Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ол Кентау қаласындағы Б.Момышұлы атындағы № 12 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұстаз шәкірттеріне асық ойынының сан алуан әдіс-тәсілдерін үйретіп, ұлттық спорттың құндылығын насихаттап келеді.
Фото: Сәбит Тастанбек / KazinformКентаулық мұғалімнің шеберлік сабағы облыс деңгейінде үздік деп танылып, жоғары бағаланған. Ол «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде «Әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық» аталымы бойынша жүлделі І орынды иеленді.
Қазіргі таңда оның асық ойынын дамытуға арналған әдістемесі қала мектептері мен балабақшаларында кеңінен қолданылып, оң нәтижесін беріп жүр.
Фото: Сәбит Тастанбек / KazinformРаушан Абайқызының айтуынша, асық ойыны баланы ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа және сергектікке баулиды. Әсіресе көпшілік болып ойналатын түрлері балалардың намысын оятып, жеңіске деген құлшынысын арттырады.
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform— Асық ойынының ежелден келе жатқан ұлттық құндылық екеніне дәлел өте көп. Әсіресе ауыз әдебиеті мен фольклорлық мұраларымызда бұл айқын көрінеді. «Асығың алшысынан түссін» деген қазақи тілек алғашында ойынға байланысты айтылса, кейін кең мағынадағы ізгі ниетке айналған. Асық ойындарының тәрбиелік мәні ерекше. Соның бірі — бестемше ойыны. Бұл мазмұны жағынан тоғызқұмалақ ойынына ұқсас. Ойынның осы түрін асық пайдаланып та ойнатуға болады. Мұнда жалпы 50 асық қолданылады, әр ойыншыда 25 асықтан болады. Ойын барысында асықтар отауларға бөлініп салынады, ал соңында кім көп асық жинаса, сол жеңімпаз атанады, — дейді ұстаз.
Раушан Қалыбаева асық ойнау тек дене қимылын ғана емес, баланың ойлау қабілетін де дамытатынын атап өтті. Оның сөзінше, асық арқылы балалардың дүниетанымы кеңейіп, ми қызметі белсенді жұмыс істейді.
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform— Мысалы, біз асықты есепшот арқылы да қолданамыз. Қызыл, жасыл, қара, көк, сары, қоңыр түстерді балалар екі-үш жасынан бастап ажырата алады. Әр бала өз асығының санын тез анықтауды үйренеді. Бұл — санауға үйретудің тиімді тәсілі. Асықтар арқылы балалар математикалық дағдыларын ерте жастан қалыптастырады. Оларды тізу, санау, ұпай есептеу барысында баланың есепке бейімділігі артады, — дейді ол.
Ұлттық спортты ұлықтап жүрген ұстаз асықпен түрлі логикалық ойындарды ұйымдастыруды қолға алған. Мысалы, асықтарды тақтаға немесе табаққа орналастырып, белгілі бір ережемен қозғалту арқылы баланың логикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік бар.
Фото: Сәбит Тастанбек / KazinformФото Раушан Қалыбаеваның жеке архивінен— Тағы бір әдіс — асықтарды бояп, оларды дойбы тәрізді ойынға бейімдеу. Асықтарды ақ және қара түске бояп, балалар дойбы ойнағандай ойнай алады. Бұл тәсіл түстерді ажыратуға және ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Жасырары жоқ, бүгінде қалада асық ойынын білмейтін балалар көп. Ал бұрын әр баланың өз сақасы болған. Оны ерекше етіп бояп, дайындаған. Асық ойындары баланың логикалық ойлауын ғана емес, саусақ моторикасын да дамытады. Сонымен қатар математика, еңбек және бейнелеу өнері пәндерімен де тығыз байланысты, — дейді ұстаз.
Раушан Абайқызы ұлттық ойынның маңызын айта отырып, өз ұсынысын да білдірді.
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform— Бала кезімізде «сақадай сай» деген тіркесті жиі еститінбіз, бұл халқымыздың асыққа деген құрметін білдіреді. Соңғы жылдары асық ойыны мемлекеттік қолдауға ие болып, мәртебесі артып келеді. Елімізде асық атудан жарыстар мен чемпионаттар ұйымдастырылып жатыр. Бұл — қуантарлық жайт. Қазіргі таңда мектептерде дене шынықтыру пәніне аптасына екі сағат бөлінген, ал қосымша бір сағат спорттық ойындарға беріледі. Менің ұсынысым — осы факультатив сабақты ұлттық спорт ретінде енгізу. Сонда біз асық ату өнерін тереңірек әрі жүйелі түрде үйрете алар едік, — дейді ол.
Бұдан бұрын ауыл мұғалімі 1500-ден астам асықтан торсық жасап шыққанын жазған едік.
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform