Лаура Қарабасова, Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры: Сапалы білім басты капитал

22.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

– Қазір университеттердің бас­ты табыс өлшемі неде, білім орда­ларының қоғам дамуына қосқан үле­сін қалай бағалауға болады?

– Әлемдік тәжірибеде университет­тер білім, ғылыми зерттеу және қоғам­ға қызмет ету бағытын қамтып, осы үш міндеттің бірлігі заманауи уни­вер­ситеттің мәнін айқындайды. Ал өңір­де орналасқан оқу орындары сапалы кадр даярлап, өңір экономикасының дамуына ықпал ету, өндіріс орындарымен тұрақты ынтымақтастық орнату, инновациялық жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына атсалысуы керек.

Әлемдегі бәсекелестік қалыптасқан салалардың бірі – ғылымда жаңа идеялар ұсынып, зерттеулерін қаржыландыру үшін ғалымдар үздіксіз бәсекеге түсе­ді. Қазіргі жағдайда ағылшын тілін мең­герумен қатар, заманауи зерттеу әдіс­намасын игеру, халықаралық ғылы­ми дискурсқа еркін араласа білу және жергілікті мәселелерді жаһан­дық ғылыми қауымдастық үшін өзекті тақы­рыпқа айналдыра алу аса маңызды. Универ­ситеттің ең басты капиталы – ака­демиялық репутациясы болса, оны қысқа мерзімде қалыптастыру мүмкін емес. Ол – ондаған жыл бойы жинақталатын сенімнің нәтижесі.

– Бүгінде «университеттің мін­деті – тек кәсіби білім мен дағды беру ғана, ал тәрбие беру – отбасының жауап­кершілігі» деген пікір жиі айтылады. Осы орайда жеке тұлғаны қа­лыптастырудағы университеттің жауапкершілік шекарасы қай жерде басталып, қай жерде аяқталуы керек деп ойлайсыз?

– Тәрбие – тұлғаның дүниетанымын, құндылықтарын және өмірлік ұста­ны­мын қалыптастыратын үздіксіз үдеріс болса, университет – адамның интел­лектуалдық, азаматтық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне ықпал ететін орта. Себебі қоғамға кәсіби білікті маман емес, сыни ойлай алатын, қоғамдық жауап­кершілікті сезінетін, этикалық ұста­нымы берік азамат қажет. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың да мазмұны айқындала түсті. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасын, «Адал азамат» концепциясын ұсынуы жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысын жаңа деңгейде ұйымдастыруға қозғау салды. Біз 15 мыңға жуық студентімізді түгел қамтыдық. Оқытушылардың кәсіби әдебі, басшылықтың басқару мәдениеті, қабылданатын шешімдердің әділдігі, адамдар арасындағы өзара құрмет пен тең қарым-қатынас – мұның бәрі тәрбиенің ықпалды тетіктері. Егер өз арамызда әділетсіздікке жол беріліп, студенттерге жөнсіз талап қойылса, құн­дылықтардың ешқайсысы шынайы нәтиже бермейді. Университет – кәсіби біліммен қатар академиялық адалдық, кәсіби этика, азаматтық жауапкершілік, пікірталас мәдениеті және сындарлы диалог жүргізу қабілеті бар орта. Түпкі мақсат – сөзі мен ісіне жауап беретін, заң мен ережені құрметтейтін маман даярлау. Олар кімге қарап бағыт түзейді? Үш жыл бұрын Жұбанов университетінде енгізілген менторлық жүйе де студенттердің ортаға тез бейім­делуіне, академиялық жетістігін арт­тыруға, құқықтық мәдениетін нығай­тып, азаматтық жауапкершілігін қалып­тас­тыруға бағытталды. Ментор – дәстүрлі куратордың қызметін қайталаушы емес, студенттің жеке және академиялық дамуына кәсіби қолдау көрсететін маман. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен, жастар ұйымдарымен және мемлекеттік жастар саясатын іске асыратын мекемелермен тығыз жұмыс істейтін 71 менторымыз бар.

