Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
— Күлкі терапиясы деген не? Бұл салаға қалай келдіңіз?
— Күлкі терапиясы немесе гелотология деп те атайды, АҚШ-та, Үндістанда, Кореяда, Жапонияда бұл бағыт жақсы дамыған. Көрші Ресейде де қарқын алып келеді. Мен осы ресейлік мамандардың курстарынан ақылы түрде өттім. Іздендім, ақпарат жинадым. Адамдар қашанда емделу үшін, жағдайын жақсарту үшін жеңіл, әрі тиімді әдіс іздейді ғой. Алдымен өзіме қолдандым. Бойымдағы стрессті шығардым. Кейін әріптестерімнің арасында өткіздім. Біздің облысқа күлкі терапиясы енді келіп жатыр. Көпшілік білмейді. Бірақ өз ортамда, ұстаздар, құрбыларым арасында қызығушылық бар.
Негізгі мамандығым — химик-биолог. 20 жылдық еңбек өтілім бар. Ал бұл саланы танып бастағаныма 4-5 жыл болды. Бір қызығы, әріптестерімнен байқағаным, күле алмайтындар, күлуге қиналатындар бар болып шықты. Күн ұзаққа күлмей жүре беретін ұстаздар да бар болып шықты.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивіненЭмоция — ол энергия. Егер ол сыртқа шықпаса, психосоматикалық мәселелер пайда бола бастайды. Адам эмоциясын сыртқа шығармай, ішіне жинай берсе, ағзада стресс гормоны — кортизол көбейіп, ол дистресске әкеледі. Ал кортизолды төмендететін негізгі құралдың бірі — эндорфин.
Қайғы мен ашу мүлде болмау керек деген сөз емес. Әңгіме — тепе-теңдік жайында. Өкінішке қарай, көп адамда дәл осы эмоциялық баланс жетіспейді. Соның салдарынан адам өзін шаршаңқы сезініп, күйзеліске ұрынады.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивіненСондықтан эмоцияны уақытында шығару, күлу, қозғалу, жағымды әсер алу — психикалық әрі физикалық саулықтың маңызды бөлігі.
Екіншіден, қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы көп негатив аламыз. Адам шаршайды, күйзеліске ұшырайды. Салдарынан мотивациясы төмендеп, күш-қуаты кемиді. Көңіл-күйі бұзылады. Күлкі терапиясы мұның бәрін шешеді екен. Бірақ бізде мұнымен айналысатын маман жоқ. Сол себепті неге үйренбеске, неге әріптестеріме көмектеспеске деген ой келді.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивінен— Адам өмірінде күлкінің алатын орны қандай?
— Негізгі мамандығым химик-биолог болғаннан кейін білемін, адам бойында химиялық процесс жүріп, гормондар бөлінеді. «Бақыт гормоны» деген бар, ол төртеу — «эндорфин», «серотонин», «дофамин» және «окситоцин». Мысалы, эндорфиндерді «қуаныш гормондары» дейді. Олар ауырсынуды, қорқынышты азайтады. Біздің ашуланып, күйзеліске түсуіміз ағзаға қауіпті. Эндорфин осы жағымсыз әсерді азайтады. Әдетте эндорфин белсенді түрде бөлінуі үшін физикалық жаттығулар жасау керек.
Серотонин көбіне «көңіл күй гормоны» деп аталады. Ол адамның өзін тыныш, жақсы сезінуіне көмектеседі және антидепрессант ретінде маңызды рөл атқарады. Серотонин қан айналымына қатысады, аллергия мен қабыну процестеріне әсер етеді, сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының жұмысын реттейді. Бұл гормонды көбейту үшін күн сәулесінде жүру, қозғалу, дене жаттығуларын жасау, терең тыныс алу, позитивті ойлау және пайдалы тағамдар тұтыну ұсынылады.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивіненДофамин — «сыйақы гормоны». Адам бір мақсатқа жеткенде немесе жақсы іс атқарғанда дофамин бөлініп, қуаныш пен қанағат сезімін тудырады. Ол қан қысымын реттеп, жүрек соғысын жеделдетеді, ағзадағы қан айналымды жақсартады. Дофаминнің бөлінуіне жақсы көңіл күй, махаббат, белсенді өмір салты, игі істер мен түрлі іс-шараларға қатысу оң әсер етеді.
Окситоцин — сүйіспеншілік пен жақындық гормоны. Ол көбіне ана мен бала арасындағы байланыста, сондай-ақ адамдар бір-біріне қамқорлық көрсеткенде бөлінеді. Окситоцин мазасыздықты азайтады. Сонымен қатар бұлшықеттің қалпына келуіне көмектесіп, зиянды әдеттерден арылуға оң ықпал етуі мүмкін. Бұл гормонды арттыру үшін жақын адамдармен жиі араласып, сезіміңізді бөлісіп, құшақтасып, үй жануарларына қамқорлық жасаған жөн.
Күлкі терапиясы осы гормондардың түзілуіне әсер етеді. Ұйқыны реттейді, күйзелістен арылтады, қанайналым жүйесін реттеп, имунитетті көтереді.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивінен— Күлкі терапиясы кімдерге керек?
— Көбіне, әрине, күйзелісте жүрген жандарға керек. Медицинада, психологияда кеңінен қолданады. Біз ұстаз болғаннан кейін, баламен жұмыс істегендіктен эмоционалды тұрақты болуымыз қажет. Жалпы әр адам таңертең 10-15 минут уақыт бөліп, осы терапиямен айналысып, жаттығулар жасаса тиімді болады. Арнайы жаттығулар бар. Мысалы, «айнаға қарап күлу» жаттығуы бар, «өзіңді қабылдау», «баланың күлкісі», «тыныспен күлу» сияқты жаттығулар бар. Алдымен жасанды күлкіні шақыру керек. Кейін ол шынайы күлкіге айналады. Сол кезде адамда энергия пайда болады, эмоция өзгереді.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивінен— Көңіл күйді жақсартатын бір жаттығумен бөлісіңізші.
— Денсаулық үшін қарапайым, бірақ тиімді әдістің бірі, ол үшін ішіңізбен терең дем алып, кейін дем шығара отырып, күліңіз. 10-15 минут бойы осы жаттығуды жасаған кезде терапиялық әсерді байқайсыз.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивіненАғзаға оттегімен қанығады, иммундық жүйе жақсарып, иммуноглобулин бөлінеді. Жүрек-қан тамырлары жүйесінің белсенділігі артады. Ішекке массаж жасалғандай әсер беріп, ас қорытуды жақсартады. Жалпы, 80 бұлшықет тобының жұмысы белсендіріледі. Осындай қарапайым күлу жаттығуы тек көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, денсаулыққа да орасан пайда әкеледі.
— Күлкі терапиясын қолдануға болмайтын жағдайлар бар ма?
— Адамға еріксіз қолдануға болмайды. Сондай-ақ отадан кейін және психологиялық ауытқуы бар жандарға қолдануға рұқсат жоқ.
Фото: Жазира Ыбраеваның жеке архивінен— Әріптестеріңіздің арасында терапияның бұл түріне күмәнмен қарағандар болған шығар?
— Ия, әрине. Бірақ кейін көзқарастары өзгеріп жатады. Жалпы, маманның шеберлігі, шығармашылығы да көп роль атқарады. Соның ішінде аудиторияны өзіне қаратып, жинақы ұстау да бар.
Стэнфорд университетінің зерттеулеріне сүйенсек, қазір ересек адам орта есеппен күніне небәрі 10-12 рет қана күледі. Ал, 6 жасқа дейінгі балалар күніне шамамен 400 рет күледі екен. Неліктен есейе келе күлуді азайтамыз деген заңды сұрақ туындайды. Күлген кезде беттің 150 бұлшықеті қатысады. Бұл адамның жасаруына да себебін тигізеді. Сондықтан әрқашан күліп жүріңіздер!