Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен кезекті палата отырысы өтіп, онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамы жаңартылды. Сондай-ақ іс-шара соңында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Палаталардың бірлескен комиссиясы құрылды
Отырыс барысында палата спикері 19 ақпан мен 5 наурыз аралығында сенаторлар халықпен кездесіп, азаматтарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге баратынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, 15 наурызда жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум өтеді. Осыған орай депутаттар конституциялық реформалардың мәнін халыққа түсіндіру үшін өңірлерге барады. Кездесулерде халықпен ашық диалог құрып, конституциялық өзгерістер Президентіміздің саяси бағдарының жүйелі жалғасы әрі «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының институционалдық негізі екеніне баса мән беру қажет. Қолға алынған бастамаларды азаматтардың дұрыс түсініп, қабылдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі», деді М.Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамын бекітті. Осылайша, комиссияның бұрын бекітілген құрамына Сенаттан Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Советбек Медебаев қосылды. Ал бұған дейін палата атынан аталған құрам мүшесі болған Наурызбай Байқадамов жаңа лауазымға тағайындалуына байланысты комиссиядан шыққан еді.
Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. Іс-шарада бұл жобаларды іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, «жасыл» технологияларды енгізуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал ететіні айтылды.
«Қаралған заң еліміздің аумағында жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды ілгерілету үшін әзірленген. Осы мақсатпен келісім аясында ірі жобаларды іске асырудың негізгі шарттары мен тәртібі анықталып отыр. Мақұлданған заң жаңартылған энергия көздерінен алынатын энергияның үлесін арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және зиянды қалдықтардың көлемін қысқартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.
Келісім аясында Қарағанды, Түркістан, Павлодар облыстарында жел және күн электр стансаларын салу көзделген. Әр нысан энергия өндірумен қатар оны жинақтауға арналған инфрақұрылымды қамтитын жоғары технологиялық кешен ретінде құрылмақ. Ынтымақтастықтың маңызды шарты – ұзақмерзімді тұрақтылық: яғни аталған жобалар аясында электр энергиясын сатып алу жөніндегі шарттар 25 жылға есептелген.
Туризм саласы қолдауға зәру
Сонымен қатар отырыста туризм және балалар спорты мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер де қаралды. Сенаторлар мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мемлекеттің стратегиялық басымдықтары – ұлттық экономиканы әртараптандыруды және адам капиталын дамытуды іске асыруға арналған. Бұл ретте сөз туристік саланы және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту үшін ұзақмерзімді құқықтық база қалыптастыру, сондай-ақ экономикалық өсу, әлеуметтік даму және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасау туралы болып отырғанын атап өткен жөн.
«Қаралған заң туристік саланы, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауды реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Туризм саласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін қолданыстағы нормаларды жаңарту және жаңа тетіктер енгізу көзделіп отыр. Мақұлданған заң туризм саласын экономиканың басым бағыттарының біріне айналдыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Мақұлданған заң арқылы туризм және спорт салаларын жүйелі жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының 13 заңнамалық актісіне өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін спорт саласындағы бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператордың қаржылық есептілігінің міндетті жыл сайынғы аудиті бойынша норма енгізілді.
Сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің (БЖСМ) мәртебесі қосымша білім беру ұйымы ретінде бекітіліп, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі мен мемлекеттік тапсырыстың бірыңғай қағидалары қарастырылды. Деректерді есепке алу мен талдау үшін дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасы құрылады. Осыған байланысты мемлекеттік спорт ұйымдарының деректерді цифрлық платформаға беру міндеті белгіленді.
Жедел ақпарат беру орталығы қажет
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Депутат Жанна Асанова өз сауалында стационарлық көмек көрсету барысында, әсіресе төтенше жағдай кезінде пациенттердің туыстарын хабардар етудің тұрақты тетігінің болмауы проблемасына назар аударды.
«Ауруханаға шұғыл түрде жатқызу, пациентті реанимацияға ауыстыру, операция жасау кезінде, сондай-ақ балаларды қабылдау барысында пациенттің жағдайы туралы туыстарына ең қажетті ақпаратты алудың мүмкіндігі жоқ. Өйткені дәрігерлер бөлімшеде жұмыста және одан кетуге болмайды. Еріп жүрушілер де оған кіре алмайды, ал қабылдау бөлімі мен тіркеу бөлімінің қызметкерлерінде тиісті клиникалық ақпарат жоқ. Нәтижесінде, ақпараттық вакуум пайда болады, қабылдау бөлімшелерінде және жалпы клиникада қарбалас жағдайдағы алқын-жұлқын көңіл күй пайда болады», деді сенатор.
