Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Бұл туралы Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің саясат жөніндегі кеңесшісі, 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рэ Квон Чуң JJ Studio алаңына берген сұхбатында тарқатып айтты.
— Өңірлік экологиялық саммиттен қандай үміт күтесіз? Оның маңызы неде деп ойлайсыз?
— Бұл саммиттен үлкен үміт күтемін. Себебі Орталық Азия тарихында алғаш рет мемлекет басшылары саммит деңгейінде бас қосып, экология мен климат мәселелері бойынша бірлескен іс-қимылға бағытталған өңірлік ынтымақтастыққа келіспек.
Бұл — Орталық Азия елдерінің болашағы үшін аса маңызды, өйткені климаттың әсері барған сайын күшейіп келеді. Сондықтан бұл — тарихи маңызы зор сәт. Мен Қазақстан Үкіметінің көшбасшылық рөлін жоғары бағалаймын.
— Сіз «жасыл өсім» концепциясының авторысыз. Орталық Азия елдері бұл идеяны қалай пайдалана алады? Өздеріңіз білесіздер, бұл аймақ елдері көбіне мұнайға тәуелді, су ресурстары да шектеулі. Осындай жағдайда бұл тұжырымдаманы қалай қолдануға болады деп ойлайсыз?
— Мен «жасыл экономикалық өсім» идеясын 2005 жылдан бастап, Бангкоктағы БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы аясында ұсындым. Негізгі ұстанымым — климаттық дағдарысты қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастыру. Себебі дұрыс саясат жүргізілсе, кез келген дағдарысты экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын ашудың көзіне айналдыруға болады. Көпшілік экологияны экономикаға салмақ деп қабылдайды. Алайда шын мәнінде бұл — инвестиция, жаңа нарық пен өндіріс үшін үлкен мүмкіндік. Қазір дәстүрлі салаларда өсім шектеулі, ал экология мен климат — жаңа бағыт, жаңа даму нүктесі. Сондықтан «жасыл өсім» — экономиканың жаңа драйверіне айнала алады. Бірақ оны жүзеге асыру үшін жаңа тәсіл мен жаңа ойлау жүйесі қажет.
— Демек «жасыл өсім» қағидатын ұстансақ, экономикалық әлеуеттен айырылып қаламыз деген қорқыныш негізсіз ғой?
— «Жасыл өсім» моделін жүзеге асыру үшін ең алдымен мемлекеттік деңгейдегі көшбасшылық қажет. Өйткені қысқа мерзімде бұл сала үлкен пайда әкелмейді, сондықтан инвестиция тартуда үкіметтің рөлі шешуші. Ал ұзақ мерзімде экология мен климат саласы экономикалық өсімнің жаңа драйверіне айнала алады. Мұның айқын мысалы — Қытай: мемлекет қолдауының арқасында ол климаттық технологиялар бойынша әлемдік көшбасшыға айналды. Ал Орталық Азия елдері үшін бірлескен әрекет аса маңызды. Жеке-жеке қимылдау жеткіліксіз, өңірлік ынтымақтастық қажет. Сонымен қатар мемлекеттік саясаттың өзі жеткіліксіз. Жасыл экономиканы дамыту үшін бизнес пен қоғам белсенді қатысуы керек. Негізгі рөл — тұтынушыларда: егер олар экологиялық таза өнімдерді таңдаса, нарық та соған бейімделеді. Осыған байланысты «бәрі өзіңнен басталады» қағидасы маңызды. Әр адам сырттай бақылаушы болмай, жауапкершілікті бөлісуі тиіс. Экологиялық таза өнім қымбатырақ болса да, саналы түрде соны таңдауға дайын болу қажет. Қорытындылай айтқанда, үкімет, бизнес және қоғам бірлесіп әрекет еткенде ғана жасыл экономика тиімді дамиды.
— Ал қарашада өтетін БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясының маңызы неде?
— Мен бұл конференцияларға 1995 жылдан бері қатысып келемін. Бірақ бүгінгі тәсілдің шектеулі екенін көріп отырмыз: негізгі назар үкіметтер белгілейтін мақсаттарға ғана аударылады, ал бизнес пен қоғам бұл үдерістен көбіне тыс қалып қояды. Соның салдарынан нақты нәтиже әлсіз — көмірқышқыл газы азаймай отыр, ал мақсат пен іс-қимыл сәйкес келмейді. Сондықтан тек жоғарыдан басқарылатын тәсіл жеткіліксіз. Бізге бизнес пен азаматтар белсенді араласатын жаңа модель қажет. Сонымен қатар баға саясатын өзгерту маңызды: қазір көмір сияқты қазба отындары арзан болғандықтан, тұтыну жалғаса береді. Егер өзгеріс керек болса, бағаға әсер етіп, көміртек салығын кезең-кезеңімен енгізу қажет. Тағы бір маңызды үрдіс — көміртексіз өнімдерге жоғары баға төлеуге дайын тұтынушылар саны артып келеді. Бұл бизнес үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан жасыл энергия мен қазба отындарының бағасын нақты ажырату қажет.
— Бұл идеяны Қазақстанда тиімді жүзеге асыру мүмкін бе?
— Иә, мәселе — баға айырмашылығында. Жасыл энергия қымбатырақ болуы мүмкін, бірақ 5-10% тұтынушы оны таңдауға дайын. Бұл — бизнес үшін де үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар көпшілік ойлағандай, жаңа технология міндетті емес. Қажетті шешімдер қазірдің өзінде бар. Мәселе — олардың нарықта қабылдануында.
— Көмір мен мұнайға тәуелді Қазақстан үшін бұл қаншалықты жарамды?
— Мен Қазақстан университеттерінде жиі дәріс оқимын. Студенттердің көбі экологиялық таза өнімдерді, тіпті қымбатырақ болса да, таңдауға дайын екенін айтады. Мысалы, Coca-Cola өнімін көміртексіз етіп, сәл қымбаттатса, оны сатып алуға дайын екенін білдіргендер көп. Бұл — «бәрі өзіңнен басталады» қағидасының көрінісі. Жас буын дайын, енді соны қолдау қажет. Сондықтан энергия бағасын саралап белгілеу керек: жасыл энергия қымбатырақ, қазба отыны арзанырақ болуы мүмкін. Таңдау тұтынушыда қалады. Бірақ экологиялық таза энергияны таңдауға дайын адамдар саны артып келеді — бұл үлкен мүмкіндік.
Айта кетейік, Әзербайжан Премьер-министрі Әли Асадов Қазақстанның бастамасымен БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құру ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.