Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарады. Талқылау кезінде құжатқа тиісті түзету енгізіп, заңды жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтарды. Аталған заң қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар құжатта қайта өңдеу саласын дамытуға және гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіруге қатысты маңызды түзетулер қарастырылған.
Сенаторлардың айтуынша, заң экология саласын цифрландыруды, көміртекті офсеттеу мен климаттық қаржыландыру тетіктерін дамытуды, сондай-ақ, инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жобалары үшін экологиялық рұқсаттар мен қорытындылар алу мерзімдерін қысқартуды да көздейді. Бұл ретте теңіздегі көмірсутек кен орындарын барлау жұмысы аталған нормалардан тыс қалдырылғанын атап өткен жөн.
Депутаттар отырыста бірқатар халықаралық құжаттарды да ратификациялады. Олардың қатарында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2015 жылғы 15 қыркүйектегі Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдар бар. Бұл заңдарды мақұлдау құрылымдардың қызметтік міндеттерін орындауы немесе бірлескен оқу-жаттығуларға қатысуы кезінде тасымалдауды ұйымдастырудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Трансшекаралық су ресурстарын басқаруда тиімді өзара іс-қимылды дамыту мен суды ұтымды пайдалану, сондай-ақ, мемлекетаралық бірлесіп пайдаланылатын су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды.
Сонымен қатар халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Құжат тауарлардың БАӘ нарығына шығуына қолайлы жағдай жасап, тараптар арасындағы сауда көлемі мен қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Палата отырысында «Психологиялық қызмет туралы», «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да қаралып, мақұлданды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы маңызды екенін үнемі айтып келеді. Осыған орай, мақұлданған заң аясында өңірлердегі жергілікті басқарудың құқықтық тетіктерін жетілдіретін түзетулер қаралды. Заңда өзін-өзі басқару институттарын дамытуға және мәслихаттардың рөлін күшейтуге арналған нормалар да бар. Өңірлердің қаржылық дербестігін нығайтуды көздейтін түзетулер де назардан тыс қалған жоқ. Заңды қабылдау жергілікті өзін-өзі басқару институттарын одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы электрондық сауда операторының құқықтары мен міндеттері нақтыланып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу тәртібі мен шарттары айқындалғанын атап өтті.
Отырыс кезінде сенаторлар «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру, банкроттық, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да мақұлдады. М.Әшімбаев аталған заңда кредиттік рейтингілік қызметті реттеудің құқықтық негіздері, мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары белгіленгенін айтты. Сонымен қатар рейтингілік агенттіктердің қызметі, оларға қойылатын талаптар мен мемлекеттік қадағалаудың ерекшеліктері жан-жақты реттелген.
Көші-қон саясатын жетілдіру, инклюзивті мәдениетті дамыту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, техникалық және кәсіптік білім беруді ілгерілету бағытындағы маңызды нормалар депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда топтастырылған. Осы құжат арқылы Кәсіпкерлік, Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының сегіз заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
«Мақұлданған заң көші-қон саясатын және техникалық әрі кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге арналған. Сонымен қатар инклюзивті саясатты қолдауға, зейнетақы жинақтарын басқаруға және денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты маңызды түзетулер де енгізілді», деді М.Әшімбаев.
Бұған қоса, сенаторлар «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, энергетика және атом саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Аталған құжаттарда радиоактивті қалдықтардың классификациясы, ядролық материалдар мен радиоактивті заттарды радиоактивті қалдықтар санатына ауыстыру тәртібі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерін санаттарға бөлу мәселелері нақты регламенттелген.