Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Осы күні таудай талабы бар жастар алынбайтын асудай көрінетін биіктерді бағындырып жүр. Соны көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Біз бүгін әлемнің маңдайалды оқу орны – Массачусетс технологиялық институтына (MIT) оқуға түскен озат оқушы туралы әңгімелемекпіз.
Мұхиттың арғы жағына жол салған Нұргүл Егенбергенова елордадағы «Nurorda» мектеп-лицейінде оқиды. Үздік оқушының физика пәні бойынша жетістіктері таңдай қақтырады: республикалық олимпиаданың үш дүркін алтын медаль иегері, халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпазы, Францияда өткен (IPhO) халықаралық физика олимпиадасының қола жүлдегері. Кейіпкеріміздің осы еңбегі еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болып, арнайы сыйақы сертификатын иеленген еді. Енді, міне, МІТ-ге оқуға түсті.
Шын мәнінде, бұл беделді университетке түсу – кез келген талапкерге оңай емес. Мәселен, биылғы оқу жылында 29 мыңнан аса үміткердің ішінен тек 4-5%-ы ғана шақырту алған. Ал өзге елдердің студенттеріне іріктеу бұдан да қатаң. Шетелдік талапкерлердің небәрі 2%-ы оқуға қабылданды. Соның ішінде біздің отандасымыз бар. Озат оқушының осы жетістігі – жай ғана сүйінші хабар емес, отандық білім жүйесі мен жас дарынның көпжылдық еңбегінің жемісі һәм жеңісі. Біз Нұргүлдің жетістік құпиясын оның ұстаздары мен өзінің ұстанымдары арқылы танып көруге тырыстық.
Халықаралық деңгейдегі оқу орындарына түсу барысында Нұргүлге бағыт-бағдар берген Сержан Жұрмағамбетов шәкіртінің ерекше жауапкершілігін атап өтті. Оның айтуынша, MIT-ке түсу – кездейсоқ сәттілік емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі. «Нұргүл – ерекше оқушы. Ол – тек дарынды ғана емес, сонымен қатар өте тәртіпті, жауапкершілігі жоғары жан. Оның физикаға қызығушылығы жай пән деңгейінде емес, нағыз зерттеушілік деңгейде қалыптасқан. Нұргүл – дайын шешім күтетін оқушы емес, керісінше, сұрақ қоятын, ізденетін, терең түсінуге тырысатын адам. Мұндай мінез бен төзімділік оны әлемдік бәсекеде оқ бойы озық шығарды», дейді Сержан.
Оның жетекшісі әрі менторы Арнұр Қазыбеков шәкіртінің күнделікті кестесі кәсіби спортшылардан кем болмағанын айтады. «Нұргүл 8-сыныптан бастап жоғары математиканы, дифференциалдық теңдеулерді игеріп, мектеп бағдарламасынан әлдеқайда алға озды. Біздің дайындығымыз аптасына 6 күн, күнде кешкі сағат 20.30-ға дейін жалғасатын. Ең бастысы – Нұргүл өзі ғана дамып қоймай, айналасына да пайдасын тигізеді. Қазірдің өзінде ол 8-сыныптың екі оқушысына ментор болып, оларды республикалық деңгейге шығарды. Бұл оның тұлғалық кемелдігін көрсетеді», дейді Арнұр.
Кейіпкеріміздің тәрбиешілері мен жақындары оның сабырлы мінезі мен қарапайымдылығын айрықша атайды. Оны өзгелерден ерекшелендіретін қасиеті – жеңіске мастанбай, қателіктен сабақ ала білуі. Ал Нұргүлдің өзінен болмысын 3 сөзбен сипаттауды сұрағанымызда арманшыл, өзінің ішкі менімен сырласатын, әрқашан өзіне есеп беретін, талапшыл адам екенін айтты. «Үлкен адам болу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға», деп ақын Мұхтар Шаханұлы жырлағандай, оның білімге деген құштарлығы бала арманынан бастау алған.
– Өзбекстанның Науаи өңірінде дүниеге есігін аштым. 6 жасымда атажұртқа отбасыммен көшіп келдік. Ауылда өскендіктен, түнгі аспандағы жұлдыздарды анық көре алатынмын. Сондықтан ғарышты зерттегім келетін. Бірақ тек астрономияға байланып қалғаным жоқ. Физика ғылымының басқа да бағыттарына қызығамын. Сол себепті де әлемдегі ең үздік технологиялық университетке түсуді мақсат еттім. МІТ-ке өтініш тапсыруды өткен жылдың қыркүйек айында бастадым. Өз кезегінде «IELTS», «SAT» сияқты сертификаттарын тапсырып, мотивациялық эсселер жаздым. Ең қиын сәт өткен жылы желтоқсан айында болды. Сол кезде халықаралық емтихандар да, сұхбаттар да, өтінімді тапсыру мерзімі де, олимпиадаларым да бір мезгілге түсіп қалды. Осының барлығын бірге алып жүру қиын болды. Бірақ еңбегімнің бір күні ақталарына сеніп, өзімді жігерлендірдім, – дейді табанды оқушы.
Біздің кейіпкеріміздің кәсіби жолдағы таңдауы бала күнгі арманынан алыстамады. Физика бағытын таңдады. Ол университетте тек білім алып қоймай, жақсы тәжірибе жинап, оны бакалаврдан бастап жаңа технологияларға айналдыруға үлес қосуды көздейді. Оның айтуынша, сол мақсатын іске асыруға MIT дәл келеді. Өйткені осы жоғары оқу орнында «практикалық инновация» жағына көбірек көңіл бөлінеді.
Енді Нұргүл Егенбергенова МІТ-те физика және инженерлік бағытты тереңдетіп оқуды жоспарлап отыр. Оның арманы – әлемдік деңгейдегі білімді игеріп, еліміздің технологиялық әлеуетін көтеруге үлес қосу.
Соңғы жаңалықтар
Экономика • Бүгін, 08:53
Өндіріс • Бүгін, 08:50
Жұмыссыздарға қандай қолдау бар?
Сараптама • Бүгін, 08:48
Көлік кептелісі шектен шықты: Әрбір жүргізуші жылына кемінде 50 сағат көшеде қаңтарылып тұрады
Қоғам • Бүгін, 08:45
Технология мен ғылымды тоғыстырған
Ғылым • Бүгін, 08:43
Алматы Кремний алқабына айнала ма?
Ғылым • Бүгін, 08:40
Білім • Бүгін, 08:38
Жәдігер • Бүгін, 08:35
Көрме • Бүгін, 08:33
«Алтын ғибадатханада» күйреген сенім
Әдебиет • Бүгін, 08:30
Өнер • Бүгін, 08:28
Сәулелі кеңістіктің секемшіл суреті
Әдебиет • Бүгін, 08:25
Нөкерсіз жүрген, нөсерге төзген
Тұлға • Бүгін, 08:23
Су тасқыны • Бүгін, 08:20
Әдебиет • Бүгін, 08:18