Мегаполис медицинасының мол мүмкіндігі

14.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Шаһарда емдеу мекемелері, диагностикалық орталықтар соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықтала бастады. Осы аппараттардың көмегімен бұрын мүмкін болмаған күрделі оталар жасалып жатыр. Кейінгі жылдары трансплантация саласы Шымкенттің медицинасын жаңа биіктерге шығарды. Науқастар Алматы, Астанада жасайтын күрделі операциялар мен емдеу процедураларын бүгінде жергілікті ауруханаларда жасатып жүр. Тіпті мегаполистің «алтын қолды» дәрігерлерін іздеп, ем-домын алып кетіп жатқан шетелдік азаматтардың да қарасы қалың. Бұл жетістіктердің артында әлбетте тынымсыз еңбек пен адал қызмет жатыр. Нақты статистикаларды қарайтын болсақ, жыл басынан бері шаһарда медициналық қызмет бойынша біршама жұмыстардың атқарылғанын көруге болады.

Көрсеткіштер көңіл қуантады

Қалалық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Қайрат Қалибеков­­­тің айтуынша, бюджет қаржысы есебі­­нен ­екі медициналық ұйымға компью­тер­лік ­томография мен магнитті резонансты ­томография аппараттары сатып әперілді. Олар қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен онко­ло­гиялық орталығы бар көпбейінді аурухана. Сонымен бірге жергілікті қазына қаражатына 25 дана санитар­лық жедел жәрдем автокөліктері сатып алынды. Осы тұста айта кеткен жөн, шаһарда еліміз бо­йынша алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін интеллектуалды смарт-бейнежетондармен жабдықтау жобасы толық жүзеге асырылды. Жоба медициналық персоналдың қауіп­сіз­­­­дігін күшейтуге және шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Шымкент қала­сының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жедел жәрдем бригадаларына арнайы құрылғыларды салтанатты жағдайда табыстап, жүйенің тәжірибелік қолданылуын ресми түрде мақұлдады. Жоба Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында іске асырылды. Жалпы, жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандарына 240 смарт-бейнежетон табысталды. Құрылғыларды орнату, баптау мен жаппай пайдалануға енгізу жұмысы толық аяқталған. Сондай-ақ аталған құрылғы толық іске қосылмас бұрын үш ай бойы алдын ала тексеріс пен сынақтан өтті. Талдау нәтижелері цифрлық техно­логияның тиімділігін дәлелдеді. Смарт-бейнежетондар шақырту кезінде жедел жәрдем қызметі мен науқас тарапынан болған амал-әрекеттерді бейне­камераға таспалауға, төтенше жағдай туындай қалған жағдайда дабыл сигналын жіберуге, сондай-ақ деректерді орталықтандырылған базада сақтауға мүмкіндік береді.

Кейінгі кезде жедел жәрдем қыз­меті­нің жұмысына кедергі келтіретін әре­кет­тер көбе­йіп кеткені белгілі. Жаңа цифрлық бақылау құрылғысы болған келеңсіз оқиғалар­ды бейнеге түсіріп, заңбұзушылық­тың алдын алуға көмектеседі. Сонымен бірге жедел жәрдем қызметі өкілдерін өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға, қызметті сапалы атқаруға тәрбиелейді. Одан бөлек, цифрлық технология­лар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жасанды интеллект пен цифр­лық жүйені әрбір салаға енгізу қажет­тігі жөнінде берген тапсырмасын орындау аясында игеріліп жатыр. Медицина сапасы жедел жәрдем қызметімен де өлшенеді. Сондықтан қала әкімдігі бұл салаға барынша көңіл бөлуге тырысады. Алғаш көрсетілген медициналық жәрдем талай науқастың өмірін аман алып қалады. Сол себепті бұл қызметтің міндеті мен жауапкершілігі әрдайым жоғары тұрады.