– Университетті басқарғаныңыз­ға бес жыл болды. Осы уақыт ішін­де ашық әрі заманауи білім орда­сын қалыптастырдыңыз. Өңірде бәсе­ке­ге қабілетті университет қалып­тас­тырудың сыры неде?

– Жасыратыны жоқ, периферия­дағы білім туралы қасаң түсініктер әлі де бар. Оксфорд университетінің зерт­теушісі Майя Чанкселиани пост­кеңестік жоғары білім жүйесін зерт­тей отырып, көптеген елде өңірлік универ­си­тет­тердің білім сапасы төмен деген жаңсақ пікірдің сақталғанын айтады. Мұндай көзқарастың қалыптасуы­на қаржыландырудың жеткіліксіз­дігі, ғылыми инфрақұрылымның әлсіздігі мен талантты кадрлардың орталық қала­ларға шоғырлануы әсер етті. Алайда кейінгі жылдары еліміз­де жоғары білім мен ғылымды дамыту­ға бағытталған саясат жаңа серпін алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ғылым мен жоғары білімге көрсетіле­тін қолдау айтарлықтай артты. Мұ­ның нәтижесін біз өз университетіміз­дің дамуынан көріп отырмыз. Осы алты жылда университетті қаржылан­дыру көлемі он есеге жуық өсіп, зертханалар жаңғыртылды, жаңа ғылыми бағыттар дами бастады. Басқа өңірлерге кеткен ақтөбелік ғалымдардың бір бөлігі оралды. Соның нәтижесінде ғылыми мектеп қалыптаса бастады, зерттеушілердің кәсіби әлеуеті ны­ғайды, оқытушылардың әлеуметтік жағ­дайы жақсарды.

– Осыдан үш жыл бұрын бри­тан­дық Heriot-Watt халықаралық универ­ситетімен стратегиялық серіктестік орнату да – сәтті жобалардың бірі. Қазір алғашқы қабылданған студент­теріңіз маман болуға әзір. Бұл қанша­лықты мүмкін болды?

– 2023 жылы Ақтөбе қаласында ­бе­дел­д­і британдық Heriot-Watt уни­вер­ситетімен стратегиялық серіктес­тік орна­тып, халықаралық ин­женер­лік мек­тептің өңірге келуіне жол ашыл­ды. Біз үшін ең маңызды міндет­тердің бірі академиялық ортадағы интел­лек­­туал­дық тұйықтықты еңсеру болды. ­Өйт­­кені өңірлік университеттерде бір оқу орнында білім алып, сол жерде еңбек жолын жалғастырған мамандардың үлесі жоғары. Алайда мұндай тәжі­ри­бе сабақтастықты сақтағанымен, тың бас­тамалардың келуін шектеп, акаде­мия­лық ортаның жаңаруын баяулатады. Кадрлық саясатты әртараптан­дыру ­мақ­­сатында «Talent Management» бағдар­ла­масы арқылы шетелдің жетек­ші уни­­вер­ситеттерінде білім алған жас қазақ­­стандық мамандарды Ақтөбеге шақыр­дық. Осы бағдарламамен Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Орал, Қызылордадан келген жас ға­лымдар халықаралық тәжірибе мен жаңа академиялық мәдениетті ала кел­ді. Екіншіден, оқытушылардың ағыл­шын тілін меңгеруіне, халықаралық тағылымдамаларға қатысып, ғылыми жобаларға қосылуына, әлемнің же­тек­ші университеттерінде біліктілі­гін артты­руы­на жағдай жасалды. Соның нәти­жесінде жергілікті кадр­лар­дың кәсі­би деңгейі көтерілді. Егер өңірлік уни­верситеттің өзгерісі туралы пікір­лер­ді жиі естісек, ортақ атқарған жұмысы­мыздың нәтижесі ­деп ойлаймын.

 Бүгінде оқу орнымызда еліміздің әр өңірінен ғана емес, шетелден келген ғалымдар мен оқытушылардың ака­демиялық ортасы қалыптасты. Сол сияқты Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен, Жетісу және еліміздің басқа да өңір­лерінен біздің университетті таңдаған студенттеріміз бар.

Айта кету керек, еліміздегі өңірлік университеттердің әлеуеті өте жоғары. Қарасаңыз, Оксфорд, Кембридж, Гар­вард немесе Принстон сияқты жетекші уни­верситеттердің ешқайсысы астанада орналаспаған. Керісінше, осы оқу орындары өзі тұрған өңірдің дамуына серпін беріп, ғылыми, мәдени және эко­но­микалық орталыққа айналуына ықпал етті. Сондықтан сапалы уни­вер­ситет өңірдің мәртебесін қалыптас­ты­рады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия, бас­қа­рудағы сабақтастық, тұрақты мемле­кеттік қолдау және мықты мамандар қажет. Кәсіби академиялық және бас­қа­ру­шылық команда қалыптас­қан кезде рек­тордың рөлі де өзгереді. Басшы күнделікті мәселелерге емес, оқу орны­ның ұзақмерзімді дамуына, акаде­миялық беделін нығайту­ға, халық­ара­лық әріптестікті кеңей­-
туге, жаңа серік­тестіктер орнатуға көңіл
бөледі.

– Дарынды мектеп түлектерінің көбі сапалы білімді әлі де ірі қала­лардан немесе шетелден іздейді. Өңір­лік университеттердің саналы таңдау жасайтын беделді білім ордасына айналуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Ең әуелі «талант» ұғымына көзқа­растың өзгеріп жатқанын байқаймыз. Адамның академиялық және кәсіби жетістігі оның табиғи қабілетімен немесе интеллект деңгейімен түсіндіріл­се, қазіргі когнитивтік психология мен білім саласындағы зерттеулер жетістікке жетудің қозғаушы күші жеке тұлғаның білім алуын ұйымдастыра білуі, ұзақ­мерзімді мақсатқа табандылықпен ұм­тылуы, қиындықтарды еңсеруі және қателіктерден сабақ ала білуі деп түсін­діреді. Талант – бастапқы мүмкіндік. Ал мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыратын күш – жүйелі еңбек, табанды­лық және үздіксіз даму. Басқаша айтқан­да, адамның әлеуетін жүзеге асыратын – еңбекке деген көзқарасы. Бұл үрдіс әлем­нің жетекші университеттерінің та­­лапкерлерді қабылдау тәсілінен де анық байқалады. Мәселен, Оксфорд пен Кембридж университеттерінде та­лап­­­керлер емтихан нәтижесімен ғана баға­­­­ланбай, әңгімелеуде үміткердің ой қо­­­­рыта білуі, дәлелді пікір айтуы, бел­гі­­­­сіз мә­се­лелерді талдауы және интел­лек­­­­­туал­дық ізденіске дайындығы сараланады.

