Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнер шеберлерінің басын қосты. Олар тек өз туындыларын паш етіп қана қоймай, көне өнердің қыр-сырымен бөлісті. Фестивальге келушілер киіз басу, ұршық иіру, көрпе тігу, қыш құю және зергерлік бұйымдар жасауды үйреніп, түтінмен сурет салу сынды сирек кездесетін әдістермен танысты.
Фото: Александр Павский / KazinformҚызылорда облысының тумасы Роза Үйсінбаева қазақ кілемінің түрлері мен оны тоқудың ерекшеліктерін айтып берді.
Фото: Александр Павский / Kazinform— Кілемнің тықыр және түкті деген екі түрі болады. Он жасымнан бастап тоқып келе жатқандықтан, екі түрін де меңгергенмін. Техникасы жағынан тықыр кілем гобеленге ұқсайды, сондықтан көбі оны ажырата алмай жатады. Оның негізі мақта жіптен жасалса, оюлары боялған қой жүнінен тоқылады. Ұзындығы 2,5–4,5 метрлік бір кілемді бітіруге шамамен екі ай уақыт кетеді. Оған 15–16 келі өрнекті жіп пен 5 келідей мақта жұмсалады, — деді ол.
Роза Үйсінбаеваның айтуынша, жұмыс қарқыны жіптің жуан-жіңішкелігіне де байланысты. Жуан жіппен жұмыс тез бітсе, жіңішке жіп көп уақытты талап етеді. Кілемдердің бағасы күрделілігі мен көлеміне қарай 50 мыңнан 250 мың теңгеге дейін барады.
Фото: Александр Павский / KazinformКөрмеде тараздық шеберлер де киіз басудың құрғақ және сулы әдістерін көрсетті. Қолөнершілердің айтуынша, құрғақ әдіс өте қарапайым: жүн талшықтарын қажетті өрнекке сай жинап, арнайы инемен қайта-қайта түйрейді. Осылайша киім-кешек, сөмкеден бастап, кілем мен ойыншыққа дейін жасауға болады.
Фото: Александр Павский / KazinformАл киізді сумен басу ұжымдық жұмысты қажет етеді. Раушан Иманалы қазақ халқының бұл кәсіпке деген ерекше құрметін атап өтті.
— Киіз басуда жүннің екі түрі — түтілген және суырылған жүн қолданылады. Суырылған жүннен астыңғы негізін жасап, үстіне «талдырма» деп аталатын арнайы қабат саламыз. Ою-өрнектер осы талдырмадан ойылады. Қазір біз «Дала оюлары» атты шағын экспозиция жасап жатырмыз. Жүннің бір бөлігін запыранмен, ал астыңғы қабатын пияздың қабығы сияқты табиғи бояулармен боядық. Мұнда тек табиғи шикізат пен қоспалар пайдаланылады, — деді шебер.
Айтуынша, қазақ халқы киіздің қалың түрін — киіз үйді жабуға, ал жұқа түрін киім тігуге пайдаланған. Сондай-ақ киіз үйдің еденіне текемет төселіп, қабырғасына оюлы тұскиіздер ілінген.
Фото: Александр Павский / KazinformФестиваль барысында дизайнерлер орталығының мүшесі Айтжамал Тұрысбекқызы біз кесте — қазақтың дәстүрлі кестелеу өнерінен сабақ берді.
Фото: Александр Павский / KazinformОл мата бетіне жүн, жібек және синтетикалық жіптермен өрнек салудың жолдарын көрсетті.
Фото: Александр Павский / KazinformФото: Александр Павский / Kazinform— Біз кесте — ұлттық қолөнеріміздің асыл қазынасы. Бұл өнер ұмытылмауы үшін мен шеберлік сабақтарын өткізіп, жастарға үйретіп жүрмін. Шәкірттерімнің қолынан шыққан бұйымдар тіпті шетелдерде сатылып жатыр. Ең бастысы — осы кәсіпті қайта жаңғырту. Қарап тұрсаңыз, қолмен тігілген кесте машинамен жасалғаннан әлдеқайда көркем, — деді ол.
Тараздық шебер Гүлмира Тоқабаева ұршық иіру өнерін таныстырды. Ол ұршық жүнді иіріп, жіпке айналдыруға арналған ыңғайлы құрал екенін түсіндірді.
Фото: Александр Павский / Kazinform— Ата-баба мұрасын жалғап жүргеніме қуаныштымын. Бұл ұршық маған енемнен қалған. Ол кісі 92 жасында дүниеден озды, мен оның аманатын сақтап, ісін алға жалғап келемін. Енем осы ұршықпен жіп иіріп, одан түрлі бұйымдар тоқитын, — деді Гүлмира Тоқабаева.
Фестивал алғаш рет ҚР Ұлттық музейі, Алматы қаласының туризм басқармасы және Этнодизайнерлер одағының бастамасымен ұйымдастырылды.
Фото: Александр Павский / KazinformІс-шараның басты бағыттарының бірі — World Craft Cities (Дүниежүзілік қолөнер қалалары) мәртебесіне ие қалалардың таныстырылымы болды: Тараз — киіз басу, Түркістан — қыш өнері, ал Алматы — зергерлік шеберлігімен ерекшеленді.
Фото: Александр Павский / KazinformҰйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — ұлттық мұраны заман талабына сай жаңғырту және көшпелілер мәдениетін халықаралық деңгейде дәріптеу.
Еске салайық, бұған дейін Түркістандағы Қолөнершілер орталығы қалай жұмыс істеп тұрғанын жазғанбыз.