Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Желіде тараған кадрларда өнер иесі кірпіден сорпа қайнатып, кейін камера алдында дәмін татып көреді әрі сорпаның денсаулыққа пайдалы екенін, әсіресе асқазанға шипа екенін айтады. Кірпі еті расымен де пайдалы ма? Бұған нақты ғылыми дәлелдер бар ма?
Адал мен арамның аражігін ажыратып қана ас жейтін халқымыз кейінгі кездері жалған ақпарат пен жарнаманың құрбанына айналып, нені ем десе, соны алатыны өтірік емес. Небір шөп, биологиялық қоспаны былай қойғанда, жабайы жануардың етін де пайдалы деп сенетіндер бар. Бұл жағдайлар бұрын да болған. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде де кірпі еті ем деп саудалағандар көп. Халық соған сеніп, кірпі етінен дайындалған 1 литр сорпаны кемі 15 мың теңгеге сатып алған еді. Халық арасында кірпі еті өкпені, асқазан жарасын емдейді, инфекцияны жояды, иммунитетті күшейтеді деген сенім бар. Қанын ыстықтай бетке жақса, сепкіл мен қара дақты кетіреді дейді, алайда мамандар кірпі етінің ем екеніне күмәнмен қарайды. Керісінше, кірпі адамға энцефалит, пироплазмоз, туляремия сынды қауіпті ауру жұқтыруы мүмкін. Жабайы кірпінің еті мен қанын азыққа пайдалану ауыр инфекциялар мен зоонозды (малда және адамда кездесетін жұқпалы аурулар) дерттерді тудырады. Коронавирустың Қытайда жарқанат жеуден басталғанын еске алсақ, кірпінің еті де ауыр кеселдердің пайда болуына әкелуі ғажап емес. Сол себепті халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары да кірпі етін жеуді адасу әрі денсаулыққа үлкен қауіп деп ескертеді.
Тағы бір ескеретін жайт, миллиондаған оқырманы бар танымал адамдардың «кірпі еті ем» деп видео жариялауы өзге адамдарды, әсіресе ауыл тұрғындарының жабайы жануарларды жаппай аулауына итермелейді. Оның үстіне 2022 жылы елімізде жануарларға қатыгездік жасау бойынша заңнама күшейтілді. Жануарды өлтіру, жаралау немесе оны әлеуметтік желіде насихаттау, видеоға түсіріп тарату үшін айыппұл салудан бастап түзеу жұмыстарына немесе қамауға алуға дейінгі қылмыстық жауапкершілікті қарастырылады. Табиғаттағы кірпіні рұқсатсыз аулап, жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Бұл енді бөлек әңгіме.
Халық неліктен сенеді?
Қазақтың және Орталық Азия елдерінің халықтық медицинасында да кірпі етінің ем екеніне қатысты сенім болған. Жұрт неліктен кірпі етін ежелден пайдалы деп ойлайды? Бұған бір түркі болған жайт – «Кірпі етінде адам ағзасындағы қатерлі өскінді жоятын қасиет бар» деген Ибн Синаның болжамы. Алайда ғалым жабайы кірпінің етін меңземеген еді, емге негізінен шипалы өсімдіктірмен қоректенген, арнайы өсірілген кірпілерді қолдануды ескерткен. Сонымен қатар кірпі майын, етін ем ретінде қолданудың ерекше тәсілін ұсынған, кірпі тікеніндегі уды залалсыздандырудың да жолы болған екен. Сонда ғана денсаулыққа оң әсері тиюі мүмкін, оның өзінде кірпі етін дұрыс қайнатпағаннан сары безгек, сальмонеллез ауруы тараған оқиғалар жиі кездескен. Кірпі етінің пайдасы бар-жоғына нақты көз жеткізу үшін Астана медицина университеті базасындағы академик Е.Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының Саламатты өмір салты орталығының басшысы Шахрух Нажимовқа хабарласқан едік. Оның айтуынша, кірпі етіне тән арнайы емдік әсерді дәлелдеген клиникалық зерттеу жоқ.
– Кірпі етінің қауіпсіз дозасы, стандартталған құрамы және белгілі бір ауруға әсер ету механизмі де белгіленбеген. Тағам ретінде кез келген сүтқоректі еті сияқты ақуыз, май және кейбір микроэлементтер беруі ықтимал, алайда кірпі етіне ғана тән ерекше қоректік артықшылық дәлелденбеген. Ал кірпі сорпасына келер болсақ, жылы сұйықтық су мен энергия беріп, жайсыздықты уақытша жеңілдетуі мүмкін. Мұндай әсер кез келген сорпада бар және аурудың себебін емдемейді. Кірпі еті ақуыз бен энергия бере алады, бірақ кәдімгі етке ортақ қасиет және емдік артықшылық бола алмайды, – дейді орталық басшысы.
