Мегаполис медицинасының мол мүмкіндігі
Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Шаһарда емдеу мекемелері, диагностикалық орталықтар соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықтала бастады. Осы аппараттардың көмегімен бұрын мүмкін болмаған күрделі оталар жасалып жатыр. Кейінгі жылдары трансплантация саласы Шымкенттің медицинасын жаңа биіктерге шығарды. Науқастар Алматы, Астанада жасайтын күрделі операциялар мен емдеу процедураларын бүгінде жергілікті ауруханаларда жасатып жүр. Тіпті мегаполистің «алтын қолды» дәрігерлерін іздеп, ем-домын алып кетіп жатқан шетелдік азаматтардың да қарасы қалың. Бұл жетістіктердің артында әлбетте тынымсыз еңбек пен адал қызмет жатыр. Нақты статистикаларды қарайтын болсақ, жыл басынан бері шаһарда медициналық қызмет бойынша біршама жұмыстардың атқарылғанын көруге болады.
Көрсеткіштер көңіл қуантады
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибековтің айтуынша, бюджет қаржысы есебінен екі медициналық ұйымға компьютерлік томография мен магнитті резонансты томография аппараттары сатып әперілді. Олар қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухана. Сонымен бірге жергілікті қазына қаражатына 25 дана санитарлық жедел жәрдем автокөліктері сатып алынды. Осы тұста айта кеткен жөн, шаһарда еліміз бойынша алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін интеллектуалды смарт-бейнежетондармен жабдықтау жобасы толық жүзеге асырылды. Жоба медициналық персоналдың қауіпсіздігін күшейтуге және шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жедел жәрдем бригадаларына арнайы құрылғыларды салтанатты жағдайда табыстап, жүйенің тәжірибелік қолданылуын ресми түрде мақұлдады. Жоба Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы аясында іске асырылды. Жалпы, жедел медициналық жәрдем қызметінің мамандарына 240 смарт-бейнежетон табысталды. Құрылғыларды орнату, баптау мен жаппай пайдалануға енгізу жұмысы толық аяқталған. Сондай-ақ аталған құрылғы толық іске қосылмас бұрын үш ай бойы алдын ала тексеріс пен сынақтан өтті. Талдау нәтижелері цифрлық технологияның тиімділігін дәлелдеді. Смарт-бейнежетондар шақырту кезінде жедел жәрдем қызметі мен науқас тарапынан болған амал-әрекеттерді бейнекамераға таспалауға, төтенше жағдай туындай қалған жағдайда дабыл сигналын жіберуге, сондай-ақ деректерді орталықтандырылған базада сақтауға мүмкіндік береді.
Кейінгі кезде жедел жәрдем қызметінің жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер көбейіп кеткені белгілі. Жаңа цифрлық бақылау құрылғысы болған келеңсіз оқиғаларды бейнеге түсіріп, заңбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Сонымен бірге жедел жәрдем қызметі өкілдерін өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға, қызметті сапалы атқаруға тәрбиелейді. Одан бөлек, цифрлық технологиялар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект пен цифрлық жүйені әрбір салаға енгізу қажеттігі жөнінде берген тапсырмасын орындау аясында игеріліп жатыр. Медицина сапасы жедел жәрдем қызметімен де өлшенеді. Сондықтан қала әкімдігі бұл салаға барынша көңіл бөлуге тырысады. Алғаш көрсетілген медициналық жәрдем талай науқастың өмірін аман алып қалады. Сол себепті бұл қызметтің міндеті мен жауапкершілігі әрдайым жоғары тұрады.
