Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Бүгінде инвестиция негізінен ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, реновация, инфрақұрылым салаларына бағытталған. Индустриялық және шағын өндірістік аймақтар арқылы инвесторларға дайын инфрақұрылым ұсынылып, қолайлы жағдай жасалып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 260 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі 3,4%-ға өсті. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында инвестиция 40,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге артты.
Қазір Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде нақты жобаларды іске асыру мақсатында бірқатар шетелдік компаниямен келіссөз жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, облысқа тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, жаңа өндірістер ашу, экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жанданып келеді. Ұлытау облысындағы инвестициялық жобалар мен реновация бағдарламасының жүзеге асуын арқау еткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы баяндады.
«2026 жылы жалпы құны 11,8 млрд теңге болатын 200-ге жуық жұмыс орнын құруды көздейтін төрт ірі жобаны пайдалануға беру жоспарға енді. Алғашқысы Тау-кен байыту фабрикасын салу және көмірді байыту, құны – 7 млрд теңге. Асфальтбетон зауытының құрылысы – 2 млрд теңге. Сақтау қуаты бір мезгілде 10 мың тоннаға дейінгі көкөніс қоймасын салу 2 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және көму полигоны базасында қағаз, пластик және резеңке техникалық бұйымдардың қалдығын қайта өңдеу – 840 млн теңге. Осы жобаның барлығы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Қазір Ұлытау облысы «PetroKazakhstan» компаниясымен бірлесіп, құны 49 млрд теңге болатын энергия сақтау жүйесі бар, қуаты 100 МВт жел электр стансасын салуды жоспарлап отыр», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Былтыр Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құрылды. Аталған жоба – облыс экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды бастаманың бірі. Индустриялық аймақтың жалпы аумағы 12 гектарды құрайды (25 жыл мерзімге), оны 50 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі бар.
Қазір индустриялық аймаққа электр, су, жылу және кәріз желілерін тарту бойынша құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Бұл жұмыс жақында аяқталады. Жобаның жалпы құны 822,4 млн теңгені құрайды.
Былтыр индустриялық аймаққа жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту мақсатында 125,9 млн теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінде су құбыры желісін жүргізу жұмысы орындалды. Соның ішінде: құрылыс-монтаж жұмысы – 122,7 млн теңге, техникалық қадағалау – 2,7 млн теңге, авторлық қадағалау – 0,5 млн теңге.
Индустриялық аймақты құру тұжырымдамасына сәйкес инфрақұрылым (ИКИ) қуаттылығына тоқталсақ, электрмен жабдықтау – 2,8 МВт, жылумен жабдықтау – 2,8 Гкал/сағ, сумен жабдықтау – 57,8 м³/тәулік, кәріз жүйесі – 96,0 м³/тәулік, автожолдар – 0,296 км (индустриялық аймақты жалпы пайдаланымдағы жолдармен қосу), теміржол – 0,923 км (қолданыстағы теміржол стансасын қосқанда), газбен жабдықтау – 8 000 м³/тәулік (2027 жылға жоспарланған).
Осы индустриялық аймақ аумағында жобаларды іске асыруға бірнеше әлеуетті инвестор қызығушылық танытқан. Атап айтқанда, резеңке жабындылар, құрылыс материалдары, мойынтіректер, шыныпакеттер өндіру және қоймалық инфрақұрылым жобалары бар.
Индустриялық аймақтың толық іске қосылуы облысқа инвестиция тартуға, жаңа өндірістер ашуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлкен серпін береді.
2026 жылғы 27 наурызда Қытай Халық Республикасындағы Сиань қаласында еліміздің Бас консулдығының қолдауымен Ұлытау облысы мен Шэньси провинциясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті. Іскерлік кездесуге облыс әкімі, мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған делегация, сондай-ақ Қытай және Қазақстан компанияларының шамамен 100 өкілі қатысты.
Форум аясында Ұлытау облысының инвестициялық әлеуеті мен өңірдің негізгі ынтымақтастық бағыттары, ұзақмерзімді инвестициялық жобалары таныстырылды. Өнеркәсіпті дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымға және агроөнеркәсіптік кешенге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар G2B және B2B форматтарында кездесулер өткізілді.
Қорытындысында жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын алты меморандумға қол қойылды. Аталған жобалар тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, металлургиялық шлактарды қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағыттарын қамтиды.
Сонымен қатар шетелдік инвестицияларды тартуды жандандыру, Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Сиань қаласында Ұлытау облысының Өкілдігі ашылды. Іскерлік кездесуде талқыланған жобалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Бұл жоба – тұрғын үйлерді жаңарту ғана емес, сонымен қатар қалалардың келбетін жаңғыртуға, заманауи және қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бастама. Осы жоба аясында Ұлытау облысында тұрғын үй қорын реновациялаудың жаңа бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Әзірленген бағдарламаны алдағы уақытта заңды және тиімді іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында облыстық мәслихаттың қарауына және бекітуіне ұсынылады.
Облыс көлемінде көппәтерлі тұрғын үй қорының ағымдағы жағдайын талдау нәтижесінде көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы саны 1 545 екені анықталды. Оның ішінде 457-сі тозығы жеткен, 63-і – апатты жағдайдағы тұрғын үйлер. Таратып айтсақ, Жезқазған қаласында – 23 апатты үй, Сәтбаев қаласында – 31 апатты үй, Қаражал қаласында – 7 апатты үй, Ұлытау ауданында – 2 апатты үй тіркелген.
Ұлытау облысында апатты үйлерді сүру басталды. Облыс орталығы Жезқазған қаласында реновация бағдарламасын іске асыру шеңберінде Абай көшесі №53, 55, 57, 59 мекенжайларында орналасқан апатты тұрғын үйлерді сүру жұмысы қолға алынды. Жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде Абай көшесіндегі №57 тұрғын үй сүріледі. Келесі кезеңде қажетті дайындық және ұйымдастыру жұмысы аяқталғаннан кейін №59 тұрғын үйді бұзу жоспарда тұр.
Шығарылған құрылыс қалдығы мен қоқыс арнайы техника арқылы қатты тұрмыстық қалдық полигонына жеткізіледі.
Аталған жоба қаланың тұрғын үй қорын жаңғыртуға, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, заманауи тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Сүрілген үйдің орнына екі блоктан тұратын жаңа көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаевтың айтуынша, қалада ескі және апатты тұрғын үйлерді жаңарту бағытында кезең-кезеңімен жұмыс жүргізіледі.
«Осы мақсатта Қытай Халық Республикасының «China-Kazakhstan Silk Road Yuntu (Xi’an) Technology Development Co., Ltd» компаниясымен бірқатар кездесу өткізілді. Кездесу барысында облыс аумағындағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің нақты жағдайы таныстырылып, жобаларды іске асырудың тетіктері, кезеңдері мен ықтимал шешімдері жан-жақты қарастырылды. «Бақытты қала» жобасы аясында облысымызда тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша «Ұлытау» ӘКК» АҚ мен инвестор арасында өзара іс-қимыл және ұзақмерзімді әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – өңірдің тұрғын үй инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі», дейді қала әкімі.
Жобаны іске асырмас бұрын басым аумақтар айқындалып, алғашқы кезеңде Сәтбаев қаласындағы Гурбы көшесі 4-үй және 6-үй, сондай-ақ Сәтбаев көшесі, 74–76 мекенжайындағы бос тұрған тұрғын үйлер қарастырылды. Тұрғындармен сөйлесіп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру тетіктері нақтыланып, азаматтардың мүддесі басты назарға алынды.
Сонымен қатар Жезқазған қаласында бұрынғы тоқыма фабрикасы ғимаратын реконструкциялау жобасын іске асыру қолға алынды. Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Ғалымұлы ұзақ жыл бос тұрған тоқыма фабрикасы ғимаратын қайта жаңғырту мақсатында 2025 жылы 21 шілдеде желілерде ресми хабарландыру жарияланып, жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілгенін айтты. Алайда алғашқы екі апта ішінде жобаға қызығушылық танытқан инвестор болмаған. Тек 2025 жылғы 8 тамызда «SRT Construction» ЖШС тарапынан жобаға қатысу ниеті туралы ресми хат келіп түскеннен кейін нақты ұйымдастыру және дайындық жұмысы басталады.
Нәтижесінде, «Ұлытау» ӘКК» АҚ мен «SRT Construction» ЖШС арасында бірлескен қызмет
туралы шарт жасалды. Қазір тоқыма фабрикасы ғимаратын реконструкциялау жөніндегі инвестициялық жоба аясында инвестор бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыс-монтаж жұмысы басталды. Жоба бойынша ғимарат мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Жалпы сметалық құны 4,2 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру жағына тоқталсақ, 3,5 млрд теңге (85%) – «Ұлытау» ӘКК тарапынан, 700 млн теңге (15%) – инвестор «SRT Construction» ЖШС (Шымкент қаласы) тарапынан қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар инвесторға 1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті жүктелген.
Бұл қаражат «SRT Construction» компаниясының тікелей инвестициясы емес және сыртқы қаржыландыру көздерін тартуды көздейді. Шарт талаптарына сай инвестор мен «Ұлытау» ӘКК» АҚ нысанды 2030 жылға дейін бірлесіп басқарып, қызмет көрсетеді. Инвестор бес жыл мерзімге аталған нысанға қызмет көрсету міндеттемесін өз мойнына алады. Бірақ нысанға меншік құқығы инвесторға берілмейді. Жоба іске асырылу кезеңінде ғимарат «Ұлытау» ӘКК иелігінде қалады. Бесжылдық мерзім аяқталған соң, инвестор жоба аясындағы қызметін тоқтатады. Тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекет меншігінде қалады.
Бүгінде ғимараттан 2 000 тонна құрылыс қалдығын шығару жұмысы аяқталды. Сонымен қатар терезесі орнатылды.
Нысан функционалдық тұрғыдан үш блокқа – А, В және С блоктарына бөлінген. «А» блогі даму институттарын орналастыруға арналған, оның ішінде «Даму», «Атамекен», «Аграрлық несие корпорациясы», «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және аумақтық ұйымдар қарастырылған. «В» блогінің бірінші қабатында мейрамхана, екінші, үшінші қабатында қонақүй, ал төртінші қабатында аумақтық ұйымдардың кеңсесі орналастырылады. «С» блогі шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған. Бірінші қабатта гипермаркет, ал жоғарғы қабаттарда шағын және орта бизнеске арналған кеңсе мен коммерциялық үй-жайлар орналастырылады.
Жалпы алғанда, Ұлытау облысы инвестициялық әлеуеті жоғары өңір саналады. Инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру - жаңа жұмыс орындарын құруға, өндіріс көлемін арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ұлытау облысы