Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
ХІХ ғасырда Батыс Қазақстан өңірінде танымал болған қоғам қайраткері, Әбілқайыр ханның немересі, генерал майор Баймағамбет Айшуақов (1790-1847) пен Орал облысындағы Қарашығанақ болысын ұзақ жыл басқарған Ержан Шолақұлы (1818-1905) киген ұлттық баскиімдердің көшірмесін тарихи тұлғалардың ұрпағы өз қаражатына жасатып, аудан музейіне тарту етті. Айта кетейік, бұл баскиімдердің түпнұсқасы Ұлттық музейде сақтаулы тұр, тарихи фотосуреттерде де бейнеленген.
«Бұл біздің музей үшін үлкен мәртебе және де келер ұрпаққа қалатын баға жетпес жәдігер болды», дейді музей жетекшісі Зумрат Оқасқызы.
Бұл күні музей жанында «Бөрлі ауданының тарихы: зерттеулер, деректер және тарихи мұра» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өлкетанушылар соңғы кезде анықталған тың деректерді ортаға салды. Өлкетанушы, тарих ғылымдарының магистрі Айболат Құрымбаев «Борлы тау» кітабының 2 томын, «Борлы тау батырлары» тарихи еңбегін музейге табыстады. Өлкетанушы Дамир Еншібаев та жақында баспадан шыққан «Табын руының шежіресі» атты қостомдығын музейге сыйға тартты. Ал зерттеуші Нұрлан Сәдір белгілі Марабай жырау хақында тың деректерді ортаға салса, жас ғалым Ерсұлтан Мұратов Қазақстан және шетел архивтеріндегі Бөрлі ауданына қатысты деректерге шолу жасады.
Бұл кездесу Бөрлі өңірінің тарихындағы өзекті мәселелерді талқылап, тарихи мұраны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы ұсыныстар ортаға салынған маңызды жиын болды.
Батыс Қазақстан облысы