Шахрух мырзаның айтуынша, кірпі етінің өкпе, бронхит пен астманы емдеуде пайдасы жөнінде дәлел жоқ. Кірпі еті тыныс жолдарының қабынуын емдемейді және дәрігер тағайындаған емді алмастырмайды. Туберкулезді де емдемейді, керісінше, халықтық тәсілдің емді кешіктіріп, ауруды асқындыру қаупі жоғары. Асқазан жарасына да ем бола алмайды, иммунитетті күшейтеді деуге де еш дәлел жоқ. Маман халық кірпі етін неліктен пайдалы деп ойлайтынын түсіндіріп берді.
– Кірпі етін жекелеген өңірлерде пайдаланғаны туралы деректер бар, бірақ оны бүкіл қазақ халқына ортақ, кең тараған ем дәстүрі деу дұрыс емес. Қазақстанның оңтүстігінде кірпі етін «өкпеге ем» деп іздеген адамдар туралы БАҚ-та жарияланған материалдар кездеседі. Бұл деректер тәжірибенің болғанын көрсетеді, алайда оның тиімділігін дәлелдемейді. Халық ата-баба тәжірибесіне сенеді, әсіресе Ибн Синаның болжамына сілтеме кейде ғылыми тексеруден де жоғары қойылады. Сонымен қатар ел түсінігінде кірпінің қыстан аман шығуы, жыланнан мықтылығы, табиғатта бейімділігіне қарап, оның күші адамға өтеді деген наным бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, кейде жеңіл вирустық инфекция бірнеше күнде өздігінен басылса да, адамдар сол уақытта ішкен сорпаның әсері деп ойлайды. XVI ғасырдағы «Дәстүр әл-илаж» («Емдеу дәстүрі») медициналық трактатында дала медицинасында жануар мүшелерін қолдану, соның ішінде кірпінің өті туралы жазылған. Орталық Азиядағы этнографиялық жазбаларда қырғыздар мен өзбектердің кірпі сорпасын өкпе, асқазан, бедеулік және басқа ауруларға қолданғаны сипатталған екен, алайда бұл еттің тиімділігіне клиникалық дәлел емес.
Кірпі етінің қаупі
Кірпі сырт көзге бір қарағанда, сау көрінгенімен, сальмонелла бактериясын тасымалдауы мүмкін. Мұндайда адамда іш өту, құсу, қызба, іштің ауруы, ауыр жағдайда сепсис туындауы мүмкін. Шахрух Нажимовтың ескертуінше, trichinella дернәсілдері (трихинеллез ауруын тудыратын өте ұсақ жұмыр құрттар) кей жабайы сүтқоректілердің, соның ішінде кірпілердің бұлшықетінде кездесуі мүмкін. Аурудың белгілеріне қызба, бұлшықет ауыруы, бет пен қабақтың ісінуі жатады және ауыр жағдайда жүрек немесе жүйке жүйесі зақымданады. Кірпіні ұстау және сою кезінде дерматофиттерді, сoxiella, мycobacterium және басқа қоздырғыштарды тасымалдауы мүмкін, тіпті үстіндегі кенелер де қауіп тудырады. Қауіпті қоздырғыштар асүйдегі өзге де құралдарға, пышақ, тақтай, басқа тағамдарға да жұғуы мүмкін. Ең қауіптісі, астма, туберкулез, пневмония немесе асқазан жарасын халықтық тәсілмен емдеуге тырысамын деп, тиімді емді кешіктіріп алып, өкініп қалып жүрмеңіз. Әсіресе асқазан жарасы бар адамның иммунитеті мен асқазанның қорғаныс жүйесі әлсіз болғандықтан, бактериялар ағзаға тез тарап, ауыр токсикалық шок тудырады. Кірпілер табиғатта улы жәндіктерді, саңырауқұлақтарды, тіпті жыландарды жей береді. Олардың ағзасында жиналған токсиндер қайнатқанда сорпаға шығады. Қабынған асқазан мұндай улы заттарды тез сіңіріп алады. Улы сорпа ішкенде, ауыр құсу мен диарея басталып, асқазан жарасы бар науқас ағзаның сусыздануынан есінен тануы да мүмкін.
Кірпі етін мұздату, тұздау, кептіру немесе қақтау жабайы еттегі trichinella дернәсілдерін сенімді түрде жоймайды. Толық пісіру кей қауіпті азайтқанымен, ұстау мен сою кезінде қоздырғыштар бәрібір жұғып кетеді, ал ветеринариялық тексерусіз келген етті тұтыну өміріңіз үшін қатерге барумен бірдей. Кірпі етін жегеннен немесе ұстағаннан кейін іш өту, құсу, қызба, қатты бұлшықет ауыруы, бөртпе не бет-қабақ ісінуі байқалса, тез арада дәрігерге барып, медициналық көмек алу қажет. Қысқасын айтқанда, ауруды халықтық тәсілмен алмастырмай, диагноз бен емді медицина маманымен бірге таңдаған дұрыс.
Айсұлу СЪЕЗХАН