Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың айтуынша, «Кітап оқитын ұлт» зияткерлік-ағартушылық жобасы аясында бірнеше мақсат көзделген. Біріншіден, өңірде кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыруға басымдық беріледі. Екіншіден, білімге құштар қоғамды дамытуға назар аударылады. Үшіншіден, мемлекеттік және білім мекемелерін, мәдениет ошақтары мен азаматтық қоғамды кітап оқу жобасына атсалысуға бұру жоспарланыпты.
«Кітап оқу ұлттың рухани, интеллектуалдық әлеуетін арттырады. Сондықтан қолға алынып отырған бұл жоба – өңірдің рухани әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Мұндай бастама қоғамда білім мен мәдениетке деген құрметті нығайтып, кітап оқуды өмір салтына айналдыруға мүмкіндік береді», дейді Д.Шамұратов.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошевтың дерегіне қарағанда, аталған жоба өткен жылы Қостанай, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында қанатқақты режімде сынақтан өткен. Енді жинақталған тәжірибе негізінде жоба тетіктері жетілдіріледі.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанды әлемдегі кітапты ең көп оқитын 10 мемлекеттің қатарына енгізу. Бала кезден кітапты тұрақты оқу дағдысы қалыптасса, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтеріп, рухани құндылықтарды нығайта аламыз», дейді А.Сақошев.
Әкім орынбасарының пікірінше, өңірде осы кезге дейін кітап оқуды насихаттайтын бірнеше жоба жүзеге асырылған. Енді қаржыландыру, жобалық кеңсе құру мәселесі шешімін табады. Жобаның жұмысын үйлестіру үшін облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылады. Кеңсенің үйлестірушілері жеті бағыт бойынша облыстық білім, мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат басқармаларымен бірлескен жұмысты ұйымдастырады.
Аталған жобаға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова қолдау көрсеткелі отыр. Қазір мұнда кітап оқуға құмар студенттерді ынталандыру шаралары қолға алыныпты.
«Университетте кітап оқитын студенттерді ынталандырып келеміз. Енді «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасының жеңімпаздары үшін үш білім грантын ұсынамыз. Бірінші, екінші және үшінші орын иегерлеріне тегін жоғары білім алуына мүмкіндік беруге дайынбыз. Бұл кітап оқуға, рухани кемелденуге құштар жастарды қолдаудың нақты көрінісі болады», дейді Г.Шакуликова.
Атырау облысы