Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қарағандының іргесіндегі Үштөбе ауылы кейінгі жылдары тың тыныс алды. Бүгінде 5 мыңнан астам тұрғыны бар ажарлы қоныс – Бұқар жырау ауданындағы ең ірі әрі әлеуеті жоғары ауылдың бірі. Келбеті жайнаған, тіршілігі қайнаған ауылдың бүгінгі өзгерісінің басында жиырма жылдан астам уақыт жергілікті әкімдікте қызмет етіп келе жатқан Әлем Көпбаева тұр. Бас маман болып еңбек жолын бастаған ол ел сенімін еңсеріп, ауыл әкімі болып сайланады.
Әлем Қайыржанқызының негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Екінші мамандығы – заңгер. Ол ауыл әкімдігіне қызметке қабылданғанында мемлекеттік қызмет саласының сырт көзге көріне бермейтін салмағы бар екенін түйсініпті. Жалындап тұрған жас маман әкімдіктің қазанында қайнап, тәжірибесін толықтырады. Жиырма жылға жуық уақыт тапжылмай әкімдікте қызмет істеген маман, әрине, ауылдағы әр мәселені бүге-шүгесіне дейін біледі. Ондай жауапты жанға халық міндетті түрде сенім артады. Сөйтіп, осыдан үш жыл бұрын өткен әкім сайлауында ел сеніміне басымырақ ие болған Әлем Қайыржанқызы Үштөбе ауылының әкімі болады.
Ол кісі басқарып отырған округ құрамына Үштөбе, Сарыарқа, Құрылыс, Атамекен, Соқыр ауылы кіреді. Ауылда 167 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. 62 шаруа қожалығы, 24 серіктестік, 81 жеке кәсіпкер, 16 сауда дүкені бар. Шағын және орта бизнесте жұмыспен 1000 адам қамтылып отыр.
Биылдың өзінде сүт зауыты, құрғақ сүт қоспаларын өндіретін зауыт, мейрамхана мен екі азық-түлік дүкені өз жұмысын бастап, онда 34 ауыл тұрғыны жұмысқа орналасқан.
Ауыл әкімі елдімекеннің инфрақұрылымын жаңғыртуға ынта қойып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыарқа ауылында Достық, Қайрат Жұмабеков, Ынтымақ көшелерінде жалпы ұзындығы 1,7 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Наурыз, Болашақ көшелерінің ішкі жолдарына қиыршық тас төселді. Алаш және Болашақ көшелерінде 24 көше жарықтандыру бағаны орнатылды. Сонымен қоса, «СинеМидасСтрой» ЖШС-мен өзара ынтымақтастық орнатып, демеушілік қаражат есебінен Мәншүк Мәметова және Ынтымақ көшелерінде жалпы ұзындығы 1 км кентішілік жолдарға орташа жөндеу жасалған. Ауыл көшелеріне бейнебақылау камералары қойылып, ветеринарлық-профилактикалық жұмысқа арналған мал ұстайтын қоршау салынды. Бүгінде малы бар ағайынның кәдесіне жарап тұр.
Атамекен ауылында 150 балаға арналған жаңа мектеп ашылып, ауыл балалары сапалы білім алып отыр. Ал Үштөбе ауылында ашылған көпфункционалды хоккей корты балалардың бір мезгіл қысқы спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп отыр.
Былтыр Үштөбе ауылы үшін берекелі жыл болды. Бұрын-соңды мәдениет үйі болмаған ауылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа заманауи клуб үйі ашылды. Ауыл тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, былтыр қуанышқа кенелді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда 300 балаға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сарыарқа және Құрылыс ауылдарында медициналық фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы да тәмамдалды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Үштөбе ауылында 120 балдырғанға арналған «Супер ботақан» жеке балабақшасы ашылды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында Атамекен ауылында жалпы ұзындығы 1,74 шақырым жолға орташа жөндеу жасалды. Аудандық бюджет есебінен Үштөбе ауылындағы өнеркәсіп аймағына апаратын жолға ұзындығы 1,38 шақырым орташа жөндеу жүргізілді. Құрылыс және Соқыр ауылдарының кіреберіс жолдары бойына жарық бағандары орнатылды.
Былтырға дейін Соқыр ауылында электр энергиясы жиі үзілетін еді. Электр беру желілері ауылдық округтің балансында болғандықтан, екі кешенді трансформаторлық қосалқы стансасының электр желілері және трансформатор ауыстырылып, жөндеу жұмысы жүргізілді. Қазір тұрғындар сапалы қуат көзін тұтынып отыр.
