Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Күні кеше соңғы үмітіміз болған шорт-трекшілеріміз бен мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина жарыс жолын аяқтады. Бұған дейінгі талай жарыста жүйрік атанған шорт-трекшілеріміз биыл жүлдесіз қалды. Ал Софья қызымыз өз нәтижесін жаңартып, үздік ондыққа табан тіреді.
Шорт-тректе шегініс бар ма?
Олимпиаданың алғашқы күндерінен бастап шорт-трекшілеріміз жаппай құлады. 1000 метр қашықтықта Денис Никиша бастаған топ мәре сызықтарына бірінші болып келе алмады. Оның бір себебі отандастырымызға бұл қашықтықтың оң жамбасына келмеуі. Иә, спортта икемге келетін бағдарламалар бар. Бір спортшылар барлық бағдарламада үздік болса, енді бірі тек өзіне сай, дайындығы тек осы бағдарламаға құрылған болады.
Ал келесі 500 метр қашықтықта ел намысын Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиев қорғаған еді. Ширек финалда Денис Никиша өз жарысында үшінші болып мәреге жетсе де, келесі айналымға жолдама алды. Ережеге сәйкес, жартылай финалға өз тобында алғашқы екі орын алған спортшылар, сондай-ақ үшінші орын иеленгендер арасынан уақыт көрсеткіші ең үздік екі шорт-трекші өтеді. Уақыт нәтижесінің арқасында Никиша келесі кезеңге жолдама алды.
Жартылай финалда Никиша екінші топта сынға түсті. Алайда бұл кезеңде төртінші нәтиже көрсетіп, А финалына өте алмады. Ереже бойынша А финалына шығу үшін спортшы өз жартылай финалында алғашқы екі орынның бірін алуы немесе үшінші орын иегерлері арасында үздік уақыт көрсетуге тиіс болатын. Осылайша, қазақстандық спортшы В финалында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
В финалында 6-10-орындар сарапқа салынды. Шешуші жарыста Никиша екінші нәтиже көрсетіп, жалпы есепте жетінші орынға тұрақтады.
Бұл қашықтықта алтын жүлдені канадалық Стивен Дюбуа жеңіп алса, нидерландтық Мелле ван’т Ваут пен Йенс ван’т Ваут жүлделі орындардан көрінді.
Ал Абзал Әжіғалиев ширек финалда бесінші болып, жарыс жолын аяқтады. Осылайша, Қазақстан құрамасының көшбасшысы Денис Никиша Олимпиаданы жетінші орынмен аяқтаса, Абзал Әжіғалиев 500 метрлік бағдарламада ширек финалға дейін жетті.
Спорт журналисі Руслан Меделбектің айтуынша, спортшыларымызға қойылған мақсат орындалмады.
– Қазақстан шорт-трекшілерінің соңғы Олимпиададағы нәтижесі 2014, 2018 және 2022 жылдармен салыстырғанда төмен екені анық байқалады. Біріншіден, Қазақстан құрамасы 2014 жылдан бері Олимпиада ойындарында 5000 метрлік эстафетаға жолдама ала алмай келеді. Бұл бәсекеге әлемнің ең үздік сегіз құрамасы ғана қатысады. Салыстырып қарасақ, 2014 жылғы Олимпиадада Қазақстан 5000 метрлік эстафетада А финалына дейін жеткен еді. Ал 2018 жылғы Олимпиадаға 500, 1000, 1500 және 5000 метр қашықтықтарының барлығына спортшылар апарылды. Екіншіден, 2022 жылғы Олимпиада ойындарында 1500 метр қашықтықта финалға дейін жеткен Әділ Ғалиахметов бұл жолы Олимпиадаға мүлде қатыса алмады. Яғни, көшбасшылардың бірі қатардан тыс қалды. Бұл команда алдындағы стратегиялық мақсаттардың толық орындалмағанын білдіреді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір құрамада жас спортшылардың дәурені келе жатыр.
– Қазір ұлттық құрамада буын алмасу процесі жүріп жатыр. Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша үшін бұл соңғы Олимпиада болды. Енді Әділ, Мерсаид, Дінмұхамед, Зейнеп, Алина, Богдан сынды жас спортшыларға үміт артылады. Ізбасар жоқ емес, бар. Шорт-тректен мықты спарринг қарсылассыз, ішкі бәсекесіз нәтиже күту қиын. Мәселен, Нидерланд, Канада, Корея, Қытай, Италияда бірнеше құрам жұмыс істейді. Ішкі бәсеке өте жоғары. Спортшылар бір-біріне тұрақты спарринг болып, деңгейін үнемі көтеріп отырады. Қазақстанға дәл осы ішкі бәсеке жетіспейді. Құрама ішінде тартыс болмаса, халықаралық аренада медаль үшін күресу де қиындайды. Олимпиада жүлдесі – тек жеке шеберліктің емес, жүйелі дайындық пен ішкі бәсекенің жемісі. Ал бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыс көп, – дейді Руслан Меделбек.
Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Олимпиададағы жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілгенін тілге тиек етті.
– Басты мақсатым осы қашықтықта финалға дейін жетіп, жүлде алу еді. Мен әр Олимпиадаға медаль үшін барамын. Бұл жолы оңай болған жоқ. Соған қарамастан, барлық іріктеу кезеңдерінен өтіп, ел намысын абыроймен қорғадым деп ойлаймын. Бұл – менің төртінші Олимпиадам. Әр додада қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға тырыстым. Өкінішке қарай, бұл жолы ол мақсатқа жете алмадым.
Сондай-ақ жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілді. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алтын алғаннан кейін, шорт-тректен де көпшілік медаль күтті. Дегенмен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осы спорттың елімізде дамуына өз үлесімді қостым деп санаймын. Еңбек еттім, халықаралық жарыстарда жеңіске жеттім. Қазақстанда да мықты шорт-трекшілер бар екенін дәлелдедім деп ойлаймын, – деді Абзал Әжіғалиев.
Софьяның жаңа белесі
Төртжылдықтың басты додасында Михаил Шайдоров бөркімізді аспанға лақтыртып еді. Енді Мишаның ізін жалғап Софья Самоделкина да өз өнерімен көпті тәнті етті. Қайсар қызымыз өз нәтижесін жаңартып, Олимпиада алдында қойған мақсатын орындады. Отандасымыз осы жарыста бар күшін салғанын айтып, жанкүйерлерге ыстық лебізін жеткізді.
– Қазіргі деңгейіме сай өнер көрсеттім. Дайындаған бағдарламамды толық орындадым. Сондықтан өте бақыттымын.
Жанкүйерлердің қолдауы өте керемет. Әр жарыста соған қайта-қайта таңғаламын. Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан арнайы ұшып келіп, қолына ту ұстап, мені қолдаған адамдардың бейнежазбаларын көріп жүрмін. Тіпті тәтем мен немере ағам мені қолдау үшін Германиядан арнайы келді.
Әрине, мұндай қолдау үлкен күш береді. Саған қол соғып, сол энергияны сезінгенде, өзіңді еркін ұстайсың. Сондықтан баршаңызға алғысымды білдіріп, көп рақмет айтқым келеді.
Олимпиадада өнер көрсетуді бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсіресе, еркін бағдарламадан кейін көңілің толқып, жүрегің алып-ұшып тұрады. Осында жүргеннің өзі – зор бақыт, ал бәрі ойдағыдай болғанда қуанышың тіпті еселене түседі. Менің арманым орындалды деп айта аламын. Барша адамға армандап, сол арманына сенуді тілеймін. Сол кезде ол міндетті түрде орындалады, – дейді Софья Самоделкина.
Ол жарыс барысында қысқа бағдарламадан кейін 12-орында тұрған еді. Еркін бағдарламада Самоделкина төрешілердің шешімімен 138.99 ұпай жинады. Қос бағдарлама қорытындысы бойынша 207.46 ұпай еншілеп, жеке рекордын жаңартты. Нәтижесінде, қазақстандық спортшымыз үздік ондықты қорытындылады.
Ал қарсыластарымыз Алиса Лью (АҚШ) 226.79 ұпаймен алтын медаль жеңіп алса, екінші орынды Каори Сакамото (Жапония) иеленді. Ами Накаи (Жапония) 219.16 ұпаймен қола медальға ие болды.
Спорт журналисі Руслан Меделбек Софьяның өнеріне өз бағасын берді.
– Софья Самоделкина бұл жарыста өз мүмкіндігінен де жоғары деңгейде өнер көрсетті деуге толық негіз бар. Бұған дейін Гран-при кезеңдерінің бірінде күміс жүлде иеленгенде қос бағдарлама қорытындысы бойынша 200 балл жинаған еді. Ал бұл жолы нәтижесін 207 ұпайға дейін жақсартты. Бұл – спортшының техникалық та, компоненттік те өсімін көрсететін өте жақсы көрсеткіш.
Соған қарамастан, жүлдеге таласу қиынға соқты. Себебі басты қарсыластарының мұздағы техникалық элементтері де, бағдарламаның көркемдік компоненттері де жоғары бағаланды. Жалпы алғанда, Олимпиада ойындарында үздік ондыққа ену – аса жоғары нәтиже. Әлемнің мықтылары жиналған додада топ-10 қатарына кірудің өзі үлкен жетістік екені сөзсіз, – дейді спорт журналисі Руслан Меделбек.
Қорыта айтқанда, өтіп жатқан Олимпиада біздің қысқы спортымыздың ахуалын айқын көрсетіп отырғандай. Шорт-тректе бұрынғы жылдардағыдай ауқымды нәтижеге қол жеткізе алмасақ та, басқа да мүмкіндіктерге жол ашылып жатыр. Оның бір дәлелі Софьяның жеке рекордын жаңартып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетуі. Шорт-тректе жас буын қалыптасып келеді. Яғни, нәтиже көңіл көншітпеген тұстар болғанымен, толық тоқырау туралы айтуға негіз жоқ.
Әсет ҚАЛИ