Студенттің жетістігін оқу үлгерімі­мен ғана өлшемей, ғылымдағы ізденісі, еріктілік қызметі, қоғамдық бастамалар­ға қатысуы, көшбасшылық қабілеті, әлеуметтік жауапкершілігін оның даму көрсеткіші ретінде бағалаймыз. Өйт­кені қоғамға оң өзгеріс әкелетін көшбас­шы­лар аудиторияда емес, қоғамдық өмір­дің бел ортасында қалыптасады. Бізде 2019 жылдан бері жүзеге асыры­лып келе жатқан «Studlife» жобасы бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуіне, командалық мәдениетті қалыптастыруға және бел­­сенді азаматтық ұстанымдарын да­мы­­туға бағытталған. Өйткені ал­ғаш­қы оқу жылы студенттің әрі қарай­ғы ака­демиялық және әлеу­меттік дамуының іргетасын қалайды. Осы қағида Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусын іске қосу барысында да қолға алынды. Халықаралық инженерлік бағдарла­ма­ға түсетін талапкерлердің дайын­дық деңгейі әртүрлі болғандықтан, «Foundation» бағдарламасы арқылы академиялық ағылшын тілін меңгеру, халықаралық білім жүйесіне бейімдеу, күрделі инженерлік бағдарламалар­ды меңгерту қолға алынды. Нәтижесінде студенттер «Computer Engineering, Electrical and Electronic Engineering және Petroleum Engineering» сияқты күрделі білім бағдарламаларын халықаралық дең­гейде меңгеруге мүмкіндік алады. Болашақта жастар сапалы білім алу үшін қай университет менің қабілетім­ді толық ашып, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамытуға мүмкіндік береді деген сұраққа жауап іздейді деп ойлаймын.

– Жастарды мына құбылмалы әлемде табысты болуға үйрету үшін нені қалыптастыру қажет?

– Еңбек нарығы жылдам өзгеріп, технологиялық трансформациялар мен ЖИ ықпалының нәтижесінде жаңа кәсіптер пайда болып, дәстүрлі маман­дықтардың мазмұны өзгеруде. «Word Economic Forum 2030» жылға қарай қазіргі кәсіби дағдылардың шамамен 39%-ы өзгереді немесе өзектілігін жоғалтады, қызметкерлердің 59%-ына қайта даярлау немесе біліктілік арттыру қажет болады деп жазады. Алдағы 10–15 жылда қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын болжау қиын болса да сту­дентті жаңа жағдайға бейімдеуге тыры­самыз. Еңбек нарығы өзгерген са­йын университеттің қоғамдағы рөлі де жаңарады. Бұрын жоғары білім жүйе­сінің негізгі міндеті бір кәсіпке қажетті білім мен дағдыны қалыптастыру болса, бүгінде бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы адамды өмір бойы білім алуға, өзгерістерге бейімделуге және белгісіз жағдайларда тиімді шешім қабылдайтын құзыреттерді қалыптастыруға дайындау керек дейді. Осылайша, жоғары білім degree-first моделінен skills-first қағидатына ауысып келеді. Бұл дегеніңіз, жұмыс берушілерге адамның қай оқу орнын бітіргені емес, оның қандай міндеттерді орындай алатыны, жаңа білімді қаншалықты жылдам меңгеретіні және өзгерістерге қалай бейімделетіні маңызды болады. Бұл дипломның маңызы төмендейді деген емес. Дипломның құндылығы оның артында тұрған білім, дағды және құндылықтар жүйесімен өлшенеді. Сондықтан болашақта дипломнан да маңызды қасиеттер ретінде сыни ойлау, үздіксіз білім алуға дайын болу, жасанды интеллект пен цифрлық технология­ларды меңгеру, жауапкершілік және өзгерістерге бейімделу қабілеті алдыңғы орынға шығады. Себебі технологиялар үнемі жаңарады, кәсіби білім де өзгеріп отырғанымен адамның үйрену қабілеті, ойлау мәдениеті мен құндылықтары бас­ты артықшылығы болып қала бе­реді. Бүгінде университет студентті нақты ­бір мамандыққа даярлаумен қатар оған өмір бойы білім алу мәдениетін, бірнеше рет жаңа бағыттарды меңгеру қабіле­­тін, жаңа технологияларды игеруді және қоғам алдындағы жауапкершілікті үйрете алады. Егер түлектеріміз он не жиыр­ма жылдан жаңа білімді игеріп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрсе, онда оқу орны басты миссиясын орында­ға­ны. Болашақта университет жаңа идеялар қалыптастырып, ғылым мен қоғамның байланысын сақтайтын интеллектуалдық орталық ретінде сақталады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақтөбе облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью