Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы маңнан, Теректі ауданындағы Шалқар көлі маңынан мамандар XIV ғасырға тиесілі деп есептейтін көне кесене табылған болатын. Шартты түрде «Жаңабай кешені» деп аталған кесене күйдірілген қызыл кірпіштен тұрғызылған, қабырғасының қалыңдығы 1,5 метрге жеткен алып құрылыс екен. Кешенді қазған археолог Яна Лұқпанова бұл жер әуелі 2018 жылы назарға түсіп, екі жылдан кейін қазба жұмысы басталғанын, кесененің көлемі және материалы бұл маңда Алтын Орда кезеңіне жататын өркениетті елді мекендер болғанын көрсетеді деген болатын.
Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі Ақжайық өңіріндегі байырғы қоныстарды зерттеу, тарихи орындар туралы тың дерек жинау, ата-бабамыз мекендеген көне қоныстардың ізін анықтап, болашақ ғылыми зерттеулерге негіз болатын мәліметтерді тіркеу ісіне кірісіп те кетті. Жақында музейдің бірнеше маманы Шалқар көлі іргесіндегі Сарыөмір ауылына сапарлап барып, халықпен жүздескен еді. Ақсақалдар осы кездесуде ауылдан шамамен 10–12 шақырым жердегі көне қоныстар маңында Алтын Орда дәуіріне жататын бірнеше көне құдықтың сақталғанын айтқан.
Мұны естіген музей директоры Жантас Сафуллин айтылған жерді жақсы білетін Талап Молдашев есімді жергілікті тұрғынды тауып, бірден көне құдықтарды іздеп шықты. Соның ішінде «Жайықбай» шаруа қожалығы әлі күнге дейін пайдаланып отырған құдықтың суынан дәм татты.
Сапар шынымен сәтті болыпты. Зерттеу барысында жер астына жалпақ тастармен өте шебер қаланып салынған, диаметрі шамамен 1-1,5 метр, тереңдігі 6-7 метр болатын бес көне құдық табылған.
«Алғашқы құдық Сарыөмір ауылынан Өлеңті бағытына қарай шамамен 12 шақырым жерде орналасқан Тасқұдық қонысының маңынан табылды. Оның жанында екінші құдықтың орны сақталғанымен, уақыт өте келе бітеліп қалған. Үшінші құдық келесі сайдың ішінде орналасқан. Бұл құдықтың ерекшелігі – құрылысы құмыра тәрізді. Құдықтың аузы шамамен 60-70 сантиметр болғанымен, төмен қарай кеңейіп, құмыра пішінінде қаланғаны анық байқалады. Мұндай құрылыс тәсілі ортағасырлық нысандарға тән ерекшелік деп саналады. Ал төртінші құдық Рауан Амангелдіұлының қыстағының дәл жанында орналасқан. Жергілікті малшылар оны тазалап, мотор арқылы су шығарып, мал суаруға әрі күнделікті тұрмыстық қажетіне пайдаланып отыр. Құдық суының ерекше тұщы әрі жұмсақ екенін өзіміз татып көрдік», дейді музей директоры Жантас Нәбиоллаұлы.
Осы сапарда анықталған бесінші құдық осы қыстақтан шамамен 200-300 метр жерде орналасқан екен. Түбіне топырақ түсіп, құрғап қалған бұл құдықты Руслан Спанов азық-түлік сақтайтын ұра ретінде қолданып отырған көрінеді.
Батыс Қазақстан облысы