Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
2024–2025 жылдары Гидробиология және экология институты тарапынан Түпқараған түбегінің жағалау аймақтарында, Итбалық аралдарында, Кендірлі шығанағында, сондай-ақ Ақтау және Ақшұқыр жағалауында экспедициялық, далалық және зертханалық зерттеу жүргізілген.
Жағалау сызығы тексеріліп, морфометриялық өлшемдер алынып, биологиялық сынамалар жиналған. Сонымен қатар, гистологиялық, токсикологиялық және гидрохимиялық талдау жасалған.
— Зерттеу нәтижесі бойынша Каспий итбалықтарының жаппай қырылуы көпфакторлы сипатқа ие екені анықталды. Қырылу қолайсыз гидрометеорологиялық жағдайлармен, антропогендік әсермен (балық аулау торына шырмалу, механикалық жарақат), ішкі ағзалардың жүйелі патологиялық өзгерістерімен (инфекциялық және қоршаған орта факторларымен байланысты болуы ықтимал), сондай-ақ тіршілік ортасының ластануымен, оның ішінде судағы мұнай өнімдерінің мөлшерінің жоғары болуымен байланысты болуы мүмкін, — делінген жауапта.
Гидробиология және экология институтының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың көктем–күз кезеңінде Түпқараған түбегінің, Қанға және Қаражанбас учаскелерінің жағалау сызықтары тексеріліп, барлығы 346 өлексе табылған.
Фото: Гидробиология және экология институты2023 жылы көктем–күз маусымдарында Қаражанбас және Түпқараған учаскелерінде 295 өлексе тіркелді.
2024 жылдың күз–қыс кезеңінде Түпқараған түбегінің жағалауында бірінші экспедиция барысында 305 өлексе, екінші экспедиция кезінде 31 өлексе табылды. Маусым қорытындысы бойынша табылған өлген жануарлардың жалпы саны 1981-ге жетті.
2025 жылдың көктемінде зерттелген учаскелерде 293 өлексе тіркеліп, оның 117-сі егжей-тегжейлі зерттелді. 2025 жылдың күзінде 183 өлексе табылды.
Сонда осы 4 жылда, яғни 2022-2025 жылдар аралығында бас-аяғы 3433 итбалық өлген.
Зерттеу материалдары жағдайға жедел әрекет ету және мониторинг жүргізу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданған.
Фото: Гидробиология және экология институты— Каспий итбалықтарының жаппай қырылуы теңіз ортасының қолайсыз жағдайын көрсетеді және Каспий теңізі экожүйесінің орнықтылығына қауіп төндіреді. Судың құрылымындағы кей компоненттердің нормативтен жоғары болуы түрдің тіршілік етуіне қолайсыз жағдай қалыптасқанын растайды. Популяция санының азаюы және негізінен жас итбалықтардың жаралануы түрдің көбеюіне және биологиялық тұрақтылығына ұзақмерзімді теріс әсер етуі мүмкін екенін білдіреді, — делінген жауапта.
Гидробиология және экология институты зерттеу нәтижесінен кейін Каспий теңізі акваториясында экологиялық мониторингті күшейтуді, антропогендік әсерді, соның ішінде балық аулау қызметі мен ластануды бақылауды қатаңдатуды, кешенді токсикологиялық, инфекциялық және гистологиялық зерттеулерді жалғастыруды ұсынып сондай-ақ Каспий итбалығы популяциясын сақтау шараларын әзірлеу қажеттігін айтқан.
Бұған дейін Маңғыстауда теңіз жағалауынан 279 итбалықтың өлексесі табылған еді.