Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Көкшетауда жанармай сапасына қатысты дау туындады. Зеренді тасжолына шығар тұстағы жанармай бекеттерінің бірінен бензин құйған 15-ке жуық автокөлік жол үстінде бірден істен шыққан. Мамандар жанармайдан су мен бөгде қоспаларды анықтаған. Ал жүргізушілерге көліктерін жөндету үшін қомақты қаражат қажет болуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға туралы әлеуметтік желілер желдей есті. Деректерге сүйенсек, бірнеше жүргізуші Көкшетаудан Зеренді тасжолы бағытына шығар тұстағы бір жанармай бекетінен отын құйғаннан кейін күтпеген жағдайға тап болған. Көліктері жол үстінде бірінен соң бірі тоқтап, кейбір жүргізушілер қалаға дейін жаяу баруға мәжбүр болған.
Жанармай бекетінің басшылығы оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Ал Көкшетау қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі зардап шеккен көліктердің барлығы техникалық қызмет көрсету стансаларына жіберілгенін хабарлады. Онда мамандар отын жүйесін тазалап, көліктердің техникалық жағдайын тексеруге тиіс. Бұған қоса, автокөлік иелеріне жанармай бекеті тарапынан келтірілген шығынды өтеуге кепілдік беретін хаттар табысталған.
Сапасыз отынның салдарын жоюға тура келген мамандардың бірі техник-механик Евгений Мурыгин. Оның айтуынша, зардап шеккен көліктердің қатарында өзі жұмыс істейтін серіктестіктің автокөлігі де бар. Жанармайды тексеру кезінде одан бөгде қоспалар мен су анықталған. Маманның сөзінше, мұндай жағдайдың салдары әр көлікте әртүрлі болуы мүмкін. Бірінің қозғалтқышы жанармай құйғаннан кейін бірден тоқтаса, енді бірінде ақау біраз жол жүрген соң байқалады.
– Жүргізушілер үшін салдары өте ауыр болды. Жөндеу құны қымбатқа түсуі мүмкін. Тіпті, қозғалтқыш пен отын жүйесін күрделі жөндеуге дейін баруы ықтимал. Біреудің көлігі бірден тоқтаса, енді бірінде ақау белгілі бір қашықтық жүргеннен кейін анықталады, – дейді Евгений Мурыгин.
Әзірге жанармайға су мен бөгде қоспалардың нақты қай кезеңде түскенін анықталмай отыр. Өйткені отынның өндірілген сәтінен бастап тасымалдануы мен сатылуына дейінгі бүкіл тізбекті тексеру қажет. Мамандардың пайымынша, мәселе делдалдар деңгейінде туындауы мүмкін. Сонымен қатар күзгі кезеңде ауа температурасы күрт өзгерген кезде жанармай сақталатын цистерналарда конденсат жиналып, оның отынға араласу ықтималдығы да жоққа шығарылмайды. Дегенмен бұл болжамдардың ешқайсысы әзірге оқиғаның нақты себебі ретінде ресми расталған жоқ.
Тағы бір назар аударарлық жайт зардап шеккендердің саны 15 көлікпен шектелмеуі мүмкін. Алайда жанармайды дәл осы бекеттен сатып алғанын растай алған жүргізушілердің саны шамамен 15 адамға жеткен.
Айта кетейік, биыл тамызда Қазақстанның Сауда министрлігі бензин сапасын өндірістен бастап соңғы тұтынушыға сатуға дейінгі барлық кезеңде тексеру басталғанын хабарлаған. Бұған автокөлік иелерінің сапасыз жанармайға қатысты шағымдары себеп болған еді.
Көкшетаудағы оқиға да жанармай сапасын бақылау, сатушылардың жауапкершілігі және тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Енді жүргізушілерді мазалайтын басты сұрақ көліктерге келтірілген шығын толық өтеле ме және жанармайдың сапасыз болуына нақты не себеп болған? Бұл сауалдарға жауап беру үшін тиісті тексерудің нәтижесі мен жауапты тараптардың ресми түсініктемесі қажет.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы