Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Көкшетаулық отбасы Бурабай көлдерінде демалғаннан кейін денелеріне бөртпе шыққанына шағымданды. Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдірді - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Көкшетаулық отбасы Бурабай көлдерінде демалғаннан кейін денелеріне бөртпе шыққанына шағымданды. Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдірді - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?Танымал әлеуметтік желіде Көкшетау тұрғынының жазбасы қолданушылардың назарын аударды. Автордың айтуынша, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдеріне барғаннан кейін оның отбасы мүшелері тері ауруларына шалдыққан.
"Бәрінен де кішкентай ұлым қатты зардап шекті – қазір дәрігерлердің нұсқауымен буллезді дерматитті емдеп жатырмыз. Дерматологтың тексеру қорытындысы, үзінді көшірмелер мен тағайындалған ем-дом бар. Осыған ұқсас белгілер анамда, әкемде және әжемде де пайда болды. Айта кететін жайт, анам тек Үлкен Шабақты көліне шомылды, Бурабайға мүлдем түскен жоқ", – деп жазды ол.
Автор аурудың нақты себебін білмейтінін баса айтады. Бірақ демалыстан соң бірнеше туысында бірдей белгі болғаны оны күмәндандырған.
"Жергілікті тұрғындар ол жаққа шомылмайды": пікір қалдырушылар не дейді?Жарияланым әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар да Бурабай көлдерінде демалғаннан кейін осындай мәселеге тап болғанын айтты.
Басқа пікір білдірушілердің сөзіне қарағанда, курорттық аймақтың тұрғындары туристердің көптігі мен судың жағдайына байланысты кейбір су айдындарына шомылудан бұрыннан қашқақтайтын көрінеді.
"Бурабайға жергілікті халықтың шомылмағанына 20 жыл болды. Ондағы судың ішінде не жоқ дейсіз. Ал Үлкен Шабақтыда сіздер, сірә, "Голубой залив" жағалауында шомылған боларсыздар. Ол жер – суы іркіліп тұратын кішкене шығанақ, туристер өте көп жиналады. Негізінде Үлкен Шабақты таза көл, тек шомылатын жерді білу керек, ондай орындар аз", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Дегенмен кейбір пікір қалдырушылар отбасы мүшелерінде жағалаудағы өсімдіктерден аллергия болуы мүмкін деген болжам жасаған.
"Әжемнің қызуы көтеріліп кетті": жазба авторының айтқаныБіз жарияланым авторымен байланыстық. Оның айтуынша, 21 маусымда отбасы Бурабайға демалуға барған. Алдымен Үлкен Шабақты көліне тоқтап, кейін Бурабай жағына бет алған. Үйге оралғаннан кейін отбасының бірнеше мүшесі денесіне бөртпе шығып, күлдіреп тұрғанын байқаған.
"Баламда бұрын-соңды ешқандай дерматит болған емес. Әжем 75 жаста, ол да өмір бойы мұндаймен ауырмаған. Қазір оның жағдайы ауыр: дене қызуы көтерілді, терісі қышып, ауырып жатыр. Бала дәрі-дәрмектің көмегімен ғана жүр. Биылғы жазда енді ешқайда бара алмайтынымыз өте өкінішті", – деді қала тұрғыны.
Фотоны жазба авторы ұсынды
Автор ешкімді айыптауға немесе болған жағдайдың себебі туралы кесіп айтуға тырыспағанын жеткізді. Оның айтуынша, жазбаны басқа демалушыларға ескерту жасау мақсатында жариялаған.
СЭБ департаменті не дейді?"Мен тек адамдардың сақ болғанын қаладым. Мамандар суды тексеріп, оның жай-күйі мен демалушылар үшін қауіпсіздігі туралы ақпарат жарияласа деймін. Көлде 6-7 сағат болдық, баланың бүкіл арқасы мен бөксесіне бөртпе қаптап кетті. Дәрігерлерге қаралдық, бізге ем тағайындалды", – деді кейіпкер.
Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шомылу маусымы басталғалы бері тұрғындардан ресми шағым түспегенін айтты.
Ведомство мамандары Бурабай курорттық аймағындағы судың тұрақты түрде тексеріліп тұратынын қадап айтты.
"Шомылу кезеңі басталғалы демалушылардан тері аурулары мен аллергиялық реакциялар бойынша шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Шомылуға арналған су айдындары екінші санатқа жатады, онда жылдың жылы мезгілінде су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіледі", – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Санэпидемиологтар соңғы тексерудің жақында ғана жүргізілгенін және нормадан ешқандай ауытқу тіркелмегенін қосып өтті.
"2024 жылы мониторинг мамырда жүргізілді, Бурабай ауданында санитарлық-химиялық, бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулерге сынамалар алынды, сәйкес келмейтін сынамалар анықталған жоқ. Бұл нысандар эпидемиялық маңызы жоғары нысандарға жатпайды, су сапасын бақылау санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг түрінде жүзеге асырылады", – деп түйіндеді Ақмола облысы СЭБ.
СЭБ өкілдері жарияланымға байланысты су сапасына қосымша мониторинг жүргізілетінін хабарлады.