«Шымкентте бес мыңнан астам дәрігер, он екі мыңға жуық орта буынды маман халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Қалада тұрғындардың дәрігерлермен қамтамасыз етілуі
40 пайыздан асса, бұл көрсеткіш бойынша орта буынды медицина қызметкерлерінің үлесі 90 пайызға жуықтайды. Бүгінгі таңда мегаполисте 58 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы тіркелген. Оның он төрті мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік ұйымдар. Бұған қосымша 46 медициналық мекеме тәуліктік стационарлық көмек көрсетеді. Осы тәулік бойы медициналық қызмет көрсететін мекемелердегі төсектік орын қоры бес мыңға жақындады. Бұдан басқа күндізгі стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар саны 124-ті құрайды. Ол жерде екі мыңға жуық төсектік орын қоры бар. Президент Іс басқармасы медициналық орталығының күндері аясында жоғары білікті мамандар қаланың аурухана, емханаларында эпилептология, онкология аурулары бойынша пациенттерге тегін консультациялық кеңес берді. Орталық мамандары жергілікті дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлеріне госпитальды фармация, нейрореабилитация, онкология тақырыптары аясында дәрістер өткізді. №1 қалалық клиникалық ауруханасында орталықтан келген білікті дәрігерлер гинекология, эндоскопия салалары шеңберінде хирургиялық тәжірибелерімен бөлісті. Олар промонтофиксация, гистерорезектоскопия әдістерімен жасалатын оталарға қатысты. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған №1 клиникалық ауруханасында екі жүзден астам бүйрек трансплантациясы сәтті жүзеге асырылды. 90 медициналық ұйымнан 60 мекеме ұлттық аккредитациядан өтті. Ұлттық деңгейде бекітілген стратегиялық көрсеткіштердің орындалу барысы елімізде 60 пайыз болса, Шымкентте 70 пайызға жуықтады. Жоғары технологиялық медициналық көмек аясында биылғы жылдың
І тоқсанында 106 операция жасалды. Оның ішінде кардиохирургиялық операция басым. Екінші орында нейрохирургиялық оталар тұрса, ең соңғысы хирургиялық операциялар үлесінде. Осы күнде аурухана, емханалар, онокологиялық орталық планшеттік УДЗ аппаратымен толықтай қамтамасыз етілді. Бұл құрылғы медициналық диагностиканы жылдам әрі дер кезінде жүргізуге қолайлы. Осы аппараттың көмегімен науқастардың ішкі ағзалары ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, тезірек диагноз қоюға септігін тигізіп отыр. Ал дәл анықталған ауру емнің жартысы екені белгілі. Сондықтан қала әкімдігінің қолдауымен медицина ұйымдарын заманауи емдеу, диагностикалау құрылғыларымен қамтамасыз ету жұмысы жалғасын таба береді. Сол арқылы қала медицинасының сапасын жақсартуға, емдік шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндіктер туады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында барлық сала келешекте цифрлық технологиямен қамтылуға тиіс екенін атап өткен болатын. Президенттің Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке берген осынау тапсырмасы аясында қаланың емдеу мекемелеріне «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Аталған құрылғы қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қан тамыр жүйесі патологияларын ерте анықтауда таптырмас құрал саналады. Сонымен қатар шаһардың барлық емханасына бүгінгі таңда «PULS-AI» деп аталатын жасанды интеллект технологиясы сәтті енгізіліп жатыр. Өз кезегінде бұл аппарат та – ауруларды ерте анықтауға, кез келген патологияны жылдам әрі дәл диагностикалауға көмектесетін құрылғы. Осылайша, мегаполистің денсаулық сақтау саласы алға қарай қарышты қадам жасап келеді», деді шаһардың бас дәрігері Қ.Қалибеков.
«Госпитальды фармация» – қаржы үнемдеу тетігі
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қаланың медициналық ұйымдары бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» серіктестігі арқылы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен толықтай қамтамасыз етілді. Бұл ретте емдеуші мекемелер өзіндегі медициналық ақпараттық жүйесін «СҚ-Фармациямен» интеграциялап, тек қана таңбаланған дәрілік заттарды қабылдап алады. Олардың саны бүгінде 5,7 млн данаға жетсе, 3.9 млн дәрілік препарат қолданылып, айналымнан шығарылды. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен екі жүзден астам науқас тиісті дәрілік заттармен қамтылды. Одан өзге Шымкентте фармацевтикалық қызметті жақсарту және дәрілік заттарды тиімді пайдалану мақсатында «Госпитальды фармация» бөлімшелері ашылып, олардың саны бүгінде сегізге жетті. Осы аталған бөлімшелер арқылы дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаржы көлемі азайып,
200 млн теңгеге жуық қаражат үнемделді. Мамандардың мәлімдеуінше, міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізу дәрілік заттардың айналымын ашық та мөлдір етеді және өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбекті бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ таңбалау арқылы әр қаптаманың жеке есебін шығаруға болады. Сондықтан бұл әдіс фармацевтика саласын контрафактілік және жалған өнім айналымынан қорғаудың негізгі құралы саналады. Денсаулық сақтау қызметіндегі заңнама талаптарына сәйкес дәріханалық және медициналық ұйымдар тек қана таңбаланған дәрілік заттарды қабылдап, айналымнан шығаруға тиіс. «Госпитальды фармация» бөлімшелері шаһардағы үш клиникалық ауруханада, перинаталдық орталық пен қалалық перзентханада, клиникалық балалар мен онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханада, сондай-ақ «Шымкент жүрек орталығында» жұмыс істейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл күнде Шымкентте науқастарға ең күрделі медициналық көмектер көрсетіледі. Заманауи технология мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында адамдар дертінен айығып, ауруынан тез жазылып кетуде. Мәселен, №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Позиловтың мәлімдеуінше, қиын жағдайда ауруханаға түскен жас жігіттің аяғын хирургтер ампутациядан аман алып қалған. Содан бір апта бұрын ол аяқ астынан қатты ауырып, ауруханаға шұғыл жеткізілген. Тексеру барысында аяғындағы ірі қан тамырында тромб тұрып қалғаны, қан айналымының күрт бұзылғаны анықталды. Осы аралықта науқастың аяғы қарайып, ауырсыну пайда болып, жағдайы күрт нашарлайды. Дәрігердің айтуынша, мұндай кезде шұғыл түрде ота жасап, пациенттің аяғын кесіп тастау қаупі көбейеді. Алғашқы кезде хирургтер ампутация жасау қажеттігі туралы шешім қабылдап та үлгеріпті. Алайда науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, қарқынды ем қабылдайды. Бейінді мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде қан айналымы қалпына келтіріліп, аяқ-қолды сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бүгінде науқастың жағдайы тұрақты. «Бұл оқиға – уақтылы көрсетілген медициналық көмектің, кәсіби шеберлік пен дәрігерлердің табанды еңбегінің нәтижесі», дейді Б.Позилов. Адам өмірі мен денсаулығы үшін күрес – медицина қызметкерлерінің күнделікті міндеті. Кейде санаулы минуттардың өзі адам тағдырын шешіп тастайды. Бірақ бұл жолы дәрігерлер жас жігіттің аяғымен бірге оның өмірін де аман сақтап қалды.
Осындай тағы бір оқиға туралы әңгімелесек, Шымкент қаласында дене беткейінің 94 пайызын күйік шалған науқасқа дер кезінде көмек көрсетілді. Жоғары сапалы медициналық жәрдемнің арқасында дәрігерлер науқасты ажал аузынан арашалап, аман алып қалды. Пациент биыл маусым айының басында тұрмыстық жағдайда газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Оған бет, мойын, дене, екі жоғарғы және екі төменгі аяқ-қолдың ІІ-ІІІ дәрежелі термиялық жалын күйігі, дене беткейінің 94 пайызын қамтыған күйік және өте ауыр дәрежедегі күйіктік шок диагнозы қойылды. Бастапқыда науқастың жағдайы өте ауыр болды. Сондықтан ол жансақтау бөліміне жатқызылып, қарқынды терапия емін алды. Дәрігерлер алғашқы күндері оның өмір сүріп кетуіне болжам жасаудан қорықты. Дегенмен, үйлесімді жұмыстың, тәулік бойғы бақылаудың, қарқынды терапия мен кешенді күйікке қарсы емнің нәтижесінде науқастың беті бері қарап, жағдайы кішкене тұрақталды. Медицина мамандары емдеу барысында барлық қажетті оңалту шарасы толық көлемде жүргізілгенін айтады. Бір айға жуық ем қабылдаған пациент ақыры аяғына тұрып, жуырда амбулаториялық бақылауға жіберілді. Шымкенттің медицина шежіресінде осы секілді қуанышты оқиғалар өте көп. Бұған, әрине, медицина саласы мамандарының кәсіби шеберлігі мен өз ісіне жауапкершілікпен қараған адалдығы үлкен себепкер болып отыр.
МӘМС арқылы тегін емделуге болады
Шымкент медицинасы туралы айтқанда МӘМС жүйесі бойынша іске асып жатқан қымбат әрі күрделі емдік шаралар жөнінде тоқтала кеткен жөн. Мәселен, қалада медициналық сақтандыру жүйесімен қауіпті жүрек аритмиясын емдеудің жаңа әдісі арқылы дертіне шипа тауып жатқан жандар баршылық.
Осы күнде «Шымкент жүрек орталығында» елімізде алғаш рет енгізілген жүрек ырғағы бұзылыстарын емдеудің жаңа әдісі – импульстік-өрістік абляция (Pulsed Field Ablation, PFA) тәжірибеден өте бастады. Адам ағзасының ең маңызды органы – жүрек. Оның дұрыс жұмыс істеуі – денсаулықтың басты кепілі. Дегенмен, түрлі жағдаяттарға байланысты денсаулығы сыр беріп, жүрек сыздаумен осы орталыққа түскен талай науқас жаңа технологияның көмегімен оңай емделіп кетіп жатыр. Ең бастысы, заманауи құрылғы күрделі аритмияға шалдыққан науқастарды қауіпті асқынулардан сақтап, қауіпсіз әрі дұрыс ем жүргізуге жағдай жасайды. Осындай жоғары технологиялы медициналық көмек алуға МӘМС жүйесі өзінің үлкен жәрдемін тигізіп отыр.
Айта кету керек, жаңа әдістің тиімділігін сезінгендердің бірі – Қалия Әшірбаева есімді азамат. Жасы 48-ге келген науқас бірнеше жылдан бері жүрек жыбырына (жүрекше фибрилляциясы) шалдыққан. Жүрек қағысының жиілеуі салдарынан ай сайын жедел жәрдеммен ауруханаға жатқызылатын.
«Алғашында жүрегім анда-санда шаншып жүрді. Кейін ұстамалар жиілеп, ай сайын жедел жәрдеммен ауруханаға түсе бердім. Дәрігерлер маған операцияның осы түрін ұсынды. Сөйтіп, МӘМС арқылы порталмен ауруханаға жаттым. Барлық емді мұнда тегін алдым. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінетін болдым. Дертіме шипа сыйлаған «алтын қолды» дәрігерлерге алғысым шексіз», дейді Қ.Әшірбаева.
«Шымкент жүрек орталығы» интервенционалды бөлімінің меңгерушісі Дәурен Кенжебаевтың айтуынша, жүрек жыбыры әлемдегі ең жиі кездесетін жүрек ырғағы бұзылыстарының біріне жатады. Сонымен қоймай бұл дерт өз кезегінде инсульт пен жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупін бірнеше есеге арттырады. Сондықтан аталған кеселді жоғары технологиялық әдіспен дер кезінде емдесе, пациенттің денсаулығы қалпына келіп, тіпті өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады. Жалпы, PFA технологиясы мен бұрын қолданылып келген радиожиіліктік абляцияның арасында айырмашылық өте үлкен. Мұнда импульстік электр өрісі тек зақымдалған жасушаларға ғана әсер етеді. Соның нәтижесінде өңеш, қан тамырлары мен жүйке жүйесіндегі маңызды құрылымдар зақымдалмай аман қалады. Жаңа әдісті меңгерту мақсатында таяуда шеберлік сабағы өткен. Онда Қытай елінен келген жетекші аритмолог мамандар қатысып, өз тәжірибелерімен бөліскен болатын.
Бүгінде «Шымкент жүрек орталығында» жыл сайын жүрек ырғағы бұзылған 700-ге жуық науқасқа жоғары технологиялық операциялар жасалады. Осы ретте PFA технологиясы медициналық көмектің қауіпсіздігі мен тиімділігін анағұрлым жоғары деңгейге арттырып отыр.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:71
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 14 Шілде 2026 08:11 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















