Көшірудің қарбаласы

05.11.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Қазір үйлестіру, жылжымайтын мүлікті бағалау және өтемақы төлеу тәртібін қарау үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған. Енді тұрғындарды көшіру жұмыс­тары заң талаптарына сәйкес жүргізіліп, әрбір меншік иесінің өтініші жеке қаралады. Жалпы, жоспар бойынша Атырау мұ­най өңдеу зауыты санитарлық-қорғау аймағында орналасқан 120-ға жуық үйді көшіру жоспарланып отыр.

Атырау қаласы әкімдігінің мәлі­ме­тінше, Атырау мұнай өңдеу зауы­ты­­ның санитарлық-қорғау айма­ғы­ның шекарасы арнайы зерттеу нә­ти­жесінде белгіленген. 22 қазанда Аты­­рау қалалық әкімдігінің қаулы­сы­­мен ведомствоаралық комиссия құ­­рылды. Оның құрамына жергі­лік­ті атқарушы органдардың, зауыт өкіл­дері мен іргелес аумақтардағы тұр­ғындардың бастамашыл тобы кір­ді. Қазір әкімдік «Азаматтарға ар­­­налған үкімет» мемлекеттік кор­по­­рациясымен бірлесіп, мемлекет мұқ­тажы үшін алынатын жер учас­келерінің меншік иелері мен пай­даланушыларының тізімін нақ­ты­лап жатыр. Комиссия тұрғындардың өті­ніштерін қабылдап, көшіру тәр­­­тібі мен шарттарын түсіндіреді. Сон­дай-ақ жылжымайтын мүлікті баға­лау нәтижелерімен таныстырып, өте­мақы мөлшеріне қатысты мәсе­ле­лерді қарайды.

Басты мәселе – әділ өтемақы

Кез келген отбасы үшін баспана­дан айырылу немесе тұрғылықты же­­рін ауыстыру оңай шешім емес. Сон­­дықтан бұл жағдайда өтема­қы­ның әділ бағалануы, төлем мерзімі мен меншік иелерінің құқықтары ерекше маңызға ие екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, зауыт маңында тұратын тұрғындар үшін ең алдымен бас­пананың нақты құны қалай анық­талатыны және ұсынылған өте­мақымен келіспеген жағдайда қан­дай құқықтық тетіктерді пайдалана алатыны маңызды.

– Біз үшін ең бастысы – отба­сы­мыз­дың қауіпсіздігі. Егер көшіру ту­ралы шешім қабылданса, оның бар­лық шарты ашық түсіндіріліп, өте­мақы әділ төленгенін қалаймыз. Әр үйдің жағдайы әртүрлі. Сон­дық­тан баспананы бағалау кезінде оның нақ­ты нарықтық құны ескерілуі ке­рек. Ұсынылған сомаға келіспеген жағ­дайда өз құқығымызды қорғауға мүм­кіндік болғаны да маңызды, – дей­ді зауыт маңындағы тұрғындар.

Әкімдік қараша айының орта­сын­да зауытқа іргелес аумақ тұр­ғын­дарымен арнайы кездесу өткізуді жос­парлап отыр. Жиында тұрғын­дар­дың сауалдарына жауап беріліп, кө­шіру жұмыстарының аралық нә­ти­желері таныстырылады. Ал алы­на­тын жылжымайтын мүлік нысан­да­рының түпкілікті тізімі заңды рә­­сім­дер аяқталғаннан кейін жария­ла­на­ды.

Экологиялық қауіпсіздік тұрғы­сы­нан санитарлық-қорғау аймағы өн­дірістік кәсіпорын мен тұрғын үй аумағының арасындағы қауіпсіздік белдеуі саналады. Оның негізгі мақ­саты – өндірістік нысанның қорша­ған ортаға әсерін ескере отырып, ха­­лықтың өмірі мен денсаулығын қор­ғау. Эколог Нұргүл Маратованың ай­туынша, санитарлық-қорғау ай­ма­ғы жай ғана белгіленген шекара емес. 

