті.
Жергілікті елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамытуда және ұзақмерзімді келісімшарттар тетігі арқылы отандық кәсіпорындар өнімдерін кепілді өткізу үшін қолайлы жағдай туғызады. Биыл 6 айдың қорытындысында бұл жұмыс тұрақты нәтиже көрсетті. Макроэкономикалық тұрақтылықтың басты драйвері негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 9,5 трлн теңгеден асты. Бұл ретте жеке инвестиция көлемі 21,4%-ға өсіп, жалпы өсімнен жоғары қарқын көрсетті. Көрсеткіштердің жақсаруына бизнеске әкімшілік қысымның төмендеуі, мемлекеттік сатып алу мерзімдерінің үш есе қысқаруы мен цифрландыруды енгізу айтарлықтай ықпал етті. Сонымен қатар еліміздегі жаңа Салық және Бюджет кодексін жүзеге асыру басталды. Олар нақты сектор үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған.
Ел экономикасының өсімі
Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысында ішкі жалпы өнім мұнайға тәуелді емес секторлардың орнықты дамуы нәтижесінде 4,1%-ға өсті. Нақты сектордағы тауарлар өндірісі
5,1%-ға, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артты. Салалар өрісінде құрылыс саласы ең жоғары өсім қарқынын сақтап отыр. Оның көлемі 15,2%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 9,8%-дық, көлік қызметтері саласында 7,1%-дық өсім тіркелді. Сонымен қатар сауда (+5,7%), байланыс қызметтері (+4,3%), ауыл шаруашылығы (+4,4%) салаларында да оң көрсеткіш бар. Аталған негізгі салалардың жиынтық үлесі елдегі ІЖӨ өсімінің шамамен 85%-ын қамтамасыз етті.
Әлеуметтік секторда да оң үрдіс байқалады: Былтырғы төмендеуден кейін халықтың нақты табысы осы жылдың бірінші тоқсанында 0,1%-ға өсті. Бұл үрдіске маусым айында жылдық инфляцияның 10,3%-ға дейін баяулауы оң ықпал етті. Оң серпінді нығайту мақсатында өнімділігі жоғары жұмыс орындарын ашуға бағытталған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.
Экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші инвестициялық белсенділік болып отыр. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,6%-ға ұлғайды. Жалпы, инвестициялар құрылымындағы жеке капиталдың үлесі 87%-ға жетті. Инвестициялық белсенділік әсіресе ақпарат пен байланыс саласында жоғары қарқынмен өсуде. Бұл бағытқа тартылған инвестициялар көлемі 2,3 есеге артты. Сондай-ақ құрылыс саласы (+38,7%), өңдеу өнеркәсібі (+33,3%), ауыл шаруашылығы (+24,6%) және көлік саласында (+11,6%) өсім тіркелді.
Ішкі сауда саласында да жоғары көрсеткіштер көрініс тапты. І жартыжылдықта оның көлемі 15,3%-ға артып, 36,2 трлн теңгеге жетті. Көтерме сауда – 6,6%-ға, бөлшек сауда 3,8%-ға өсті. Оң үрдіс сыртқы сауда бағытымен де нығайтылуда: қаңтар-мамыр айларында республика-ның тауар айналымы 56,3 млрд долларды құрады, ал импорт 26 млрд долларға жетті. Соның нәтижесінде 4,4 млрд доллардан асатын тұрақты оң сауда балансы сақталды. Бұл ретте жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының сапалық өсуі – 14,6%-ға, 14,9 млрд долларға дейін (оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 14,5%-ға, 11,8 млрд долларға дейін, қызметтер экспорты – 14,8%-ға, 3,1 млрд долларға дейін) тіркелді.