«Шымкентте бес мыңнан астам дәрігер, он екі мыңға жуық орта буын­ды маман халыққа медициналық қыз­мет көрсетеді. Қалада тұрғындар­дың дәрігерлермен қамтамасыз етілуі
40 пайыздан асса, бұл көрсеткіш бойын­ша орта буынды медицина қыз­меткер­лерінің үлесі 90 пайызға жуықтайды. Бүгінгі таңда мегаполис­те 58 медици­налық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы тіркелген. Оның он төрті мемлекеттік бол­са, қалғаны жеке­мен­шік ұйымдар. Бұған қосымша 46 медициналық меке­ме тәуліктік стацио­­нарлық көмек көрсе­теді. Осы тәулік бойы медициналық қызмет көрсе­тетін мекемелердегі төсектік орын қоры бес мыңға жақындады. Бұ­дан басқа күндізгі стационарлық көмек көрсе­­тетін медициналық ұйымдар саны 124-ті құрайды. Ол жерде екі мың­ға жуық төсектік орын қоры бар. ­Президент Іс басқармасы медицина­­лық орталығының күндері аясында жоға­ры білікті мамандар қаланың аурухана, емхана­ларында эпилептоло­гия, онко­логия аурулары бойынша пациент­терге тегін консультациялық кеңес берді. Орталық мамандары жергілікті дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлеріне госпитальды фар­мация, нейрореабилитация, онкология тақырыптары аясында дәрістер өткізді. №1 қалалық клиникалық ауруханасында орталықтан келген білікті дәрігерлер гинекология, эндоскопия салалары шеңберінде хирургиялық тәжірибелерімен бөлісті. Олар промон­тофиксация, гистерорезектоскопия әдістерімен жасалатын оталарға қа­тыс­ты. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған №1 клиникалық ауруханасында екі жүзден астам бүйрек трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. 90 медицина­лық ұйымнан 60 мекеме ұлттық аккреди­тациядан өтті. Ұлттық деңгейде бекі­тіл­ген стратегиялық көрсеткіштердің орындалу барысы елімізде 60 па­йыз болса, Шымкентте 70 пайызға жуықта­ды. Жоғары технологиялық медицина­лық көмек аясында биылғы жылдың
І тоқсанында 106 операция жасалды. Оның ішінде кардиохирургиялық операция басым. Екінші орында нейрохирургиялық оталар тұрса, ең соңғысы хирургиялық операциялар үлесінде. Осы күнде аурухана, емханалар, онокологиялық орталық планшеттік УДЗ аппаратымен толық­тай қамтамасыз етілді. Бұл құрылғы меди­­циналық диагностиканы жылдам әрі дер кезінде жүргізуге қолайлы. Осы аппараттың көмегімен науқастардың ішкі ағзалары ультрадыбыстық зерттеу­ден өтіп, тезірек диагноз қоюға септі­гін тигізіп отыр. Ал дәл анықталған ауру емнің жартысы екені белгілі. Сондықтан қала әкімдігінің қолдауымен медицина ұйымдарын заманауи емдеу, диагнос­тикалау құрылғыларымен қамтама­сыз ету жұмысы жалғасын таба береді. Сол арқылы қала медицинасының сапа­сын жақ­сартуға, емдік шаралардың тиім­ділігін арттыруға мүмкіндіктер туады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арна­ған былтырғы Жолдауында барлық сала келе­­шекте цифрлық технология­мен қамты­луға тиіс екенін атап өткен болатын. Президенттің Үкіметке, жергілік­ті атқарушы билікке берген осынау тапсырмасы аясында қаланың емдеу мекемелеріне «PACS Systems» жасан­ды интеллект ақпараттық жүйесі енгі­зіл­ді. Аталған құрылғы қатерлі ісік­терді, өкпе ауруларын, жүрек-қан та­мыр жүйе­сі пато­ло­­­гияларын ерте анық­­­тауда тап­тырмас құрал саналады. Сонымен қатар шаһардың барлық емханасына бүгінгі таңда «PULS-AI» деп аталатын жасанды интеллект технологиясы сәтті енгізіліп жатыр. Өз кезегінде бұл аппарат та – ауруларды ерте анықтау­ға, кез келген патологияны жылдам әрі дәл диагностикалауға көмектесетін құ­рылғы. Осылайша, мегаполистің денсаулық сақтау саласы алға қарай қарышты қадам жасап келеді», деді шаһардың бас дәрігері Қ.Қалибеков. 

«Госпитальды фармация» – қаржы үнемдеу тетігі

Басқарма басшысының мәлімдеуін­ше, қаланың медициналық ұйымдары бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фарма­ция» серіктестігі арқылы дәрілік заттармен және медицина­лық бұйымдар­­мен толықтай қамтамасыз етілді. Бұл ретте емдеуші мекемелер өзіндегі меди­циналық ақпараттық жү­йесін «СҚ-Фармациямен» интеграция­лап, тек қана таңбаланған дәрілік заттарды қабылдап алады. Олардың саны бүгінде 5,7 млн данаға жетсе, 3.9 млн дәрілік препарат қолданылып, айна­лымнан шығарылды. Сондай-ақ жер­гілікті бюджет есебінен екі жүзден астам науқас тиісті дәрілік заттармен қамтылды. Одан өзге Шымкентте фармацевтикалық қызметті жақсарту және дәрілік заттарды тиімді пайдалану мақсатында «Госпитальды фармация» бөлімшелері ашылып, олардың саны бүгінде сегізге жетті. Осы аталған бөлімшелер арқылы дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаржы көлемі азайып,
200 млн теңгеге жуық қаражат үнемделді. Мамандардың мәлімдеуінше, міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізу дәрілік заттардың айналымын ашық та мөлдір етеді және өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбекті бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ таңбалау арқылы әр қаптаманың жеке есебін шығаруға болады. Сондықтан бұл әдіс фармацевтика саласын контрафактілік және жалған өнім айналымынан қорғаудың негізгі құралы саналады. Денсаулық сақтау қызметіндегі заңнама талаптарына сәй­кес дәріханалық және медициналық ұйымдар тек қана таңбаланған дәрі­лік заттарды қабылдап, айналымнан шы­ғаруға тиіс. «Госпитальды фармация» бөлімшелері шаһардағы үш клиникалық ауруханада, перинаталдық орталық пен қалалық перзентханада, клиника­лық балалар мен онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханада, сондай-ақ «Шымкент жүрек орталығында» жұмыс істейді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл күнде Шымкентте науқастарға ең күрделі медициналық көмектер көрсетіледі. Заманауи технология мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында адамдар дертінен айығып, ауруынан тез жазылып кетуде. Мәселен, №1 клиникалық ауруханасы­ның бас дәрігері Бақытжан Позилов­тың мәлімдеуінше, қиын жағдайда ауруха­наға түскен жас жігіттің аяғын хирург­тер ампутациядан аман алып қалған. Со­дан бір апта бұрын ол аяқ астынан қат­ты ауырып, ауруханаға шұғыл жеткі­зіл­ген. Тексеру барысында аяғындағы ірі қан тамырында тромб тұрып қалға­ны, қан айналымының күрт бұзылғаны анықталды. Осы аралықта науқастың аяғы қарайып, ауырсыну пайда болып, жағдайы күрт нашарлайды. Дәрігердің айтуынша, мұндай кезде шұғыл түрде ота жасап, пациенттің аяғын кесіп тастау қаупі көбейеді. Алғашқы кезде хирургтер ампутация жасау қажеттігі туралы шешім қабылдап та үлгеріпті. Алайда науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, қарқынды ем қабылдайды. Бейінді мамандардың үйлесімді жұмысы­ның нәтижесінде қан айналымы қалпына келтіріліп, аяқ-қолды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бүгінде науқастың жағдайы тұрақты. «Бұл оқиға – уақтылы көрсетілген медициналық көмектің, кәсіби шеберлік пен дәрігерлердің табанды еңбегінің нәтижесі», дейді Б.Позилов. Адам өмірі мен денсаулығы үшін күрес – медицина қызметкерлерінің күнделікті міндеті. Кейде санаулы минуттардың өзі адам тағдырын шешіп тастайды. Бірақ бұл жолы дәрігерлер жас жігіттің аяғымен бірге оның өмірін де аман сақтап қалды.

Осындай тағы бір оқиға туралы әңгі­мелесек, Шымкент қаласында дене беткейінің 94 пайызын күйік шалған науқасқа дер кезінде көмек көрсетілді. Жоғары сапалы медициналық жәрдем­нің арқасында дәрігерлер науқасты ажал аузынан арашалап, аман алып қалды. Пациент биыл маусым айының басында тұрмыстық жағдайда газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Оған бет, мойын, дене, екі жоғарғы және екі төменгі аяқ-қолдың ІІ-ІІІ дәрежелі термиялық жалын күйігі, дене беткейінің 94 пайызын қамтыған күйік және өте ауыр дәрежедегі күйіктік шок диагнозы қойылды. Бастап­қыда науқастың жағдайы өте ауыр болды. Сондықтан ол жансақтау бөліміне жатқызылып, қарқынды терапия емін алды. Дәрігерлер алғашқы күндері оның өмір сүріп кетуіне болжам жасаудан қорықты. Дегенмен, үйлесімді жұмыстың, тәулік бойғы бақылаудың, қарқынды терапия мен кешенді күйікке қарсы емнің нәтижесінде науқастың беті бері қарап, жағдайы кішкене тұрақталды. Медицина мамандары емдеу барысында барлық қажетті оңалту шарасы толық көлемде жүргізілгенін айтады. Бір айға жуық ем қабылдаған пациент ақыры аяғына тұрып, жуырда амбулаториялық бақылауға жіберілді. Шымкенттің медицина шежіресінде осы секілді қуаныш­ты оқиғалар өте көп. Бұған, әрине, медицина саласы мамандарының кәсіби шеберлігі мен өз ісіне жауапкершілік­пен қараған адалдығы үлкен себепкер болып отыр.

МӘМС арқылы тегін емделуге болады

Шымкент медицинасы туралы айт­қанда МӘМС жүйесі бойынша іске асып жатқан қымбат әрі күрделі ем­дік шаралар жөнінде тоқтала кеткен жөн. Мәселен, қалада медициналық сақтандыру жүйесімен қауіпті жүрек аритмиясын емдеудің жаңа әдісі арқылы дертіне шипа тауып жатқан жандар баршылық.

Осы күнде «Шымкент жүрек орта­лығында» елімізде алғаш рет енгі­зіл­ген жүрек ырғағы бұзылыстарын ем­деу­дің жаңа әдісі – импульстік-өріс­тік абляция (Pulsed Field Ablation, PFA) тәжі­рибеден өте бастады. Адам ағзасы­ның ең маңызды органы – жүрек. Оның дұрыс жұмыс істеуі – денсаулықтың бас­ты кепілі. Дегенмен, түрлі жағдаяттарға байланысты денсаулығы сыр беріп, жүрек сыздаумен осы орта­лыққа түскен талай науқас жаңа техно­л­огия­ның көмегімен оңай емделіп кетіп жатыр. Ең бастысы, заманауи құрылғы күрделі аритмияға шалдыққан науқастарды қауіпті асқынулардан сақтап, қауіпсіз әрі дұрыс ем жүргізуге жағдай жасайды. Осындай жоғары технологиялы меди­циналық көмек алуға МӘМС жүйесі өзінің үлкен жәрдемін тигізіп отыр.

Айта кету керек, жаңа әдістің тиім­ділігін сезінгендердің бірі – Қалия Әшір­баева есімді азамат. Жасы 48-ге келген науқас бірнеше жылдан бері жүрек жыбырына (жүрекше фибрилляциясы) шалдыққан. Жүрек қағысының жиілеуі салдарынан ай сайын жедел жәрдеммен ауруханаға жатқызылатын.

«Алғашында жүрегім анда-санда шаншып жүрді. Кейін ұстамалар жиілеп, ай сайын жедел жәрдеммен ауруханаға түсе бердім. Дәрігерлер маған операцияның осы түрін ұсынды. Сөйтіп, МӘМС арқылы порталмен ауруханаға жаттым. Барлық емді мұнда тегін алдым. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінетін болдым. Дертіме шипа сыйлаған «алтын қолды» дәрігерлерге алғысым шексіз», дейді Қ.Әшірбаева.

«Шымкент жүрек орталығы» интервенционалды бөлімінің меңгеру­­шісі Дәурен Кенжебаевтың айтуынша, жү­рек жыбыры әлемдегі ең жиі кездесе­тін жүрек ырғағы бұзылыстарының біріне жатады. Сонымен қоймай бұл дерт өз кезегінде инсульт пен жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупін бір­неше есеге арттырады. Сондықтан атал­ған кеселді жоғары технология­лық әдіс­пен дер кезінде емдесе, пациенттің ден­саулығы қалпына келіп, тіпті өмі­рін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Жалпы, PFA технологиясы мен бұрын қол­­данылып келген радиожиіліктік абляцияның арасында айырмашылық өте үлкен. Мұнда импульстік электр өрісі тек зақымдалған жасушаларға ғана әсер етеді. Соның нәтижесінде өңеш, қан тамырлары мен жүйке жүйе­сіндегі маңызды құрылымдар зақым­далмай аман қалады. Жаңа әдісті мең­герту мақсатында таяуда шеберлік са­бағы өткен. Онда Қытай елінен келген жетекші аритмолог мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөліскен болатын.

Бүгінде «Шымкент жүрек орта­лығында» жыл сайын жүрек ырғағы бұзылған 700-ге жуық науқасқа жоғары технологиялық операциялар жасалады. Осы ретте PFA технологиясы меди­циналық көмектің қауіпсіздігі мен тиім­ділігін анағұрлым жоғары деңгейге арттырып отыр.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью