Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Исатай ауданы Қамысқала округіне қарасты далалықта мал, соның ішінде жылқылар қынадай қырылып жатыр. Қазірдің өзінде жүздеген жылқы өлген, қыс біткенше ол сан қаншаға жететіні белгісіз.
«АЖ» тілшісі малшы қыстақтарын аралап, мән-жайды көзбен көріп қайтқан еді.
Округтің қатқыл бойына қар тұтас түскен, бірақ көлік жүре алмастай қалың да емес, сай-сала мен кейбір жолдарды көміп тастаған. Қыс түскелі ауа райының күрт өзгеруінен фермерлер абдырап қалған, қалдері мүшкілденіп, кімнен көмек сұрарын білмей сансырап отыр. Қаңтардың 15-де жауған жаңбыр далалықты көк мұзға айналдырып, қысы-жазы далада еркін жайылатын жылқы малы тісіне ілігер шөп таппай, тебіндей алмай қиналуда. Биелер құлын тастап жатыр, көтерем болған жылқылар қолға қарап қалған.
Ақ қардың үстінде жылқы жатыр, өлген. Аурудан емес аштықтан өлгені көрініп тұр, қабырғалары саусақпен санарлықтай ырсиып тұр.
«Шұғыла» қыстағына жеткенше бірнеше жылқының өлігіне кездестік. «Онсызда ала жаздай жаңбыр аз түсіп, жайылым жұтаң тартып тұр еді. Енді осы аз шөпке тістері тимей қырылуда, мұздан тайып жығылып жатқандары да жетеді, жағдай өте қиын» дейді налыған фермерлер.
- Жылқылар көз алдымызда өліп жатыр, аурудан емес аштықтан. Бұрын ондай болмаған, 90-ға келген әкемнің айтуынша 1997 жылы қыс кезінде жаңбыр жауып, арты мұздаққа айналып, жылқылар баудай түсіпті. Соның кебін киіп жатырмыз, не істерге білмей отырмыз, менің өзімнен 2 үйір, оншақты бас жылқы арам өлді, бір үйірі каналдың ішінде өліп жатыр. Бір орам шөп 15-16 мың теңгеден Батыс Қазақстан облысынан келуде. Сатып алатын ақшамыз да қалмады, сатайық десек арық малды ешкім алмайды. Оны өткізетін жер жоқ, не істерге білмеудеміз. Қосымша табысымыз жоқ, осы малдан басқа күнкөрісіміз жоқ,-дейді «Ибраимов Қадіржан» ШҚ мүшесі Нысанбек Ибраимов.
«Арыстанов. С.» ШҚ төрағасы Қалиахмет Арыстанов кебек жемнің өзі 2600 теңге (18-20 кг), 1 қапшық бидай 4 мың теңгеге қымбаттап кеткенін, оны алудың өзі қиындап тұрғанын жеткізді. Күз кезінде арық-тұрақ малдары өтпеген.
Осы Қамысқала округімен шекаралас жатқан Махамбет ауданының «Үшкөпір» учаскесіндегі «Мутиев. Б. Д.» ШҚ төрағасы Биғали Мутиевпен тілдестік:
- 50 бас жылқым аштан өлді, мұздақта жайыла алмай құлап. Қазір аулада 380 бас арық-тұрақ жылқыны қолдан бағып отырмыз. Өткен жылы 3 мың орама шөп алғанбыз, ол дым болмай қалды. Бұрын әкімдіктің көмегімен тізім арқылы жем алатынбыз, биыл ол жоқ. «Дәулет нан» тоннасы 50-60 мың теңге кебек жемді 130-140 мың теңгеге көтеріп жіберді. Бірақ ол да қолға тимей тұр, - дейді ол.
- Біз «Тасыбай» учаскесінде тұрамыз. Жылқы жылында жылқыларымыздың өліп жатқаны арқамызға аяздай батуда. Малдың қолға тұрғанына айдан асып кетті. Қазірдің өзінде бір орам шөп 20 мың теңгеден бір шықты, ол да болса жоқ. Сол себептен облыс көлемінен бізге көмек керек, әлі 1,5 ай қахарлы қыс күндері тұр. Сәуір болмай, тәуір болмас дегендей, қолұшын берер кез келді, мен оны фермерлер атынан айтып тұрмын,-дейді «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы Мақсот МУРЗИН.
Х. Ерғалиев ауылының жеке тұрғындары барынша жылқыларын қорасына ұстауда. Жеке шаруа Қасен Саянов қырдағы жылқыларын бір ай болды қорасына ұстап отырғанына, өйткені мұздақтан жайыла алмаған. Күні бүгінде 20-шақты жылқысынан айрылған, күнде біреуі өледі екен. Ауласындағы жылқыны көрсең шошисың, арса-арсасы шығып жүдеген, қу сүйек, әлсіздері орнынан тұра алмай құлап жатыр.
СУБСИДИЯ НЕГЕ БЕРІЛМЕДІ
Қамысқала округінің әкімі Рафиғат Тажиденовадан алынған мәлімет бойынша мал өсірумен айналысатын 70 шаруа қожалығы бар екен. Оларда 4385 ірі қара, 2621 қой, 450 ешкі, 1470 түйе, 4814 жылқы тиесілі. Қажетті мал азығы 14 мың тонна болса, соның өткен жылы 63 пайызы ғана қора басына үйілген.
9 шаруа қожалығы 300 гектар жерге шыққан өсімдіктерді суарып, өздеріне қажетті мал азығын дайындап алған. Жалпы мал азығының 8-10 пайызы жергілікті жерден дайындалса, қалған бөлігі сырттан сатып алынуда. 200 келіге жетпейтін бір орам шөпті 10-12 мың теңгеден Батыс Қазақстан облысы, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан алған.
- Ірі сабақты шөпке берілетін субсидиядан көп үміттендік, айналғанда берілмей қалды. Жалпы Исатай ауданы климаты жағынан қуаңшылық өңір болып саналады. 2025 жылы жауын-шашын аз түсіп, өсімдіктер шықпай қалды. Барына жылқылар жаз бен күзде жайылып, әбден қыс түскенде жердегі аз ғана шөп мұз құрсауында қалды. Осы себептен мал індеттен емес, аштан өліп жатыр,-дейді фермерлер.
2024 жылы АШ Министрлігінің қағидасында «Ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалатын шығындар құнын арзандату» бағыты бойынша субсидиялау гидрометеорологиялық қызмет растаған өңірде (Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облыстарында ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын қоспағанда) азық айындауға теріс еткен төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайлары болған кезде ғана жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы жануарлары басының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату бағыты бойынша субсидиялау жергілікті бюджеттен қосымша бюджет қаражаты бөлінген және\ немесе басқа бюджеттік бағдарламалардан қайта бөлінген және\немесе бөлінген бюджет қаражаты жеткілікті болған кезде жүзеге асырылады» деген.
Қамысқала округінде жағдайдың мүшкілдігі алдын ала ескерілгенде субсидияға ілінер ме еді. Енді аштықтан мал баудай түсіп жатыр.
Қолымызға 25 адамның атынан тізім түсті, оның ішінде 40,60,25,20, 3 ... бас жылқы мен ірі қарасынан айрылғандар бар. Бұл тізім жалғасатыны сөзсіз. Енді дала еңбеккерлерін «2 ай қыстан қалай шығамыз?» деген сұрақ мазалауда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бүгін, 17:35