Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Автокөлік нарығы кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Былтыр ресми дилерлер арқылы жаңа жеңіл автокөлік сатылымы 14,5%-ға өсіп, рекордтық 234,9 мыңға жетті. Оның әрбір сегізіншісі елімізде өндірілген екен. Дегенмен өсімнің көлеңкесінде нарықтағы келеңсіз үрдістер де байқалады.
Елімізде ресми импортталған, локализацияланған автокөліктерден бөлек, бейресми арналар арқылы әкелінетін техника саны азаймай тұр. Energyprom.kz мониторинг агенттігінің бағалауынша, 2023 жылы елге импортталған бес көліктің үшеуі «сұр схемалар» арқылы жеткізілген. 2024 жылдан бастап елде «сұр схемаларды» азайтуға бағытталған жаңа ережелер күшіне енді. Оған сәйкес, зауыттан шыққанына 3 жылдан аспаған көліктерді тек ресми сәйкестік сертификаты бар (OTTS) заңды тұлғалар ғана әкеле алады. Бұл шара жалған құжаттар арқылы ондаған, жүздеген көлікті тіркеп, «сұр» импорттың соқпағын салып бергендерге дер кезінде берілген жауап болды.
Дегенмен былтырғы көрсеткіш мұның да бір жолы табылғанын байқатты. Автонарықты бақылау және талдау агенттігінің ақпаратына сүйенсек, өткен жылы қаңтар–мамыр аралығында бастапқы тіркеуден өткен барлық көлік құралының шамамен 35%-ы немесе 55 мыңнан астам көлік «сұр импортқа» тиесілі. Бұл сандар бейресми схемалардың ресми сатылымдарға айтарлықтай бәсекелес болатынын, нарық статистикасы мен тұтынушылық тәуекелге ықпал ететінін көрсетіп отыр.
Былтыр елге жеңіл көлікті ең көп импорттаған ел – Қытай. Ол жақтан 160 мыңнан аса автокөлік әкелінген. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 2,5 есе көп. Бір қызығы, Қытай автокөлік қауымдастығының дерегінше, еліміз ҚХР-дан көлік алушы елдер қатарында 211,5 мың бірлікпен 10-орында тұр. Сонда ортадағы 51,5 мың автокөлік қайда кетті? Energyprom.kz сарапшыларының айтуынша, дәл осы айырмашылық – «сұр» импорт көлемінің тікелей дәлелі. «Елес» көліктер «сұр» схемаларға сіңіп, ел импортының ресми статистикасында көрінбей қалған.
«Сұр» импорт дегеніміз – ресми дилерлер мен регламенттелген сертификаттау рәсімдерін айналып өтіп, бейресми арналар арқылы автокөлік әкелу. Бұл контрафакт те, жалған нәрсе де емес екенін түсіну керек. Автокөлік кәдімгі түпнұсқа, ресми өндірушіде өндірілген. Ол жай ғана авторизацияланған сату арналарына түспей қалады. Мұндай тәжірибе елімізде көбіне жеке тұлғалар арқылы кедендік төлемді оңтайландырып жеткізу, үшінші елдер арқылы әкелу, сондай-ақ 3-5 жылдан аспайтын пайдаланылған көліктерді ресми дилерлік жүйеден тыс тіркеу түрінде кездеседі», дейді агенттік сарапшылары.
Олардың айтуынша, ресми дилерлерсіз әкелінген көліктерде көбіне брендтің зауыттық кепілі болмайды. Бұл сатып алушының жөндеу жұмысы мен қызметі өз қаражаты есебінен төлеу тәуекелі бар екенін білдіреді.
«Сұр» импорттың салдары осы, себебі де жоқ емес. Отандастарымыз бұл схемада ақша үнемдеу мүмкіндігі болған соң осы жолды таңдайды. Бірақ бір сәттік үнем ұзақмерзімді мәселеге ұрындырарын білген жөн. Шалыс қадам кепілдіктен айырылу, ұрланған көлікті сатып алу, зауыттың тегін қызметіне мүмкіндікті жоғалту, жергілікті өндірістің тоқырауы секілді факторларға әкеліп соғуы мүмкін. Сарапшылардың дерегіне жүгінсек, пайда дегені айла болып шығып, сан соғып қалған азаматтар аз емес.
«Өткен жылдың соңында осыған байланысты шу шықты. 60-қа жуық отандасымыз Қытайдан жаңа автокөлік жеткіземін деген әлдебіреудің алдауына түскен. Сатып алушылар жалпы алғанда 1,2 млрд теңгедей ақша беріп, ақыры көліктерін ала алмады. Жүздеген адам «сұр» схеманың кесірінен темір тұлпарынан айырылды. Өйткені мұндай келісімшартта заңдық тазалықтың болмауы иесін ешқандай өтемақысыз көлігінен айыруға әкелуі мүмкін», дейді сарапшылар.