Осыған байланысты пациенттердің туыстарын хабардар етудің бірыңғай ұйымдық-цифрлық тетігін енгізу ұсынылды. Ол өтініш берушінің өкілеттігін растау және дәрігерлік құпияны, сондай-ақ дербес деректерді қорғау жөніндегі талаптарды қатаң сақтауға негізделген болуға тиіс. Онда ауруханаға жатқызу дерегі, бөлімшенің атауы, пациенттің ағымдағы мәртебесі мен келу режімі жөнінде шектеулі ақпараттың тізімі туралы мәліметтер болуы керек.
Сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша байланыс орталығын құру, медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияны қамтамасыз ету, коммуникацияның бірыңғай стандарттарын белгілеу және стационарларда ақпараттық сүйемелдеуге жауапты адамдарды анықтау ұсынылды.
Донорларды ынталандыру маңызды
Қазіргі кезде тұрақты донорлардың саны азая бастаған, ал қалған донорларға жүктеме артып келеді. Сондай-ақ ауруханаларды қан компонентімен қамтамасыз етудегі үзіліс қаупі өсе түсіп, дәрігер мамандарға зәрулік көбейіп барады. Сенатор Алишер Сатвалдиев өңірлердегі халықпен кездесу қорытындысы бойынша әзірлеген депутаттық сауалын жария етті. Сауалда қан беру қызметінің жұмысына, денсаулық сақтаудың кадрлық әлеуетіне және азаматтардың денсаулықты қорғауға конституциялық құқығын іске асыруға байланысты жүйелі мәселелер көтерілді.
Сауалда келтірілген мәліметтер бойынша еліміздегі донорлық деңгейі 1000 тұрғынға шаққанда 12 донацияны құрайды, бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарынан едәуір төмен. Донорлықты материалдық және моральдық ынталандырудың кешенді шаралары қолданылатын елдерде бұл көрсеткіш 30–40 донацияға жетеді және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты сенатор өтеусіз қан донорларының ынта-ықыласы деңгейінің төмендігіне назар аударды.
«Өтеусіз донорлар үшін тегін тамақтанудың ақшалай баламасының мөлшері 0,25 АЕК деңгейінде белгіленген және бағаның өскені мен әлеуметтік-экономикалық ахуал өзгерген жағдайда да жылдар бойы қайта қаралмаған. Шын мәнінде, бұл тетік ынталандыру міндетін жоғалтып, көрсеткіш белгі сипатына ие болды. Халықаралық тәжірибе донорлықты кешенді ынталандырудың тиімділігін нақтылап отыр: бірқатар елде тамақтану мен жұмсалған уақыттың кешенді өтемақысы, сондай-ақ моральдық көтермелеу мен қоғамдық тану қолданылады», деді сенатор.
Депутаттық сауалда қан қызметі қызметкерлерінің кадр тапшылығы мен жұмыстан шаршауы, сондай-ақ медицина мамандарының біліктілік санаттарын беру мен қалпына келтірудің қолданыстағы тәртібі мәселелері көтерілді. Сенатор қолданыстағы ережелер тәжірибелі қызметкерлерді бұрын расталған біліктілік деңгейін қалпына келтіру мүмкіндігінен айыратынын, бұл ынта-ықыласты төмендететінін және мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінен кадрлардың кетуін күшейтетінін атап өтті.
Сонымен қатар отырыста сенатор Әлібек Нәутиев өз сауалында бірқатар ауылда «Қазпошта» қызметтерінің тоқтауына алаңдаушылық білдірді. Мұндай шешімге оператор қызметтерін қаржыландыру мәселелері себеп болып отыр.
Ал депутат Жанболат Жөргенбаев су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жерасты суларының мониторингін жетілдіру мәселелерін көтеріп, тиісті бастамалар топтамасын ұсынды.
Соңғы жаңалықтар
Саясат • Бүгін, 08:48
Төрт жасында 6-сыныптың есебін шығарады
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Құқықтық мәдениетті нығайтатын қадам
Қоғам • Бүгін, 08:43
Тіл тазалығы – ғасырға ұласқан мәселе
Тарих • Бүгін, 08:40
Қоғам • Бүгін, 08:38
Басылым • Бүгін, 08:35
Бұқтырылған киік еті саудаға шықты
Өндіріс • Бүгін, 08:32
Таным • Бүгін, 08:30
Еңбек нарығы: маман көп, жұмысшы тапшы
Еңбек • Бүгін, 08:28
Бексұлтан Нұржеке, Қазақстанның Халық жазушысы: Келешекке деген үміт шырағы ешқашан да сөнбеуге тиіс
Сұхбат • Бүгін, 08:25
Ақтауда урологиялық операция жасалады
Медицина • Бүгін, 08:23
Отаншылдық ұғымын қалай түсінесің?
Жастар • Бүгін, 08:20
Қауіпті дертті сәулемен емдейді
Аймақтар • Бүгін, 08:17
Жастар • Бүгін, 08:15
Коалиция мүшелері Алматы облысы жұртшылығымен жүздесті
Реформа • Бүгін, 08:12