Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Суреттерді түсірген – Юрий Беккер
Суретші-иллюстратор, дизайнер, театр костюмдерінің суретшісі, авторлық қуыршақтар шебері Гүлфарида Жаниярова – Қазақстан Суретшілер одағының және Халықаралық авторлық қуыршақ ұйымының мүшесі. Ол – осы беделді халықаралық ұйымның құрамына қабылданған елімізден шыққан тұңғыш шебер. Жылдар бойы театр сахнасында жинақталған тәжірибе оның шығармашылық қолтаңбасын айқындап, көркем образ жасау мәдениетін жаңа деңгейге көтерген.
Экспозицияға қойылған елу кескіндеме туындысы мен жиырма авторлық қуыршақ суретшінің ішкі дүниесін тұтас бір көркем әлем ретінде танытады. Мұнда гүлдердің әсемдігі, жануарлар әлемінің тылсым сұлулығы, қазақы дүниетаным мен ұлттық нақыш өзара үйлесім тапқан. «Калла гүл-дері», «Қызыл тұңғиықтар», «Қызыл раушандар», «Сары ирис гүлдері», «Күнбағыстар» туындыларында бояулардың қанық үйлесімі мен сәндік шешімдер арқылы суретшінің өмірге деген сүйіспеншілігі мен сұлулыққа іңкәрлігі айқын сезіледі.
Автор қолтаңбасынан туған әрбір қуыршақтың өз болмысы, өз мінезі бар. Кейіпкерлер жанарынан жылылық, шебердің композициялық шешімдерінен театр суретшісінің кәсіби машығы аңғарылады. Бұл туындыларда қиял мен шынайылық, ертегі мен өмір өзара астасып жатыр.
«Көрмемді «Менің ғажайып әлемім» деп атауымның сыры тереңде. Мені бала кезден табиғат пен жануарлар әлемінің алуан түрлілігі таңғалдыратын. Өмірде адамдар да, өнерде суретшілер де әртүрлі. Бірі Франсиско Гойя секілді трагедиялық қара түстерге бой алдырса, енді бірі өмірді пәк жүрекпен қабылдайтын наивті бағытты серік етеді. Ал менің шығармашылығымның өзегі – жануарларға деген шексіз махаббат. Маған олар адаммен бірге өмір сүру үшін жаралған, тек тілі жоқ тіршілік иелері сияқты көрінеді. Тіпті «Қызыл кітапқа» енген сауытты мүйізтұмсықтарды бейнелеу үшін грек жаңғағы мен моншақтарды қолданып, ерекше декоративті стиль қалыптастырдым. Мен үшін өнер – көне қобыздың үні сияқты адам жанын ерекше күйге бөлейтін, өз ішімде тұнған ғажайып әлем», дейді суретші.
Шынында да, бұл көрме өмірдің жарық бояуларын жоғалтпай, сұлулықты қарапайым дүниеден іздеуге үндейді. Кенептегі алуан гүлдер көрермен жан дүниесіне жылылық ұялатып, мейірім мен үйлесімнің қадірін сезіндіреді.
АЛМАТЫ