Қазақстанның автокөлік одағының басшысы Анар Мақашеваның сөзінше, қазіргі ең қауіпті схемалардың бірі – ҚХР-да лизингте тұрған жеңіл көлікті елге әкелу. Қытай кедені экспорттау кезінде автокөліктің мәртебесін үнемі қарай бермейді. «Сұр» дилер машинаны елге әкеліп, ештеңеге күмәнданбайтын бір азаматқа сатып жібереді. Кейін лизинг беруші компания көлікті тауып, өз мүлкін тартып алады. Сонымен қатар Грузия нарығы да жүрілген, мәселесі көп көліктң көзі болып отыр. Бұл елден ұрланған, нөмірлері өзгертілген, шіріген, бірақ қалпына келтірілген, айтарлықтай ақаулары бар техникалар, оң рульді, кейін рулі сол жаққа қолдан ауыстырылған көліктерді сатып алу жағдайлары жетіп артылады.
Тағы бір қауіп – салыққа қатысты алаяқтық. Делдалдар электрмобиль квоталарын пайдаланып, көлікті көрші Ресейге қайта сатуы мүмкін. Кейін кеден органдары шикілікті анықтап, ҚҚС мен баж төлеуді талап етеді. Ал біркүндік дилер жоғалып кеткендіктен барлық шығын соңғы иесіне жүктеледі.
«Сондықтан автокөлікті тек ресми өкілдерден сатып алған дұрыс. Мұндай келісім заңды тазалықты, шектеу мен қарыз міндеттемелерінің болмауын, сату-сатып алу келісімінің ашық болуын, қызметтер мен автобөлшектерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мінілген көлікті сатып алу арқылы үнемдеуді көздеген адам бүкіл қаражаттан айырылуы ықтимал», дейді А.Мақашева.
Макродеңгейде «сұр» схемалар саланың, жалпы ел экономикасының дамуына айтарлықтай зиян тигізеді. Ол ережеге сай жұмыс істейтін ресми дилерлер үшін әділетсіз бәсекелестік құрады. Бастапқы тіркеулердің 30-35%-ы «сұр» сегментке тиесілі болғандықтан өз кезегінде, автоөндірушілерге қуаттылық жүктемесін жоспарлау қиынға түседі. Былтырдың өзінде отандық автоөндіріске салынған инвестиция көлемі 114 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіпорындардағы жұмысшылар саны 11,2 мыңға дейін ұлғайды. Energyprom.kz сарапшыларының сөзінше, осындай маңызды экономикалық кластердің жұмыс тұрақтылығына қауіп төндіру жақсылыққа апармайды.
«Нарықтағы «сұр» импортпен күресте халықаралық тәжірибені ескеру қажет. Еліміз мұндай мәселе туындаған жалғыз ел емес. Мысалы, АҚШ-та өткен ғасырда 80-жылдардың соңында қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікті міндеттейтін заң арқылы бейресми автокөлік импорты айтарлықтай шектелді. Ресей 2024 жылғы 1 сәуірден бастап ЕАЭО елдері арқылы көлік әкелудің «сұр» схемаларына қарсы жаңа шектеулер енгізді. Ал Қытай биыл 1 қаңтардан бастап жаңа көліктерді «қолданыста болған» деп экспорттауға қатаң бақылау орнатты. Онда тіркелгеніне 180 күн толмаған автокөліктерді сыртқа шығару үшін өндірушінің сервистік растауы талап етіліп жатыр», дейді олар.
Елдегі автокөліктердің «сұр» импорты – бірнеше «пысықай» саудагердің мәселесі емес. Сарапшылар мұның тұтас саланың құрылымын жағымсыз жаққа өзгертіп жатқан, кешенді шешімді талап ететін жүйелік құбылыс екенін айтып отыр.
Соңғы жаңалықтар
Тұлға • Бүгін, 08:20
Сұхбат • Бүгін, 08:15
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10
Аймақтар • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:03
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00
Аймақтар • Бүгін, 07:58
Мирас • Бүгін, 07:55
Өнер • Бүгін, 07:50
Басылым • Бүгін, 07:45
Аймақтар • Бүгін, 07:40
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:35
Ұлттық ғылым академиясында AI SilkNet Қазақстан–Корея жасанды интеллект орталығы ашылды
Қоғам • Бүгін, 00:28
Капитал нарығы үшін дамудың жаңа кезеңі: KASE басшысы негізгі басымдықтарды атап көрсетті
Қаржы • Бүгін, 00:13
Алматыда «Орталық Азия мұраты» атты жаңа монография таныстырылды
Аймақтар • Бүгін, 00:05