Лаура Қарабасова, Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры: Сапалы білім басты капитал
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
– Қазір университеттердің басты табыс өлшемі неде, білім ордаларының қоғам дамуына қосқан үлесін қалай бағалауға болады?
– Әлемдік тәжірибеде университеттер білім, ғылыми зерттеу және қоғамға қызмет ету бағытын қамтып, осы үш міндеттің бірлігі заманауи университеттің мәнін айқындайды. Ал өңірде орналасқан оқу орындары сапалы кадр даярлап, өңір экономикасының дамуына ықпал ету, өндіріс орындарымен тұрақты ынтымақтастық орнату, инновациялық жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына атсалысуы керек.
Әлемдегі бәсекелестік қалыптасқан салалардың бірі – ғылымда жаңа идеялар ұсынып, зерттеулерін қаржыландыру үшін ғалымдар үздіксіз бәсекеге түседі. Қазіргі жағдайда ағылшын тілін меңгерумен қатар, заманауи зерттеу әдіснамасын игеру, халықаралық ғылыми дискурсқа еркін араласа білу және жергілікті мәселелерді жаһандық ғылыми қауымдастық үшін өзекті тақырыпқа айналдыра алу аса маңызды. Университеттің ең басты капиталы – академиялық репутациясы болса, оны қысқа мерзімде қалыптастыру мүмкін емес. Ол – ондаған жыл бойы жинақталатын сенімнің нәтижесі.
– Бүгінде «университеттің міндеті – тек кәсіби білім мен дағды беру ғана, ал тәрбие беру – отбасының жауапкершілігі» деген пікір жиі айтылады. Осы орайда жеке тұлғаны қалыптастырудағы университеттің жауапкершілік шекарасы қай жерде басталып, қай жерде аяқталуы керек деп ойлайсыз?
– Тәрбие – тұлғаның дүниетанымын, құндылықтарын және өмірлік ұстанымын қалыптастыратын үздіксіз үдеріс болса, университет – адамның интеллектуалдық, азаматтық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне ықпал ететін орта. Себебі қоғамға кәсіби білікті маман емес, сыни ойлай алатын, қоғамдық жауапкершілікті сезінетін, этикалық ұстанымы берік азамат қажет. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың да мазмұны айқындала түсті. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасын, «Адал азамат» концепциясын ұсынуы жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысын жаңа деңгейде ұйымдастыруға қозғау салды. Біз 15 мыңға жуық студентімізді түгел қамтыдық. Оқытушылардың кәсіби әдебі, басшылықтың басқару мәдениеті, қабылданатын шешімдердің әділдігі, адамдар арасындағы өзара құрмет пен тең қарым-қатынас – мұның бәрі тәрбиенің ықпалды тетіктері. Егер өз арамызда әділетсіздікке жол беріліп, студенттерге жөнсіз талап қойылса, құндылықтардың ешқайсысы шынайы нәтиже бермейді. Университет – кәсіби біліммен қатар академиялық адалдық, кәсіби этика, азаматтық жауапкершілік, пікірталас мәдениеті және сындарлы диалог жүргізу қабілеті бар орта. Түпкі мақсат – сөзі мен ісіне жауап беретін, заң мен ережені құрметтейтін маман даярлау. Олар кімге қарап бағыт түзейді? Үш жыл бұрын Жұбанов университетінде енгізілген менторлық жүйе де студенттердің ортаға тез бейімделуіне, академиялық жетістігін арттыруға, құқықтық мәдениетін нығайтып, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды. Ментор – дәстүрлі куратордың қызметін қайталаушы емес, студенттің жеке және академиялық дамуына кәсіби қолдау көрсететін маман. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен, жастар ұйымдарымен және мемлекеттік жастар саясатын іске асыратын мекемелермен тығыз жұмыс істейтін 71 менторымыз бар.
– Университетті басқарғаныңызға бес жыл болды. Осы уақыт ішінде ашық әрі заманауи білім ордасын қалыптастырдыңыз. Өңірде бәсекеге қабілетті университет қалыптастырудың сыры неде?
– Жасыратыны жоқ, перифериядағы білім туралы қасаң түсініктер әлі де бар. Оксфорд университетінің зерттеушісі Майя Чанкселиани посткеңестік жоғары білім жүйесін зерттей отырып, көптеген елде өңірлік университеттердің білім сапасы төмен деген жаңсақ пікірдің сақталғанын айтады. Мұндай көзқарастың қалыптасуына қаржыландырудың жеткіліксіздігі, ғылыми инфрақұрылымның әлсіздігі мен талантты кадрлардың орталық қалаларға шоғырлануы әсер етті. Алайда кейінгі жылдары елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған саясат жаңа серпін алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ғылым мен жоғары білімге көрсетілетін қолдау айтарлықтай артты. Мұның нәтижесін біз өз университетіміздің дамуынан көріп отырмыз. Осы алты жылда университетті қаржыландыру көлемі он есеге жуық өсіп, зертханалар жаңғыртылды, жаңа ғылыми бағыттар дами бастады. Басқа өңірлерге кеткен ақтөбелік ғалымдардың бір бөлігі оралды. Соның нәтижесінде ғылыми мектеп қалыптаса бастады, зерттеушілердің кәсіби әлеуеті нығайды, оқытушылардың әлеуметтік жағдайы жақсарды.
– Осыдан үш жыл бұрын британдық Heriot-Watt халықаралық университетімен стратегиялық серіктестік орнату да – сәтті жобалардың бірі. Қазір алғашқы қабылданған студенттеріңіз маман болуға әзір. Бұл қаншалықты мүмкін болды?
– 2023 жылы Ақтөбе қаласында беделді британдық Heriot-Watt университетімен стратегиялық серіктестік орнатып, халықаралық инженерлік мектептің өңірге келуіне жол ашылды. Біз үшін ең маңызды міндеттердің бірі академиялық ортадағы интеллектуалдық тұйықтықты еңсеру болды. Өйткені өңірлік университеттерде бір оқу орнында білім алып, сол жерде еңбек жолын жалғастырған мамандардың үлесі жоғары. Алайда мұндай тәжірибе сабақтастықты сақтағанымен, тың бастамалардың келуін шектеп, академиялық ортаның жаңаруын баяулатады. Кадрлық саясатты әртараптандыру мақсатында «Talent Management» бағдарламасы арқылы шетелдің жетекші университеттерінде білім алған жас қазақстандық мамандарды Ақтөбеге шақырдық. Осы бағдарламамен Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Орал, Қызылордадан келген жас ғалымдар халықаралық тәжірибе мен жаңа академиялық мәдениетті ала келді. Екіншіден, оқытушылардың ағылшын тілін меңгеруіне, халықаралық тағылымдамаларға қатысып, ғылыми жобаларға қосылуына, әлемнің жетекші университеттерінде біліктілігін арттыруына жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жергілікті кадрлардың кәсіби деңгейі көтерілді. Егер өңірлік университеттің өзгерісі туралы пікірлерді жиі естісек, ортақ атқарған жұмысымыздың нәтижесі деп ойлаймын.
Бүгінде оқу орнымызда еліміздің әр өңірінен ғана емес, шетелден келген ғалымдар мен оқытушылардың академиялық ортасы қалыптасты. Сол сияқты Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен, Жетісу және еліміздің басқа да өңірлерінен біздің университетті таңдаған студенттеріміз бар.
Айта кету керек, еліміздегі өңірлік университеттердің әлеуеті өте жоғары. Қарасаңыз, Оксфорд, Кембридж, Гарвард немесе Принстон сияқты жетекші университеттердің ешқайсысы астанада орналаспаған. Керісінше, осы оқу орындары өзі тұрған өңірдің дамуына серпін беріп, ғылыми, мәдени және экономикалық орталыққа айналуына ықпал етті. Сондықтан сапалы университет өңірдің мәртебесін қалыптастырады. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия, басқарудағы сабақтастық, тұрақты мемлекеттік қолдау және мықты мамандар қажет. Кәсіби академиялық және басқарушылық команда қалыптасқан кезде ректордың рөлі де өзгереді. Басшы күнделікті мәселелерге емес, оқу орнының ұзақмерзімді дамуына, академиялық беделін нығайтуға, халықаралық әріптестікті кеңей-
туге, жаңа серіктестіктер орнатуға көңіл
бөледі.
– Дарынды мектеп түлектерінің көбі сапалы білімді әлі де ірі қалалардан немесе шетелден іздейді. Өңірлік университеттердің саналы таңдау жасайтын беделді білім ордасына айналуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ең әуелі «талант» ұғымына көзқарастың өзгеріп жатқанын байқаймыз. Адамның академиялық және кәсіби жетістігі оның табиғи қабілетімен немесе интеллект деңгейімен түсіндірілсе, қазіргі когнитивтік психология мен білім саласындағы зерттеулер жетістікке жетудің қозғаушы күші жеке тұлғаның білім алуын ұйымдастыра білуі, ұзақмерзімді мақсатқа табандылықпен ұмтылуы, қиындықтарды еңсеруі және қателіктерден сабақ ала білуі деп түсіндіреді. Талант – бастапқы мүмкіндік. Ал мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыратын күш – жүйелі еңбек, табандылық және үздіксіз даму. Басқаша айтқанда, адамның әлеуетін жүзеге асыратын – еңбекке деген көзқарасы. Бұл үрдіс әлемнің жетекші университеттерінің талапкерлерді қабылдау тәсілінен де анық байқалады. Мәселен, Оксфорд пен Кембридж университеттерінде талапкерлер емтихан нәтижесімен ғана бағаланбай, әңгімелеуде үміткердің ой қорыта білуі, дәлелді пікір айтуы, белгісіз мәселелерді талдауы және интеллектуалдық ізденіске дайындығы сараланады.
Студенттің жетістігін оқу үлгерімімен ғана өлшемей, ғылымдағы ізденісі, еріктілік қызметі, қоғамдық бастамаларға қатысуы, көшбасшылық қабілеті, әлеуметтік жауапкершілігін оның даму көрсеткіші ретінде бағалаймыз. Өйткені қоғамға оң өзгеріс әкелетін көшбасшылар аудиторияда емес, қоғамдық өмірдің бел ортасында қалыптасады. Бізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Studlife» жобасы бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуіне, командалық мәдениетті қалыптастыруға және белсенді азаматтық ұстанымдарын дамытуға бағытталған. Өйткені алғашқы оқу жылы студенттің әрі қарайғы академиялық және әлеуметтік дамуының іргетасын қалайды. Осы қағида Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусын іске қосу барысында да қолға алынды. Халықаралық инженерлік бағдарламаға түсетін талапкерлердің дайындық деңгейі әртүрлі болғандықтан, «Foundation» бағдарламасы арқылы академиялық ағылшын тілін меңгеру, халықаралық білім жүйесіне бейімдеу, күрделі инженерлік бағдарламаларды меңгерту қолға алынды. Нәтижесінде студенттер «Computer Engineering, Electrical and Electronic Engineering және Petroleum Engineering» сияқты күрделі білім бағдарламаларын халықаралық деңгейде меңгеруге мүмкіндік алады. Болашақта жастар сапалы білім алу үшін қай университет менің қабілетімді толық ашып, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамытуға мүмкіндік береді деген сұраққа жауап іздейді деп ойлаймын.
– Жастарды мына құбылмалы әлемде табысты болуға үйрету үшін нені қалыптастыру қажет?
– Еңбек нарығы жылдам өзгеріп, технологиялық трансформациялар мен ЖИ ықпалының нәтижесінде жаңа кәсіптер пайда болып, дәстүрлі мамандықтардың мазмұны өзгеруде. «Word Economic Forum 2030» жылға қарай қазіргі кәсіби дағдылардың шамамен 39%-ы өзгереді немесе өзектілігін жоғалтады, қызметкерлердің 59%-ына қайта даярлау немесе біліктілік арттыру қажет болады деп жазады. Алдағы 10–15 жылда қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын болжау қиын болса да студентті жаңа жағдайға бейімдеуге тырысамыз. Еңбек нарығы өзгерген сайын университеттің қоғамдағы рөлі де жаңарады. Бұрын жоғары білім жүйесінің негізгі міндеті бір кәсіпке қажетті білім мен дағдыны қалыптастыру болса, бүгінде бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы адамды өмір бойы білім алуға, өзгерістерге бейімделуге және белгісіз жағдайларда тиімді шешім қабылдайтын құзыреттерді қалыптастыруға дайындау керек дейді. Осылайша, жоғары білім degree-first моделінен skills-first қағидатына ауысып келеді. Бұл дегеніңіз, жұмыс берушілерге адамның қай оқу орнын бітіргені емес, оның қандай міндеттерді орындай алатыны, жаңа білімді қаншалықты жылдам меңгеретіні және өзгерістерге қалай бейімделетіні маңызды болады. Бұл дипломның маңызы төмендейді деген емес. Дипломның құндылығы оның артында тұрған білім, дағды және құндылықтар жүйесімен өлшенеді. Сондықтан болашақта дипломнан да маңызды қасиеттер ретінде сыни ойлау, үздіксіз білім алуға дайын болу, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеру, жауапкершілік және өзгерістерге бейімделу қабілеті алдыңғы орынға шығады. Себебі технологиялар үнемі жаңарады, кәсіби білім де өзгеріп отырғанымен адамның үйрену қабілеті, ойлау мәдениеті мен құндылықтары басты артықшылығы болып қала береді. Бүгінде университет студентті нақты бір мамандыққа даярлаумен қатар оған өмір бойы білім алу мәдениетін, бірнеше рет жаңа бағыттарды меңгеру қабілетін, жаңа технологияларды игеруді және қоғам алдындағы жауапкершілікті үйрете алады. Егер түлектеріміз он не жиырма жылдан жаңа білімді игеріп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрсе, онда оқу орны басты миссиясын орындағаны. Болашақта университет жаңа идеялар қалыптастырып, ғылым мен қоғамның байланысын сақтайтын интеллектуалдық орталық ретінде сақталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақтөбе облысы
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:20
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 22 Шілде 2026 08:36 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















