Zakon.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мемлекет басшысы алдағы уақытта да халықтың тұрмысын жақсарту үшін табанды еңбек ету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, Қазақстанға келетін инвестиция көлемін ұлғайту міндетіне тоқталды.
"Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін. Астанада да жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп жатырмын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы жұмыста көздеген мақсатын түсіндірді.
"Алдымда тұрған мақсат – айқын: бұл – Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ. Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады", – деді Мемлекет басшысы.