Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде 751,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады, бұл халықтың жалпы санының 3,7%-ын құрайды. Кейінгі жылдары мүгедектікті рәсімдеуге қатысты біраз сын-пікір айтылды. Өңірлерде мүгедектігі бар екенін қағаз жүзінде растауға ақша талап ететіндер бар деседі. Мұндай пікірді бірер адам емес, қиындыққа тап болған ел-жұрттың барлығы айтады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдерін оңтайландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында министрлік медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыруды белсенді жалғастырып жатыр. Мысалы, сырттай проактивті форматты енгізген соң, былтыр 113,1 мың азаматқа мүгедектік автоматты түрде белгіленген. Бұл сан былтыр шығарылған шешімдердің жалпы санының шамамен жартысын құрайды.
«Сараптама жүргізу кезінде деректерді талдаудың цифрлық құралы ретінде жасанды интеллект моделін сынақтан өткізу басталды. Бұл өтініштерді өңдеуді жеделдетуге, адами фактордың әсерін айтарлықтай төмендетуге, сарапшылық шешімдердің объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді А.Ертаев.
Министрлік мүгедектікті белгілеу үдерістерінің толық ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді мақсат етіп отырғаны түсінікті. Сол бағытта денсаулық саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп ақпараттық деректер базаларын интеграциялау жұмысын жүргізуге белсене кіріскен сыңайлы. Есесіне, бастапқы емханалық буын деңгейінде бақылауды күшейіп, негізсіз шешімдер қабылдау фактілерін мүлде болдырмауға мүмкіндік туады. Яғни бұрын ұзаққа созылатын мүгедектікті рәсімдеу секілді қызметтер ашық әрі оңтайлы бола түседі.
Инклюзивті саясаттың тағы бір маңызды индикаторы – кедергісіз орта қалыптастыру. Сандарды сөйлетсек, былтыр елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 27 307 нысан (64%) бейімделген. Биыл инфрақұрылымды бейімдеу деңгейін 80%-ға (34 320 нысан) дейін жеткізу жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нысандарды формалды қабылдау тәжірибесін жою үшін жергілікті атқарушы органдар жұмысының сапасына бақылауды күшейтті. Әйтпесе, осы уақытқа дейін осы санаттағы адамдардың қозғалысын қиындататын бейімдеу элементтері жиі кездесіп келді. Әсіресе өңірлерде арбадағы адамға мүлде жайсыз пандустар, көру қабілеті бұзылған жандарға қолайсыз белгілер әлі көп. Елордада бұл бағыттағы жұмыстарға Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті де қатаң мониторинг жүргізеді. Негізі департамент ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқығын қорғау, қолжетімді кедергісіз орта қалыптастыру, жергілікті атқарушы органдардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелеріне қатысты мемлекеттік бақылауды іске асырады. Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетовтің айтуынша, жыл басынан бері төрт айда департамент Әлеуметтік кодекс талаптарының сақталуына қатысты 17 тексеру жүргізген.
«Таратып айтсақ, жоспардан тыс 8 тексеру, бір мәрте профилактикалық тексеру жүргіздік. Прокуратура органдарымен бірлесіп өткізген 8 тексеру тағы бар. Осы жұмыс барысында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарының 47 бұзушылығы анықталды. Заң бұзушылықтардың 43-і әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз етпеуге қатысты болса, тағы төртеуі заң бұзушылық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелеріне байланысты болды. Анықталған барлық фактіге қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Бұзушылықтар үшін айыппұл салынды», дейді А.Аймағамбетов.
Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде департамент оларды әлеуметтік қорғау саласында анықталған бұзушылықтарды жою туралы 6 нұсқама шығарған. Жалпы сомасы шамамен 2 млн теңгені құрайтын 6 әкімшілік айыппұл салынған. Сол секілді есепті кезеңде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы мәжбүрлеп орындауға қатысты 6 талап арыз жіберілген. Шын мәнінде осындай нақты қадамдар ғана мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғауды қамтамасыз етіп, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары иелерінің жауапкершілігін күшейтуге іс жүзінде ықпал етеді.
Қолжетімді орта қалыптастыруға қатысты үйлескен жұмыстарға қарамастан, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының көптеген нысандары әлі де мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жекелеген санаттарына қолжетімсіз. Астана қаласының өзінде шамадан тыс биік пандустарды айтпағанда, көру қабілеті бұзылған адамдарға кейбір нысандарда мнемосхемалар, ақпараттық көрсеткіштер, тактильді ақпарат құралдары қарастырылмаған. Сонымен қатар санитарлық-тұрмыстық үй-жайларда шұғыл түйменің болмауы, лифтілерде дыбыстық немесе жарық сигналдарының жоқтығы тіркеліпті.
Кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында алға басқаны рас. Сол жоспарға сәйкес, биыл жыл соңына дейін «INVA.gov.kz» порталының қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген әлеуметтік маңызы бар нысандардың бейімделу деңгейі жалпы нысандар санының 80%-ын құрауға тиіс. Бүгінде жүйеге Астана қаласының әлеуметтік инфрақұрылымының 2143 нысаны енгізілген. Оның ішінде 1435 нысан бейімделген. Бұл шамамен
67%-ды құрайды. Жоспарды орындау үшін жыл соңына дейін қаладағы 1714 нысанды бейімдеу қажет.
Биыл 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексінің 135-бабының нормасы күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік талаптарына сәйкестігін растау функциясы жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі. Жалпы, министрлік мүгедектігі бар адамдарды сапалы оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге де барынша көңіл бөледі.
Былтыр жыл қорытындысында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарымен, қызметтермен қамтамасыз етуге қатысты 570,8 мың іс-шара іске асты. Осының ішінде көру, есту қабілеті төмен пайдаланушыларға бейімделген Aleumet мобильді қосымшасы енгізілгенін де айта кеткеніміз жөн. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту мақсатындағы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлескен жоба оң нәтиже көрсеткен. 508 бала инновациялық құралдармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 361 балада оң динамика тіркеліп, 23 бала өзі жүре бастаған.
Мүгедектігі бар адамдарды экономикаға тарту аясында биыл жұмыс берушілерге жұмыс орындарының квоталарын белгілеу, бақылау үдерісі толығымен автоматтандырылады. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жүйесін трансформациялау жұмысы да жалғасады. Күтімнің сапасын қамтамасыз ететін міндетті лицензиялау енгізілген. Елімізде қазір 603 осындай лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Бұл бағытта жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігіне көшу қадамы мемлекеттік қызметтерді нақты алушыға нақты қызмет көрсету фактісімен қатаң түрде төлейтініне кепілдік береді.
Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қолдаулар бір бағытта емес, жан-жақты болғаны дұрыс. Сонда ерекше қабілетті азаматтарға ашық, әділ әрі тиімді жүйе қалыптасады. Жалпы алғанда, қыруар жұмыстың барлығы тек заңнама талабының, қандай да бір жоспардың орындалғанын емес, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің қай деңгейде екенін көрсетеді.