Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Аристотель Зейнуллинұлы 1971 жылы Қарағанды политехникалық институтының механика-технологиялық факультетіне «Қара және түсті металдар құю өндірісі» мамандығына оқуға түсті. Еңбек жолын 1976 жылы «Каргормаш» өндірістік бірлестігінде инженер-конструктор ретінде бастаған жас маман ғылым жолын таңдады. 1980 жылы Мәскеу автомобиль жасау институтының аспирантурасын аяқтап, кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғады. Ал 1999 жылы Мәскеудегі Дәлме-дәл машина жасау Орталық ғылыми-зерттеу институтында (ЦНИИТМАШ) докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ғылыми көкжиегін кеңейту мақсатында Германиядағы Аахен қаласындағы Рейнско-Вестфаль техникалық университетінде тағылымдамадан өтті.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігіҒалымның негізгі еңбек жолы Қарағанды техникалық университетімен тығыз байланысты. Мұнда ол аға оқытушыдан бастап кафедра меңгерушісіне дейінгі сатылардан өтіп, кейін бірінші проректор, ректор міндетін атқарушы, атқарушы директор және аппарат басшысы қызметтерін атқарды.
Аристотель Исагулов — университеттегі белгілі ғылыми-педагогикалық әулеттің өкілі. Әкесі Зейнулла Исагулов — Ұлы Отан соғысының ардагері, философия кандидаты, Қарағанды қаласының құрметті азаматы. Қызы Диана Исагулова да ғылым жолын жалғастырып, PhD дәрежесіне ие болған. Исагуловтар әулетінің университеттегі жалпы еңбек өтілі 85 жылды құрайды.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі— Ғалым — 1120-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде 70-ке жуық оқулықтар мен 89 оқу құралы, 55 монография, 187 инновациялық патент бар. Ғылыми мақалалары халықаралық беделді деректер қорларына енгізілген. Хирш индексі — 11. Ол 3 ғылым докторын, 18 кандидат, 23 PhD докторын және 96 магистр даярлаған, деп хабарлады ведомстводан.
Профессор Исагулов 35 жылдан астам уақыт бойы металлургия, дәл құю және өндірісті автоматтандыру салаларында қолданбалы зерттеулер жүргізіп келеді. Ол алғаш рет төрт жаңа технологиялық процесс пен құю машиналарын әзірлеп, өндірісте енгізді. Ғалым жасаған технологиялар Қазақстандағы және шетелдегі ондаған өндіріс орындарында қолданылып келеді.
Мәселен, Қазақмыс корпорациясы кәсіпорнында автоматты кокильдік құю желісі іске қосылса, «Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты» базасында жаңа антикоррозиялық жабын өндірісі ұйымдастырылды. Бұл жобалар өндірістің тиімділігін арттырып, ел экономикасына елеулі үлес қосты.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі— Ғалым жетекшілік еткен ғылыми жобалардың жалпы қаржыландыру көлемі 477,4 млн теңгені құраса, енгізілген технологиялардан алынған экономикалық тиімділік 870 млн теңгеден асты, — делінген хабарламада.
Аристотель Исагулов — ғылым мен өндірісті ұштастырған жаңашыл ғалым ғана емес, білім беру жүйесін жетілдіруге де зор үлес қосқан оқытушы. Оның бастамасымен студенттердің білімін бағалау жүйелері, кредиттік оқыту, қашықтан білім беру платформалары және инженерлік талдау жүйелері енгізілді.
Ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, ол «Еуропалық жоғары оқу орнының оқытушысы» (2009), «ҚР Құрметті машина жасаушысы» (2013), «Қазақстанның Құрметті өнертапқышы» (2019), «Қазақстанның үздік инженері» (2021), «Үздік ғылыми қызметкер» (2021), «Құрметті металлург» (2023) секілді бірқатар беделді марапаттардың иегері атанды.
Бүгінде профессор Аристотель Исагулов «Металлургия» және «Материалтану және жаңа материал технологиялары» бағыттары бойынша дәріс оқып, жас ғалымдарды тәрбиелеуді жалғастырып келеді.
Айта кетейік, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған шығындар 19% өсті.