Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп төңірегіндегі жағдай одан сайын күрделене түсті. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілер анықталмаған.
Ал ауыл тұрғындары қарсы шыққан бұрынғы директор бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«АЖ» Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылы тұрғындарының Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп директорының қызметке қайта оралуына қарсы шыққаны туралы материал жариялаған еді. Онда мектептің бұрынғы директоры Шынар Исатаевадан да пікір алынған, бірақ қосымша сұрақтарға ол жауап бере алмады. Нақтырақ келтірсек, бастапқы сұрақтарға жауап беріп келіп, кейін көлікте келе жатқанын, жанында отбасы барын айтты.
Материал жарияланғаннан кейін Исатаева редакцияға ресми хат жолдап, өз пікірін жариялауды сұрады.
Исатаеваның мәлімдеуінше, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2 және 3-бөліктері бойынша ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Сонымен қатар, ақша жинау фактісі бойынша да тергеу жүргізілмеген және оған қатысты ешқандай іс жоқ. Ол сондай-ақ өзінің күдікті деген мәртебесі жоқ екенін атап айтты.
Одан бөлек, директор 23 жылдық педагогикалық тәжірибесін, оқушылардың республикалық, облыстық және аудандық олимпиадалардағы жеңістерін мысал ретінде келтірді. Ол сот шешімдерін заңды тәртіппен талқылағанын, барлық келіспеушіліктер тек құқықтық алаңда шешілуі керектігін атап өтті.
18 наурызда ол қайта байланысқа шығып, құқықтық статистика және арнайы есеп жүргізу комитетінің департаментіне сұрау жолдағанын хабарлады. Алынған жауапта 2026 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша оның күдікті ретінде танылғаны жөнінде мәліметтердің жоқ екені көрсетілген.
Ал Құрманғазы ауданы прокуратурасы қылмыстық істің бар екенін растады.
Прокуратура деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 27 қазанда мектепте жүргізілген тексерістен кейін ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі — алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Алайда 2025 жылғы 15 желтоқсанда тергеу тоқтатылған.
Соған қарамастан, қадағалау органы бұл істің тоқтатылуы немесе жабылуы дегенді білдірмейтінін нақтылады. Қазіргі уақытта материалдар бойынша тексеріс жалғасуда, оның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша күдікті жоқ. Сондай-ақ Исатаеваға қатысты қандай да бір процессуалдық мәртебе берілмегені және оның күдікті ретінде танылмағаны расталды.
Прокуратураның мәліметінше, өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бөкейхан ауылының тұрғындары Исатаеваны мектеп директоры қызметіне қайта тағайындауға қарсы наразылық акциясын өткізуді жоспарлаған болатын. Ауыл тұрғындарының бірі полиция қауіпсіздік шараларын күшейтіп, митинг өткізу туралы хабарламаға қол қойғандарға ескерту жасағанын айтты.
Нәтижесінде 13 наурызда акция өтпеді. Полиция департаментінде тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгені айтылды.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 11:46