Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, итті ұстап, стерилизациялап, вакцинациялап, қайтадан ортаға қайтарудың өзі автоматты түрде олардың санын азайтпайды, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді, адамды қорғамайды.
Егер мемлекет популяцияны толық бақылауды, жаппай вакцинацияны, сәйкестендіруді және қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етпесе, онда мұндай модель қоғам қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істей бастайды.
— Бұл заң жобасы эмоциялық емес, жүйелі қайта қарауды ұсынады. Ол жануарларға қарсы бағытталмаған. Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған. Біріншіден, бұралқы иттерге қатысты базалық тәсіл өзгереді. Заң жобасының ең негізгі түзетуі — бұралқы иттерге қатысты оларды қайтадан ортаға қайтару моделінен қайтарымсыз аулау моделіне көшу. Бұл — қағидатты мәселе. Өйткені бүгінде мемлекет іс жүзінде мынадай қисынсыз схема бойынша жұмыс істеп отыр: итті аулайды, стерилизациялайды, вакцинациялайды, содан кейін сол азаматтар шағымданып отырған ортаға қайта жібереді. Осы орайда мемлекет өз қолымен ықтимал қауіпті қайтадан қоғамның ортасына қайтарып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан бұл тәсіл сын көтермейді. Сондықтан бұл жерде неғұрлым шынайы әрі жауапты модельге көшу ұсынылады, — деді Еділ Жаңбыршин.
Екіншіден, ауланған жануарларды ұстау мерзімі енгізіледі. Бастапқыда бұралқы жануарларға 15 күн мерзім ұсынылған болатын. Алайда заң жобасын талқылау барысында икемдірек әрі өмірге жақын шешім қабылданды, яғни ең төменгі уақытша ұстау мерзімі — кемінде 5 күн, сонымен бірге мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін қараусыз жануарларға 60 күндік мерзім көзделіп отыр.
— Мұнда бір нәрсені анық айту керек. Заң жобасына қатысты кейбір ортада «бұл барлық ауланған жануарды міндетті түрде өлтіруге әкеледі» деген эмоциялық пікір таратылып жатыр. Бұл — шындыққа сәйкес келмейді. Біз қатыгездікті ұсынған жоқпыз. Біз ұсынып отырғанымыз: тәртіп, бақылау, жауапкершілік және азаматтарды қорғаудың нақты тетігі. Егер мәслихаттар ұзағырақ мерзім белгілесе, мұндай жануарлар: ұзақ уақыт ұсталуы мүмкін, жаңа иелеріне берілуі мүмкін, панажайларда күтілуі мүмкін, ал мүмкіндік болса — табиғи өліміне дейін де ұсталуы мүмкін, — деді депутат.
Сонымен бірге оларды жаңа иелеріне беру мына міндетті шарттар сақталған жағдайда жүзеге асады:
— сәйкестендіру,
— есепке қою,
— вакцинация,
— тиісті күтіп-ұстау.
— Заң жобасы «жазалау моделін» емес, жауапты және байыпты модельді ұсынып отыр, — деді ол.
Мысықтарға қатысты бұрынғы тәсіл сақталады
— Иесіз мысықтарға қатысты гуманистік тәсіл сақталады. Халықаралық тәжірибе мен тәуекел сипатын талдау нәтижесінде иесіз мысықтарға қатысты қайтадан ортаға қайтару тәсілін сақтау ұсынылады. Бұл — заң жобасының жаппай қатаңдату қағидатына негізделмегенін, керісінше тәуекелдерінің айырмашылығына, санитариялық қауіп деңгейіне және адамға төнетін нақты қатер деңгейіне негізделетінін көрсетеді. Заң жобасындағы тәсіл — жазалаушы емес, сараланған, — деді Еділ Жаңбыршин.
Жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтіледі
Заң жобасымен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына: жануарлардың агрессиясын дереу тоқтатуға бағытталған шұғыл әрекет ету шараларын ұйымдастыру құзыреті беріледі.
Бұл — өте маңызды норма. Өйткені бүгінгі өмірде жиі болатын жағдай мынау:
агрессивті иттер тобы адамдардың маңында жүр, ал жүйе сол сәтте:
· кім шығуы керек,
· кім аулауы керек,
· кім әрекет етуі керек,
· кім шешім қабылдауы керек,
· жалпы бұған кім жауапты екенін анықтап жатады.
Қауіп қазірдің өзінде бар, ал мемлекет механизмі сол сәтте әлі де өз өкілеттігін іздеп жүреді.
Бұл — жол беруге болмайтын нәрсе.
Егер адамға қауіп бар болса, мемлекеттің реакциясы дереу, нақты және өкілеттікпен қамтамасыз етілген болуы тиіс.
Иттер мен мысықтарды міндетті чиптеу енгізіледі. Бұл — заң жобасындағы ең маңызды жүйелі түзетулердің бірі.
— Өйткені бұралқы ит мәселесінің едәуір бөлігі шын мәнінде көшеден емес, біреудің: ауласынан, үйінен, шаруашылығынан басталады. Итті: «бала үшін», «күзетке», «саяжайға», «аулаға» алады. Ал кейін көшеге тастайды; қараусыз бос жібереді, есепке қоймайды, сәйкестендірмейді, ал қайғылы жағдай туындағанда: «Бұл менің итім емес» дейді. Міне, сондықтан міндетті чиптеу — жай ғана техникалық талап емес. Бұл — иесін анықтайтын, жауапкершілікті бекітетін, қоғам алдындағы міндетті нақтылайтын құқықтық құрал. Бұл норма — жануар иесін анықтауға, жануарды көшеге тастап кетуді жазасыз қалдырмауға, ашық есеп жүргізуге, нақты бақылау мен жауапкершілік тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді, — деді депутат.
Осыған байланысты депутаттар маңызды нормалар енгізді. Үй жануарларын серуендету талаптарын бұзуға жол берген иесі немесе жауапты тұлға, соның салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына, басқа жануарларға, не өзге тұлғалардың мүлкіне зиян келсе, келтірілген залалды өтеуге міндетті болады. Ал егер мұндай әрекет салдарынан адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келсе, онда мұндай жануардың иесі белгіленген тәртіппен эвтаназия жүргізуге міндетті болады.
— Ұстауға тыйым салынған және шектеу қойылған жануарларға қатысты қосымша реттеу енгізіледі. Заң жобасымен уәкілетті органға: ұстауға, өсіруге және айналымына тыйым салынған немесе шектеу қойылған жануарлардың тізбесін бекіту құзыреті беріледі. Бұл да маңызды норма. Өйткені мемлекет қайғылы жағдай болғаннан кейін ғана әрекет етпеуі тиіс. Мемлекет алдын ала қандай жануар түрлері жоғары қауіп төндіретінін, қайсысы ерекше құқықтық режимді қажет ететінін анықтауы тиіс, — деді Еділ Жаңбыршин.
Қылмыстық жауапкершілік
— Тағы бір өте маңызды, принципті мәселеге арнайы тоқталғым келеді.
Қоғамда да, сарапшылар ортасында да жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Ашық айтайын, біз осыған қатысты тиісті нормаларды дайындадық. Атап айтқанда, мына бағыттар бойынша түзетулер әзірленді: жануарларды ұстау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзу салдарынан азаматтардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіру, жануарларды өлтіру және кәдеге жарату қағидаларын бұзу, сондай-ақ жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту. Алайда бұл нормалар бүгін қаралып отырған заң жобасына бір қарапайым объективті себеппен енгізілген жоқ. Өйткені осы заң жобасының ілеспе пакетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Қылмыстық кодекс жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы түзетулер әзірленді, тиісті қорытынды алуға жолданды және басқа жеке заң жобасы шеңберінде қаралатын болады. Мұны арнайы айтып отырған себебім — мемлекет тек жануарларды аулау мен ұстауды ғана реттеп отыр деген түсінік болмауы керек. Біз иелердің жауапкершілігін де, жануарларды қатыгездіктен қорғау блогын да жүйелі түрде күшейтіп келеміз, — деді депутат.
Оның атап өтуінше, бұл заң жобасы — жануарларға қарсы заң емес. Бұл заң: адам қауіпсіздігі үшін, тәртіп үшін, иенің жауапкершілігі үшін, мемлекеттің айқын рөлі үшін және гуманизмнің құқықтық дәрменсіздікке айналмауы үшін қажет.
— Өйткені жануарларға ізгілікпен қарау — дұрыс. Бірақ егер ізгілік ақыл-ойдың орнын басып, «гуманизм» деген атпен мемлекет адамдарды қорғауды доғарса, онда бұл енді гуманизм емес. Бұл — жауапсыздық. Сондықтан біз бүгін өте нақты шекараны айқындауымыз керек. Жануарға жанашырлық таныту адамға немқұрайлылық танытуды білдірмеуі тиіс. Осы заң жобасын қабылдау бұралқы иттердің санын азайтуға, — адамдар мен басқа жануарларға шабуыл санын қысқартуға, иелердің жауапкершілігін арттыруға, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында жүйелі тәртіп орнатуға, мемлекетке нақты әрекет ету тетіктерін беруге, ең бастысы — азаматтарымыздың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы бір жылдың ішінде елде 41 366 адамды ит қапқан.