– Ол өндірістік кәсіпорынның қор­шаған ортаға ықтимал әсерін ес­керіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Мұн­дай аумақтың көлемі кәсіпорынның ерекшелігіне, атмосфераға тарала­тын заттарға және жүргізілген зерт­теу­лердің нәтижесіне қарай анық­та­лады. Сондықтан бір жылдық зерт­теу қорытындыларының негізінде қабылданған шешімдер ғылыми тұр­ғыдан түсіндіріліп, қоғамға ашық ұсы­нылуы керек, – дейді ол.

Ауа сапасы алаңдатады

Қазір зауыттың экологиялық жауап­­­­­­кершілігін арттыру бағытында тағы бір бастама қолға алынып отыр. АМӨЗ-де «Ашық аспан» жобасы іске қосылып, автоматты монито­ринг стансаларынан алынған атмос­фе­ралық ауа сапасы туралы мәлімет­тер­ді «Қазгидрометке» тікелей жі­бе­ру жүйесі әзірленді.

Зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ECO-WEB плат­фор­масы арқылы деректер әр 20 минут сайын беріліп отырады. Қазір жүйені бап­тау және «Қазгидромет» маман­дарымен бірлесіп сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама эко­логиялық мониторингтің ашық­ты­ғын арттыруға бағытталған. Де­ген­­мен тұрғындар үшін деректерді тек мемлекеттік органға жіберу ғана емес, оның нәтижелерінің қоғамға қол­жетімді болуы да маңызды.

Атыраудағы бастамалардың түп­кі мақсаты – өндірістік қауіп­сіз­дік пен тұрғындардың мүддесін қатар қам­тамасыз ету. Ендігі мәселе – кө­шіру процесінің ашық жүргізілуі, өте­мақының әділ белгіленуі және эко­логиялық бақылау нәтижелерінің қол­жетімді болуы. Өйткені бұл – бір ға­на кәсіпорынның немесе жеке­ле­ген тұрғындардың мәселесі емес, тұ­тас қаланың экологиялық қауі­п­сіз­дігіне қатысты маңызды шешім.

Шынын айту керек, АМӨЗ ма­ңын­­дағы тұрғындарды көшіру мә­­­се­лесі кейінгі жылдары қаладағы эко­­логиялық жағдайға қатысты жиі кө­терілген шағымдармен де байла­ныс­ты. Тұрғындар ауа сапасына, жа­­ғым­сыз иіске және өндіріс орын­да­рынан шығатын қалдықтарға қай­­та-қайта наразылық білдіріп ке­­леді.

Биыл ақпанда Атырау мұнай өң­деу зауытына санитариялық талап­тар­ды бұзғаны үшін 6 млн 920 мың тең­ге айыппұл салынды. Кәсіпорын бұл шешіммен келіспей, сотқа ша­ғым түсірген. Ал, наурыз айында эко­логиялық талаптарды бұзғаны үшін зауытқа 520 млн теңгеден астам айып­пұл салынғаны хабарланды. Тек­­серу барысында атмосфераға шы­­ғарылатын зиянды заттар нор­ма­тивтерінің асып кетуі, рұқсатсыз сар­қынды су төгу және апаттық жағ­дай туралы уақытылы хабарламау деректері анықталған. 

Қазан айында тұрғындардың ауа сапасына қатысты жаппай шағым­дары­нан кейін жүргізілген кезектен тыс тексеру де бірқатар заңбұзу­шы­лық­ты анықтады. Атап айтқанда, кей­бір өндірістік қондырғылар бойын­ша шығарындылар есебі мен рұқ­сат етілген нормативтер болма­ған. Сонымен қатар көміртек тотығы мен азот оксидтері бойынша бел­гі­лен­ген көрсеткіштердің асып кет­ке­ні тіркелген. 25 тамыз бен 2-7 қыр­күйек аралығындағы апаттық жағ­дай­лар кезінде алауда 100 тоннадан ас­там газ жағылған. Тексеру қоры­тын­дысы бойынша әкімшілік істер қоз­ғалып, материалдар сотқа жол­данды. Бұл істер бойынша түпкілікті ше­шімді сот қабылдайды. 

Сайып келгенде, осы жағдайлар зауыт маңындағы экологиялық қауіп­сіздік пен тұрғындардың өмір сүру ортасына қатысты мәселені қай­та күн тәртібіне шығарды. Деген­мен зауыт маңындағы үйлерді кө­шіру Атыраудың экологиялық жағ­дайын жақсартып жібере ала ма? Бұл ен­ді басқа мәселе. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью