Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қазақстанда кейбір отбасылар бала туғанда берілетін біржолғы төлемнен қағылуы мүмкін. Бұл туралы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарма төрағасы Алмас Құрманов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Құрмановтың сөзінше, бала туғанда берілетін біржолғы төлемге мұқтаждық критерийлері енгізіледі. А және В санаттарына жатқызылған ауқатты отбасылар бұл төлемді алмайды.
Қандай төлемдер сақталады?"Егер ол (әйел - еск.) А және В санатына жатса және бұл ретте жұмыс істемеген болса, яғни ол бұған дейін де мұқтаж болмаса, күйеуі бай, кемелері мен пароходтары бар демекші, онда оған бала туғанда берілетін бұл төлемнің қажеті не?" - деді қордың басқарма төрағасы.
Құрманов бала тууға байланысты төлемдердің үш түрі қарастырылғанын еске салды.
Бірінші - жүктілікке және босануға байланысты төлем. Жұмыс істейтін әйелдер мұны тиісті еңбекке жарамсыздық парағы негізінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. Қор басшысының айтуынша, бұл төлемді тағайындау кезінде мұқтаждық санаты ескерілмейді.
Екінші - бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы. Ол республикалық бюджеттен төленеді және мұқтаждық критерийлері осы төлемге қатысты болады. А және В санаттарындағы әйелдер бұл төлемді ала алмайды.
Үшінші - бала күтіміне байланысты төлем. Жұмыс істейтін әйелдер оны Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан белгіленген мөлшерде және көзделген мерзім бойы ала береді.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Оларға бала туғанда берілетін біржолғы төлем де мұқтаждық санатына байланысты болады.
Өзгеріс кімдерге қатысты болады?Құрмановтың айтуынша, өзгеріс А және В санаттарына жатқызылатын отбасыларға ғана әсер етеді. C, D және E санаттарына енген азаматтарға бала туғанда берілетін біржолғы төлемді алу тәртібі өзгермейді.
Сондай-ақ қор басшысы төлемдердің басым бөлігі өтініш беруді талап етпей-ақ, проактивті форматта тағайындалатынын атап өтті. Оның бағалауынша, жаңашылдық әлеуметтік қолдау алушылардың шектеулі бөлігіне ғана қатысты болады.
Бұған дейін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтаудың жаңа әдістемесі күшіне енетіні хабарланған болатын. Ол әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайы мен әлеуметтік жүктемесін бағалауды қарастырады.
Тағы оқыңыз: Bentley, бизнес және миллиондар: министр Қазақстанда кімдер жәрдемақысыз қалатынын айтты
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу