Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Коллажды жасаған – Жаннұр АБСӘМЕТ, ЕҰУ студенті
Осы ретте өзіміз еңбек жолын өткен кезеңнен бастай отырып, бұрынғы мемлекеттік қызмет жүйесіне қысқаша тоқталғым келеді. Біз кеңес одағы жүйесі орныққан, тәртібі қатаң кезеңде қызметке араластық.
Сол уақытта маман даярлау жүйесі бірізді жолға қойылған еді. Мектепте пионер, комсомол ұйымдары арқылы жастар ұжыммен жұмыс істеуді, жиналыс өткізу мен жауапкершілік алуды үйренетін. Бұл болашақ басшының ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастыратын алғашқы мектеп болатын.
Мектеп бітірген соң техникум немесе жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман жолдамамен еңбекке араласып, қызметін төменгі сатыдан бастайтын. «Ең бастысы – адал еңбек ету» деген ұстаным басым еді. «Қызметімді неге өсірмейді?» деген ой ол кезде көптің санасына келе бермейтін. Әр қадамың, әр ісің тұрақты бақылауда болатын.
Тәжірибелі басшылар жас маманның біліміне ғана емес, тәртібі мен мінез-құлқына да мән беретін. Қызметтік өсу бірден емес, сатылап жүзеге асатын. Әр басқышта өзіңді дәлелдеген жағдайда ғана келесі деңгейге көтерілу мүмкін еді. Бұл жүйе адамды шыңдап, тәжірибесін тереңдететін. Сол кезеңде отбасылық құндылық та жоғары бағаланатын. Отбасын сақтай алмаған немесе тәртіп бұзған азаматтың қызметтік өсуі шектелетін. Әрбір әрекет еңбек пен жауапкершілік өлшемімен бағаланатын.
Бүгінгі күнге келсек, кейбір жағдайда қызметке тағайындау үдерісінде олқылық кездесіп жатады. Кейбір азаматтар тәжірибесіз күйде бірден жоғары лауазымға тағайындалады. Мұндай жағдайда олар жүйені толық меңгеріп үлгермей жатып, күрделі мәселелермен бетпе-бет келеді. Бұл өз кезегінде басқару сапасына әсер етуі мүмкін.
Сондықтан жас маманның еңбек жолы төменнен басталып, тәжірибе арқылы қалыптасқаны дұрыс. Университетте алған білім мен нақты өндірістік тәжірибе – екі бөлек дүние. 25 жасында депутат болғандар бар, алайда өмірлік тәжірибе мен кәсіби кемелдік көбіне уақытпен қалыптасады.
Кей жағдайларда қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану немесе жауапкершіліктен тыс әрекеттер де байқалып қалады. Мұндай құбылыс қоғам тарапынан сынға ұшырайды. Бұл ретте ұлы Абайдың «Болыс болдым мінекей» өлеңіндегі билікке сын көзбен қарау, әділетсіздікті әшкерелеу идеяларының мәні бүгін де өзекті.
Әрбір мемлекеттік қызметші қандай лауазымда болса да, халыққа қызмет ету – басты міндет екенін ұмытпауға тиіс.
2026 жылы 19 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл құжатта мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен міндеттері нақты айқындалған. Қызметке қабылдау кезінде үміткердің білімі, тәжірибесі, кәсіби білігі мен этикалық ұстанымы жан-жақты ескеріледі.
Жалпы, мемлекеттік қызметке орналасу – үлкен жауапкершілік жүктейтін жаңа кезең. Ол әр азаматтан тәртіп пен кәсібилікті талап етеді. Алдағы уақытта іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіріп, білікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Мемлекеттік қызметші елге үлгі болар азамат болуға тиіс. Оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, қоғамдық мінезі – бәрі де назарда. Ол қоғамға жат әрекеттен аулақ болуы керек. Құмар ойын, зиянды әдеттерге әуестік қызметтік беделге ғана емес, заң алдындағы жауапкершілікке де әсер етеді.
Сыбайлас жемқорлық немесе заң бұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметші қатаң жауапкершілікке тартылады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші тек өз міндетін орындаумен шектелмей, ел ішінде мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, оның абыройын көтеруге үлес қосуға тиіс. Халық сенімін ақтау – ең үлкен жауапкершілік.
Құрманғали УӘЛИ,
қоғам қайраткері