Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Атырауда "Абырой Авто" автосалонының екі басшысы бір миллиард теңгеден аса сомада алаяқтық жасады деген іс бойынша 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыптау нұсқасы бойынша, олар коммерциялық сатып алу желеуімен иелерінен көліктерін алып, оларды автосалон қызметкерлеріне қайта рәсімдеп, үшінші тұлғаларға сатып жіберген. 103 адам жәбірленуші деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2025 жылдың жазында Атырауда "Абырой Авто" автосалонының 100-ден аса клиенті көліктерін сатуға өткізгеннен кейін дымсыз қалғандарын мәлімдеді. Ол кезде алаяқтық ісі бойынша екі күдікті қамауға алынып, автокөліктерге тыйым салынған болатын.
Сегіз айға созылған талқылауІс бойынша сот талқылауы сегіз айға созылды. Қылмыстық іс аясында 103 адам жәбірленуші деп танылды. Сонымен қатар 100-ден аса куәгерден жауап алынды.
Іс материалдарының ауқымдылығына байланысты ондаған сот отырысын өткізу қажет болды.
"Коммерциялық сатып алу" схемасы қалай жұмыс істеді?Мемлекеттік айыптаушы, Атырау прокуратурасының прокуроры Абылайхан Әбужановтың түсіндіруі бойынша, қылмыстық схема көлік иелерінің сенімі мен ақшаны тез төлеп беру туралы уәделерге негізделген.
"Абырой Авто" автосалонының менеджерлері интернеттен көлік сату туралы хабарландыруларды тауып, олардың иелерімен байланысқа шыққан. Оларға "коммерциялық сатып алу" деп аталатын қызмет түрін ұсынған - автосалон көлікті тез әрі иесіне тиімді бағада сатып алуға уәде берген.
Азаматтар өтініш білдіргеннен кейін олармен келісімшарт жасалған. Құжат шарттарына сәйкес, көлік үшін ақша сатушының шотына 10 жұмыс күні ішінде түсуі тиіс болған.
Алайда, сот мәліметінше, автокөліктер автосалон қызметкерлеріне қайта рәсімделіп, содан кейін үшінші тұлғаларға сатылып кеткен.
1,1 миллиард теңгеден аса шығын"Құжаттарды рәсімдеу кезінде көлік иелерін машинаны есептен шығарып, оны үшінші тұлғаларға - автосалонның өз қызметкерлеріне аударуға көндірген. Уәде етілген он күн ішінде автосалон алынған көлікті басқа сатып алушыларға сатып үлгерген. Нәтижесінде заңды иелері көлікті де, уәде етілген төлемді де алмаған", - деді сотта мемлекеттік айыптаушы.
Сотталушылар орындығында "Абырой Авто" компаниясының екі басшысы отырды. Оларға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы "Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық" бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, келтірілген шығынның жалпы көлемі - 1 миллиард 147 миллион 800 мың теңге болады.
Атырау қалалық №2 сотының судьясы Эльмира Ойқұлова үкімді жария етті.
Фото сот залынан: Tengrinews.kz
Сот компания басшыларын кінәлі деп тауып, әрқайсына 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жазаны орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу тағайындалды.
Сонымен қатар, сотталғандардың әрқайсы 6 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдар мен өзге де кәсіпорындар құру, оларға басшылық ету, сондай-ақ материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Автокөліктер тағдыры не болмақ?Қазір жəбірленушілерді мазалап отырған басты сұрақтардың бірі - олар өз автокөліктерін қайтара ала ма деген мәселе.
Прокуратура өкілдері мәліметінше, қайта сатылған көлік құралдарының бұдан былайғы тағдыры үкім заңды күшіне енгеннен кейін азаматтық сот ісін жүргізу аясында шешіледі.
Жәбірленушілер сотқа талап арыз, соның ішінде сатып алу-сату мәмілелерін даулау және мүлікті қайтару туралы мәселені шешу үшін жүгіне алады.
Еске салайық, автосалон төңірегіндегі дау Атырауда 2025 жылғы тамызда басталған болатын. Ол кезде зардап шеккен тұрғындардың бірі көлігін танымал мессенджер арқылы сатылымға шығарғанын айтқан. Содан кейін онымен "Абырой авто" автосалонының өкілдері хабарласып, машинаны сатуға көмектесуге уәде берген. Осы қызметкерлерге сенген иесі көлігін соларға қалдырып кеткен.
"Қыздар телефон соғып, машинаны өзіміз сатып берейік деді. Адамдардың көлігін қалдырып, кейін ақшасын алып жатқанын бұрын естігенмін, сондықтан олар мені тез көндірді, мен келістім. Бірақ көп ұзамай шу шығып, нәтижесінде - не көлік жоқ, не ақша жоқ болып шықты", - деп әңгімелеген еді Атырау тұрғыны бұған дейін.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу