Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Суретке анықтама: Арғұн ханның 1289 жылы 11 мамырда француз королі ІV Филиппке жазған хатының тұпнұсқасында «Мәңгі Тәңірінің күші» сөздерімен басталған
Аcылында, Шыңғыс ханның қоластына әртүрлі өңірлерден топтасқан көшпелі әскери жасақтардың қоғамдық-саяси және мәдени даму деңгейі Ұлы даладағы ежелден қалыптасқан түркі мемлекеттерінің өркениеттік болмысымен салыстырғанда өзгеше болатын. Сондықтан Алтын Орда өзінің шынайы келбетін жаугершілік дәстүрден емес, Дешті Қыпшақ кеңістігіндегі түркілік мемлекеттік тәжірибе мен жергілікті өркениеттік негізден тапты. Оның басқару жүйесі, тілі, мәдениеті мен рухани дүниесі уақыт өте келе түркілік сипатқа толықтай бейімделіп, кейінгі Қазақ хандығының қалыптасуына берік негіз қалады.
Ең бастысы, Шыңғыс хан өзі құрған империясының мемлекеттік идеологиясы етіп, бес ғасыр бұрын ІІ Түрік қағанатының жария еткен «Мәңгі ел» идеологиясын алуы болды. Бұл ұғым VIII ғасырдағы Көк Түрік бітіктастарында елдің тұтастығы мен мемлекеттің мәңгілігін аңсаған асқақ мұрат ретінде көрініс тапса, кейінгі дәуірлерде де Ұлы даладағы мемлекеттік сананың асыл арқауына айналды.
Шыңғыс ханның жорықтары қарсаңында қоластындағы ру-тайпалар мен Дешті Қыпшақты мекендеген түркі жұртының дүниетанымы мен рухани құндылықтарында да ортақ сипаттар басым еді. Солардың өзегінде көне дәуірден жалғасқан Тәңірге табыну дәстүрі жатты. Француздың белгілі зерттеушісі Жан-Поль Ру бұл дүниетанымдық жүйені «тенгризм» деп сипаттайды. Көк Тәңірді күллі жаратылыстың иесі деп таныған түркі-моңғол халықтары Көк Аспан мен қара Жерді қасиетті ұғым ретінде қастерледі.
Бұл рухани сабақтастық көне жазба мұралардан да анық байқалады. Орхон бітіктастарындағы: «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» деген әйгілі жолдар мен «Құпия шежіредегі» Шыңғыс ханға қатысты «Көкте – Тәңір, жерде – қаған» деген тұжырымдардың астарынан ортақ дүниетаным мен мемлекеттік танымның сабақтастығы аңғарылады. Демек, Алтын Орданың рухани кеңістігі – тек әскери жеңістердің жемісі емес, Ұлы далада ғасырлар бойы қалыптасқан түркілік дүниетаным мен мемлекеттік дәстүрдің заңды жалғасы.
Алтын Орда дәуірінде ортағасырлық түркілердің «Мәңгі ел» идеясы ресми түрде «Мәңгі Тәңірінің күші» атауымен көрініс тапты. Мұны сол дәуірден жеткен тарихи деректер дәлелдейді. Атап айтқанда, «Мәңгі Тәңірінің күшімен...» деген сөздер Күйік ханның мөрінде, Арғұн ханның Франция королі IV Филипке жолдаған хатында, сондай-ақ Алтын Орда ханы Өзбектің елшісінің өкілеттігін растаған құжаттарында кездеседі.
Сондықтан Шыңғыс ханның қоластындағы ру-тайпалар мен Орталық Азияны мекендеген түркі халықтары бір империяның құрамына біріккен кезде ортақ дүниетанымдық кеңістікте өмір сүрді. Осы ортақ рухани-идеялық негіз олардың империялық мемлекет құрғанда да сақталып, Түрік қағанаты мен Алтын Орда дәуірінде «Мәңгі ел» мұраты мемлекеттік идеологияның өзегіне айналды. Сонымен қатар қазіргі ғылыми айналымда қолданылатын «моңғол» терминінің де тарих сахнасына осы «Мәңгі ел» идеясымен сабақтас кезеңде шыққаны жөнінде пікірлер айтылады.
Мұндай тұжырым жасауға бірнеше тарихи фактор негіз болады.
Біріншіден, Шыңғыс ханның қоластындағы ру-тайпалардың басым бөлігі бұрын ІІ Шығыс Түрік қағанатының құрамына кіріп, қағанат жариялаған «Мәңгі ел» идеясымен танысып қана қоймай, оны мемлекеттік мұрат ретінде қабылдаған.
Екіншіден, ІІ Шығыс Түрік қағанатының «Мәңгі ел» идеологиясы Өтүкенмен тікелей байланыстырылып жарияланғаны белгілі. Орхон бітіктастарындағы: «Өтүкен жынысында отырсаң, Мәңгі ел тұтып отырар ең» деген жолдар – осының айқын дәлелі. Ал «Құпия шежіреде» Шыңғыс хан Тұғрыл хан мен Жамұқаға ризашылығын білдіре отырып: «Аспан мен Жер бізге күш-қуат берді, құдіретті Тәңірі жар болды, ал Жер-Ана Өтүкенді кеудесіне көтерді», дейді.
Үшіншіден, «Алтын тобчыда» Шыңғыс хан Тәңіріге тағзым етіп: «Өзіңнің өсиетіңмен Өтүкенде менен жоғары ешкімді қойған жоқсың. Менен биік тек менің бөркім ғана!» дейді (XI тарау). Бұл дерек Шыңғыс ханның Өтүкеннің түркі мемлекетшілдік дәстүріндегі ерекше орнын және оның «Мәңгі ел» мұратымен сабақтастығын жақсы білгенін аңғартады. Сондай-ақ шығармада: «...алты ұлысы шашу-таралғыдан тартып, қисапсыз көп дүние-мүлік тарту етіп, қадір тұтады, елшілері келіп сиынады, Мәңгі жердің мәртебесі артады» деген жолдар да кездеседі.
Осы мәселеге қатысты белгілі моңғолтанушы С.Дулам Өтүкенді ежелгі дүниетанымдағы киелі кеңістік әрі біріккен мемлекеттің рәмізі ретінде бағалайды. Ғалымның пайымдауынша, Өтүкен кейін біріккен Моңғол мемлекетінің қасиетті рәмізіне айналған. Бұл пікір де Өтүкен ұғымының «Мәңгі жер», «Мәңгі мемлекет», яғни «Мәңгі ел» идеяларымен астасып жатқанын көрсетеді.
Белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев те мемлекеттердің өзін мәңгілікпен байланыстыра атауы тарихта жиі кездесетін құбылыс екенін атап өтеді. Ол «Каспий маңындағы мыңжылдық» атты еңбегінің «Инерциялық фаза – Мәңгі ел» бөлімінде: «Римдіктер астанасын «Мәңгі қала», ал түркілер өз державасын «Мәңгі ел» деп атады», деп жазады. Кейбір тарихшылар Хубилай хан таққа отырғаннан кейін қытай ақсүйектерінің қолдауына ие болу мақсатында «Яса» заңынан ауытқып, «Мәңгі ел» ұлысының атауын қытайша «Юань» деп өзгерткенін айтады. Сонымен бірге, бірқатар зерттеушілер қытай тіліндегі «юань» атауының мағыналық тұрғыдан «мәңгі» ұғымымен сабақтас екенін де алға тартады.
«Монгол» атауының этноним емес екендігін бірқатар тіл маманы да алға тартады. Ортағасырлық этнонимдердің сөзжасамдық құрылымын зерттегенде көптік мәнді білдіретін -ар/-ер, -ир, -т, -с сияқты қосымшалардың кеңінен қолданылғаны байқалады. Мәселен, татар, жалайыр, авар, оғыз, икірас, сұлдұс, қият, қоңырат, дулат, оймауыт, арулат, чаншиут, керейіт секілді атаулар осы үлгіге жатады. Ал «Монгол» терминіндегі -л аффиксі көне этнонимдердің құрылымында кездеспейтіндіктен, оны кейбір зерттеушілер этноним емес, жасанды саяси атау – политоним ретінде қарастырады. Сонымен қатар Б.Я.Владимирцов пен Ф.Д.Лессинг моңғол тіліндегі «mongke» сөзінің «мәңгі» мағынасын білдіретінін көрсеткен. Бұл пікірді қолдай отырып, Г.Клаусон мен Г.Й.Рамстедт аталған сөздің моңғол тіліне түркі тілінен енгенін айтады. Белгілі тарихшы Л.Н.Гумилев те Түрік қағанатының мемлекеттік құрылымына талдау жасай отырып, оның беріктігін әскери және әлеуметтік жүйенің тұтастығымен байланыстырған. Ғалымның пікірінше, түркілер өз мемлекетінің тұрақтылығын өзгелерден айрықша көрсету мақсатында оны «Мәңгі ел» деп атаған.
Осы көзқарасты түркі-моңғол тарихы мен дүниетанымын зерттеуші татарстандық ғалым Р.Н. Безертинов те қолдайды. Оның пайымдауынша, орда біртіндеп хандыққа, ал хандық қағанатқа ұласты. Түркілер өз мемлекетін «ел» немесе «іл» деп атап, оны уақытша әскери бірлестіктерден жоғары қоя білді. Сондықтан да мемлекет тұрақтылығының нышаны ретінде «Мәңгі ел» ұғымы қалыптасты. Ғалымның пікірінше, «Мәңгі ел» құру идеясы түркі дүниесінің бүкіл тарихын көктей өтіп, ондаған империялар мен хандықтардың дүниеге келуіне рухани негіз болды.
Сонымен қатар бұл идеология түркі-моңғол халықтарының этникалық және өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, оларды ортақ саяси кеңістікке біріктіретін бірегейлік тұғыры қызметін атқаруға тиіс болды. Мұны Мөңке ханның грамотасынан да аңғаруға болады. Рубруктың аудармасында: «Біз – моалдар (моңғолдар), наймандар, меркіттер, мұсылмандар атынан франк королі Людовикке, басқа патшаларға, дінбасыларға және ұлы франк халқына Мөңке ханның өсиетін жеткіземіз», – делінеді.
Осы тұрғыдан алғанда, В.Бартольдтың «Моңғол» атауы Шыңғыс хан дәуірінде алдымен мемлекет атауы ретінде қолданылып, кейін ғана халық атауына айналды» деген тұжырымы назар аударуға тұрарлық. Дегенмен бұл пікірді толықтыра түсетін тағы бір көзқарас бар. Оған сәйкес, Шыңғыс хан империясы кезеңінде «моңғол» атауы этнонимнен гөрі саяси атау – политоним ретінде қолданылып, империялық мемлекеттік идеологияның мазмұнын білдірген. Бұл идеология жаңадан қалыптасқан құбылыс емес, ежелгі түркі дүниетанымы негізінде орныққан Түрік қағанатының «Мәңгілік ел» мұратының жалғасы ретінде қарастырылады. Осыған байланысты бірқатар зерттеушілер «моңғол» терминінің де «Мәңгі ел» идеясымен сабақтас екенін алға тартады.
Сонымен, VIII ғасырдың басында ІІ Шығыс Түрік қағанаты жариялаған «Мәңгі ел» мұраты, Қарахан мемлекеті тұсында әл-Фараби негіздеген мәңгілік туралы саяси-философиялық ойлар және Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» көрініс тапқан мемлекеттік басқару мен құқықтық қағидалар кейін Шыңғыс хан құрған Алтын Орданың идеологиялық кеңістігінде жаңа сипатпен жалғасын тапты. Ұлы империяны қалыптастыру барысында Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары өздеріне дейінгі түркі мемлекеттерінің басқару тәжірибесін, сондай-ақ түркі ойшылдары қалыптастырған мемлекетшілдік қағидаларын тиімді пайдаланды. Соның нәтижесінде Алтын Орда дәуірінде қалалар өркендеп, мемлекеттік басқару жүйесі жетіліп, Еуразия кеңістігінде өркениеттік дамудың жаңа кезеңі қалыптасты. Мұны бүгінгі зерттеушілер де Алтын Орданың тарихи жетістіктерінің бірі ретінде
бағалайды.
Осылайша, түркілердің «Мәңгі ел» идеясы Алтын Орданың ұлық ұлыстарында тарихи сабақтастықпен жалғасып, XV ғасырда Орталық Азиядағы дербес хандықтардың қалыптасуына рухани және саяси негіз қалады. Кейін бұл үдеріс ұлттық мемлекеттердің дүниеге келуіне ұласып, сол дәуірдегі қоғамдық дамудың табиғи әрі өркениеттік заңдылығын айқындады.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атынағы ЕҰУ Ортағасырлық деректану ҒЗО директоры, ҰҒА құрметті академигі