Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Кәсіпорын үшін ең маңыздысы – тауарын дүкен сөресіне жеткізіп, тұтынушыға ұсына алу. Осы тұста қазақстандық өндірушілер ірі сауда желілеріне кіру, қолайлы орын алу, маркетплейстерде көріну және импорттық өнімдермен тең жағдайда бәсекелесу мәселесіне тап болады.
Енді Үкімет бұл кедергілерді заңнамалық талаптар, сауда желілерімен жасалған меморандумдар және цифрлық құралдар арқылы азайтуды көздеп отыр. Жаңа тәсіл бойынша отандық тауарларға бөлінетін орын жалпы көрсеткіш ретінде ғана есептелмей, әрбір санат пен кіші санат бойынша жеке қарастырылмақ. Бұл талаптың қағаз жүзінде орындалуына жол бермеуге тиіс.
Мұндай өзгерістер ішкі сауда көлемі айтарлықтай өсіп отырған кезеңде қолға алынып отыр. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанның ішкі тауар айналымы 15,3%-ға ұлғайып, 36,2 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде азық-түлік саудасы 27,8%-ға өсіп, 8,7 трлн теңгені құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың сатылымы 11,7%-ға артып, 27,3 трлн теңгеге жетті.
Нарық көлемінің ұлғаюы отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндік болғанымен, саудадағы өсім автоматты түрде жергілікті өндірушілердің үлесін арттырмақ емес. Егер дүкен сөрелерінде импорттық тауарлар басым тұрса немесе қазақстандық өнім тұтынушыға көрінбейтін жерде орналастырылса, өндіріс көлемінің артуы кәсіпорындардың нақты табысына толық әсер етпеуі мүмкін.
Отандық өнімге орын бөлу – оң шешім
Сондықтан қолданыстағы талап бойынша азық-түлік тауарларына арналған сөрелердің кемінде 50%-ы, азық-түлікке жатпайтын тауарлар сөресінің кемінде 30%-ы отандық өнімге берілуге тиіс. Мемлекеттік қолдау алған сауда нысандарында бұл норматив тағы 20%-ға жоғарылайды. Бұған қоса, қазақстандық өнімдер қолжетімді әрі көзге бірден түсетін орындарға қойылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбалануы керек.
Бұл талаптар енді дәстүрлі дүкендермен шектелмейді. Қазақстандық тауарларды Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ секілді маркетплейстерде де арнайы белгілеу қарастырылған. Өйткені тұтыну нарығының бір бөлігі интернетке ауысқан жағдайда, тек дүкен сөресінен орын бөлу жеткіліксіз. Отандық өнім цифрлық сауда алаңдарында да іздеу нәтижелерінен, санаттардан және ұсыныстар тізімінен көрінуі қажет.
Ranking.kz сарапшыларының түсіндіруінше, жаңа талап сауда желілерінің отандық өнімге орын бөлуді тек есеп үшін орындауына жол бермеуі керек.
«Егер белгіленген үлес әрбір тауар санаты бойынша жеке есептелсе, дүкендер талапты бірнеше өнім түрімен ғана орындап қоя алмайды. Қазақстандық тауарлар сауда орнының әр бөлімінде нақты ұсынылуға тиіс», – деп түсіндіреді сарапшылар.
Экономист Эльдар Шамсутдиновтің сөзінше, отандық өндірісті қолдаудың ең қарапайым әрі тиімді жолы – жергілікті тауарды сатып алу.
«Әрине патриотизм сапаның орнын баса алмайды. Отандық өндіруші баға, сапа және қызмет көрсету жағынан бәсекеге қабілетті болуы керек. Бірақ көрші елдер экспортты белсенді субсидиялап, өз нарығын қорғап отырған кезде дамушы экономикада бәсекеге қабілетті өндіріс бірден қалыптаспайды. Сондықтан бағасы мен сапасы көңілге қонымды отандық тауарды сатып алу – экономикалық таңдау ғана емес, азаматтық жауапкершілік», – дейді экономист.
Қазір отандық өнімнің саудаға шығуын жеңілдету үшін жаңа өндірушілерге арнайы стартап сөрелері мен «жасыл» сауда орындарын ашу жоспарланған. Сауда желілеріне жеткізушілердің тауарын қабылдаудан негізсіз бас тартуға тыйым салынады. Сонымен қатар сауда орнын жалдау ақысын жылына бір реттен жиі қайта қарауға болмайды. Осы талаптарды іске асыру үшін Magnum, Small, «Дина» және басқа да ірі сауда желілерімен, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен меморандумдар жасалған.
Өз өніміңде пайда бар
Алайда отандық өнімді қолдау дүкен сөресінен орын берумен немесе тұтынушыны жергілікті тауар сатып алуға шақырумен шектелмейді. Бұл саясаттың екінші маңызды бөлігі – мемлекет тарапынан тұрақты тапсырыс қалыптастыру. Ұлттық аналитикалық орталықтың аға зерттеушісі Расул Қоспановтың пікірінше, осы бағыт елдің қазіргі экономикалық саясатында айқын көріне бастаған.
2025 жылы отандық тауар өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттардың көлемі 2,3 трлн теңгеден асты. Ал мемлекеттік сатып алу, «Самұрық-Қазына» қоры мен жер қойнауын пайдаланушылар жасасқан келісімшарттардың жиынтық көлемі 596 млрд теңгеге жетті.
Осындай кепілді тапсырыстардың арқасында бұрын арзан импортпен бәсекелесе алмай, ірі компаниялардан тапсырыссыз қалған кәсіпорындар өндірісін қайта жандандыра бастады. Мысалы, Қарағандыдағы Kaz-metiz зауыты ұзақмерзімді келісімшарттарға қол жеткізгеннен кейін болат сым мен болат арқан өндірісін 7,3 мың тоннадан астам көлемге ұлғайтты.
Расул Қоспановтың айтуынша, офтейк-келісімшарттар, мемлекеттік сатып алуда отандық компанияларға басымдық беру, өндірісті жергіліктендіру және отандық тауар өндірушілердің реестрін құру бұрын жекелеген қолдау шаралары ретінде қабылданатын. Қазір бұл тетіктер біртұтас өнеркәсіптік саясатқа біріге бастады. Оның негізгі қағидасы – мемлекет нарықты сырттай бақылаушы ғана емес, отандық өнеркәсіптің алғашқы ірі тапсырыс берушісі болуы керек.
Сарапшы мұндай тәсілдің әлемдік тәжірибеде бұрыннан қолданылғанын атап өтті. Соғыстан кейінгі Францияда Шарль де Голль үкіметі стратегиялық салаларды қолдап, ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырды және ұлттық технологияларды дамытуға жағдай жасады. Соның нәтижесінде Renault, Total және EDF секілді ірі ұлттық компаниялардың күшеюіне жол ашылды. Франция өнеркәсіптік саясатты шетел капиталы мен аса маңызды импортқа тәуелділікті азайтатын ұлттық егемендіктің бір бөлігі ретінде қарастырды.
Осыған ұқсас саясатты 2011-2018 жылдары Малайзия да жүргізді. Ел билігі трансұлттық корпорацияларға жергілікті жеткізушілермен көбірек жұмыс істеу талабын қойып, өндірісті жергіліктендіруді кеңейтті. Ал Қазақстандағы қазіргі бағытты Расул Қоспанов «ақылды протекционизм» деп бағалайды. Бұл – нарықты импорттан толық жабу емес, мемлекеттік тапсырыс пен нақты талаптар арқылы отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Импорттан асу «әсте-әсте»
Импортқа тәуелділіктің біртіндеп төмендеуі де осы үрдісті растайды. 2026 жылдың алғашқы жартысында критикалық азық-түлік импортының үлесі 15,3%-дан 14,7%-ға азайған. Бірақ бұл көрсеткішті тек шектеу шаралары арқылы одан әрі төмендету мүмкін емес. Импортты алмастыру үшін отандық кәсіпорын ішкі нарыққа сапалы, қолжетімді және тұрақты көлемдегі өнім ұсынуға тиіс.
Осы мақсатта тауар сапасына бақылау күшейтілуде. Қазір 11 тауар тобы сауда сөрелерінде және шекарада тексеріледі. Елде 20 техникалық регламент пен 9 756 ұлттық стандарт қолданылады. Бұл талаптар ішкі нарықты сапасыз тауардан және жосықсыз импорттаушылардан қорғаумен бірге, қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.
Мәселен, 29 «Халал» стандартының енгізілуі нәтижесінде екі жылда ет экспорты 50%-ға өскен. Демек стандарттау кәсіпкерлер үшін қосымша кедергі ғана емес, жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік беретін құралға айналуы мүмкін.
Сауда жүйесін цифрландыру да отандық өнімді өткізуге ықпал етпек. Ұлттық тауарлар каталогында 85 мың тауар мен қызмет түрі жіктеліп, 30 млн тауар цифрландырылған. Жүйеде 67,7 мың пайдаланушы тіркелген. Осы каталог негізінде жасанды интеллект көмегімен нарықты талдайтын «Сауданың цифрлық айнасы» әзірленіп жатыр.
Қазақстан ұн мен зығыр экспорты бойынша әлемде екінші, жасымықтан төртінші, күнбағыс майынан алтыншы, бидайдан жетінші, арпадан сегізінші орында. Бұл деректер елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп қана қоймай, сыртқы нарыққа ірі көлемде жеткізе алатынын көрсетеді.
Бұл саясаттың түпкі мақсаты импортты толық ығыстыру емес. Негізгі міндет – қазақстандық кәсіпорынға әділ бәсекелесу мүмкіндігін беру, ішкі нарықтағы орнын күшейту және сапалы өніммен сыртқы нарыққа шығуына жағдай жасау.
Кәмила ДҮЙСЕН