Мемлекеттік бақылауды реформалау тиімділігі
Елдегі ірі өндірістердің өсуімен қатар шағын және орта бизнес өз позициясын дәйекті түрде нығайып келеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, I жартыжылдықта елімізде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2,9 млн-ға жетті, бұл 2026 жылдың басындағы көрсеткіштен 499 мыңға немесе 20,4%-ға артық. Салалық бөліністе ресурстарды өнімді секторларға сапалы қайта бөлу тіркелуде: тау-кен өндіру өнеркәсібінде (+2,9%), құрылыста және ауыл шаруашылығында (+2,5%), ақпарат пен байланыста (+2,4%) шағын заңды тұлғалар санының өсуі байқалып жатыр. Бұл ретте елдің ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 2025 жылдың қорытындысында 40,9%-ға жетті, ал өнім шығару 104,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27,8%-ға артық.
Бизнестің мұндай белсенділігі Үкіметтің әкімшілік жүктемені азайту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетті. Мемлекет бақылау жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізіп, жазалау тәсілінен алдын алу қағидатына көшті. Бұл жүйе нәтижесін де берді. Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр бизнесті тексеру саны 8,6%-ға қысқарды. Заңдардан 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды, ал жаңа қысымның алдын алу үшін «1 in 2 out» қатаң қағидасы қолданылады, ол қолданыстағы екі норманы жоймай бір жаңа норманы енгізуге тыйым салады. Бүгінде бизнестің есептілігінің 49%-ы оңтайландырылды, ал ШОБ-тың мемлекетпен жедел өзара іс-қимылы үшін «eGov Business» ыңғайлы цифрлық қосымшасы іске қосылды.
Сонымен қатар мемлекет кәсіпкерлер үшін қаржылық қолдауды күшейтіп жатыр. Былтыр 1,6 трлн теңге сомасына 9,5 мыңға жуық жоба жеңілдетілген қаржыландырумен қамтылды. Бүгінде жаңа құралдар белсенді түрде іске қосылуда: «Өрлеу» бағдарламасымен кәсіпкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6%-бен қомақты көлемде қарыз беріліп жатыр (1 маусымдағы есепте 18,4 млрд теңгеге 91 қарыз алушы қолдау тапты), ал өңірлерде өңдеу өнеркәсібі жобалары үшін 13,2%-бен «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.
Бизнестің қарыз қаражатына қолжетімділігін кеңейтіп, бюджеттік қаржыландыруға тәуелділікті азайту мақсатында «Даму» қорының базасында екі жаңа кепілдік қоры құрылды. Олар өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика, білім саласына басымдық беруде. Бұл тетік бизнесті несиелендіруге коммерциялық банктердің қаражатын белсенді тартуға жол ашпақ. Биылғы
1 маусымдағы көрсеткіште кепілдік қоры шеңберінде 189,9 млрд теңге сомасына 998 жоба қолдау алды (оның ішінде берілген кепілдіктер 95,9 млрд теңгені құрады), ал Кепілдік қоры-2 бойынша 442,4 млрд теңге сомасына 6 ірі жоба мақұлданды (берілген кепілдіктер мөлшері 93,2 млрд теңгені құрады). Осы қаражатты бөлу тиімділігін мониторингтеудің барлық үдерісі «Baqylauda» цифрлық жүйесінде толық автоматтандырылған.
Адал бизнесті қорғау саясатының қисынды жалғасы мемлекеттік сатып алу жүйесін түбегейлі жаңғыртты. Жаңа заңның арқасында рәсімдердің жалпы мерзімі үш есеге қысқарды – 30-дан 10 жұмыс күніне дейін, ал бір көзден бәсекелестікке жатпайтын сатып алу үлесі 23%-ға дейін төмендеді. Отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау мақсатында 50% мөлшерінде міндетті аванс енгізілді, келісімшартты қамтамасыз етудің барлық түрінен босату және тұрақсыздық айыбын 3%-ға дейін төмендету жүзеге асырылды. Бұл жүйе қазірдің өзінде жемісін беріп отыр: алты айда мемлекеттік сатып алу көлемі 7,7 трлн теңгеге жетіп, отандық өндірушілермен 85,2 млрд теңге сомасына 61 532 шарт жасалды.
Үкімет жүзеге асырып жатқан реформалар 2029 жылға қарай елдің ішкі жалпы өнімін 450 млрд долларға дейін екі есеге ұлғайтып, кемінде 150 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға тікелей бағытталған. Шетелдік компаниялардың елімізге инвестиция салуына қолайлы жағдай жасау мақсатында инвесторлардың барлық мәселелерін жедел әрі нақты уақыт режімінде шешетін Инвестициялық штаб құрылды. Құны 60 млн доллардан асатын ірі жобалар үшін республика заңнамасының 25 жыл бойы тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім тетігі енгізілді. Бүгінде осындай 57 келісім жасалған.
Жүйелі жұмыс нәтижесінде өңірдегі жетекші инвестициялық бағыт мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. БҰҰ ЭСКАТО мәліметінше, былтыр еліміз жаңа өндірістерге арналған greenfield-жобаларға 19 млрд доллар көлемінде инвестиция тартты. Бұл – Орталық Азиядағы жаңа өндірістерге бағытталған өңірішілік инвестициялардың 89%-ы. Жалпы, тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларға жетті. ТШИ құрылымында сауда саласы (4,8 млрд доллар), өңдеу өнеркәсібі (4,4 млрд доллар) және тау-кен өндіру секторы (3,4 млрд доллар) көш бастап тұр. Бізбен серіктестік орнатуға ықыласты негізгі бес инвестор қатарында Нидерланд (4,6 млрд доллар), Ресей (2,9 млрд доллар), Қытай (2,8 млрд доллар), Біріккен Араб Әмірліктері (1,6 млрд доллар) және Сингапур (1,4 млрд доллар) бар. Олардың инвестициялары технологиялық тұрғыдан күрделі индустриялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Жаңа Салық кодексінің игілігі
Ашық әрі тұрақты экономикалық экожүйені қалыптастыру жолындағы маңызды қадамның бірі – жаңа Салық және Бюджет кодексінің күшіне енуі. Жаңа салық саясаты нақты секторды жан-жақты қолдап, салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған. Реформа қазірдің өзінде елеулі макроэкономикалық нәтижелер көрсетіп отыр. Биылғы бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 16%-ға өсті. Елдің кіріс базасын нығайтуға ҚҚС түсімдерінің шамамен бір жарым есеге артуы да айтарлықтай әсер етті. Салық реформасының тиімділігі республикалық бюджеттің биылғы бірінші жартыжылдықтағы орындалу қорытындыларынан да көрінеді. Трансферттерді есептемегендегі бюджет кірісі 8,5 трлн теңгеге жетіп, жоспар 100,6%-ға орындалды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,6%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге артық. Көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту жөніндегі шаралардың нәтижесінде ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мың субъектіге жетті. Осы оң үрдісті сақтап, нәтижесін нығайту мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары бекітілді. КТС базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталды, бірақ банк қызметі үшін ол 25%-ға дейін көтерілді. Ал аграрлық секторда жеңілдетілген 3% мөлшерлеме белгіленді. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітілді. Осы ретте дәрілік заттарға, әдеби кітаптарға, баспасөз өнімдеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері енгізілді. ҚҚС-ның міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК болып белгіленді.
Реформа аясында ЖТС бойынша прогрессивті мөлшерлеме енгізілді – жоғары табысқа салынатын салық. Енді жоғары табыс алатын азаматтар жылына 8,5 мың АЕК немесе 36,7 млн теңгеден асатын кіріс бөлігіне ғана 15% мөлшерлемемен салық төлейді. Ал қалған азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар БЖЗҚ төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылды. Сондай-ақ пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автокөліктер үшін көлік салығы 30%-ға, ал 20 жылдан асатын автокөліктер үшін 50%-ға төмендетілді. Бұдан бөлек, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік салықтық шегерім мөлшері 5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Салықтық әкімшілендіру жүйесі сервистік модельге көшті. Нәтижесінде салықтар мен алымдардың жалпы саны 20%-ға, ал салықтық есептілік нысандарының саны 30%-ға қысқартылды.
Реформаны үйлестіру мақсатында 239 нормативтік-құқықтық акт қабылданып, Жобалық офис инфрақұрылымы құрылды.