– Әлем Қайыржанқызы бұл ауылдың әкімдігінде көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын қарапайым маман ретінде бастап, ауылдың барлық мәселесін жақсы меңгерген. Өзі де осы ауылдың тұрғыны болғандықтан, халықтың жағдайын терең түсініп, елге жанашырлықпен қарайды. Бұрын қыс мезгілінде боран соғып, жолды қар басып қалғанда ауылдан қатынау қиынға түсетін. Жолды аршытудың өзі үлкен мәселеге айналып, тұрғындар жиі алаңдайтын. Қазір мұндай қиындық жоқ. Жолдар уақтылы тазартылып, қатынасқа қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар ауылда ауызсу мәселесі де шешімін тауып, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Ауыл көшелері жап-жарық болып тұр. Әлем Қайыржанқызы – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, халықпен тіл табысып, елдің алғысына бөленіп жүрген әкім, – дейді Үштөбе ауылының қадірлі ақсақалы Жақсыберген Әбдікәрім.
Ауыл әкімдігінің алдағы жоспарлары да нақты. Ең алдымен, тұрғындардың бақша суаруына қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты су жүйесін жолға қою міндеті тұр. Сонымен қатар ауылішілік жолдарды жөндеу, көпқабатты үйлерде тұратын азаматтар үшін орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табады деп жоспарланып отыр.
– Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Кейінгі жылдары ауылдағы мектеп пен медициналық мекемелерге жас мамандар келе бастады. Соңғы жылдың өзінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жиырмаға жуық жас маман жұмысқа орналасты. Бұл ауылдағы кадр тапшылығын азайтып, білім беру мен медицина саласының сапасын арттыруға ықпал етіп отыр. Сонымен қатар қазір ауылдық басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты халық тікелей сайлаған ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Арнайы курстарда біз «Жергілікті бюджетті тиімді пайдалану», «Мемлекеттік сатып алулар мен салықтар», «Коммуналдық меншікті басқару, экология және қоршаған ортаны қорғау», «Кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары, өңірге инвестиция тарту», сондай-ақ «Мемлекеттік басқарудағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдану» сияқты маңызды бағыттар бойынша білімімізді жетілдірудеміз, – дейді ауыл әкімі.
Отбасында асыл жар, аяулы ана Әлем Қайыржанқызы «атқарар шаруамыз бұдан көп», дейді. Бастысы, ауыл халқының аманатын адал атқаруды мұраты санайды. Олай болса, елдік істің басында жүрген елжанды азаматқа қажымас қажыр-қайрат тілейміз!
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы,
Үштөбе ауылы
Соңғы жаңалықтар
Қазақстан құрамасы дзюдодан Австриядағы Гран-придің алғашқы күнінде бір қола медаль жеңіп алды
Қазақстан • Кеше
АҚШ Ирандағы мектепке жасалған соққыға қатысы бар екенін мойындады
Әлем • Кеше
Референдум: Таяу Шығыс елдеріндегі учаскелер уақытша жұмыс істемейді
Референдум • Кеше
Қазақстан мен Түркия министрлері Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады
Саясат • Кеше
Air Astana 7,8 және 9 наурызда Сауд Арабиясынан отандастарымызды эвакуациялауды жалғастырады
Оқиға • Кеше
Мереке күндері ХҚО мен мамандандырылған ХҚО-лар қалай жұмыс істейді?
Қоғам • Кеше
Мемлекет басшысы мерекелік концертке барды
Президент • Кеше
Елімізде қазір қай жолдар жабық тұр?
Оқиға • Кеше
Қазақстандықтар жаңа Конституция жобасымен алдын ала таныса алады
Ата заң • Кеше
Президент әйелдер қауымын мемлекеттік наградамен марапаттады
Президент • Кеше
Ғалым әйелдер академик Нәйлә Базанова атындағы құрмет белгісімен марапатталды
Ғылым • Кеше
Мемлекет басшысы Халықаралық Қызыл крест комитетінің президентімен кездесті
Президент • Кеше
Ұлттық банк 10 мың теңгелік ескі банкноттарды пайдалану мерзімін ұзартты
Қаржы • Кеше
Қазақстанда қанша әйел тұрады?
Халық • Кеше
Екі өңірде көлік қозғалысына шектеу қойылды
Аймақтар • Кеше