Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Батыс Қазақстан облысында кейінгі үш жылда негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылып, жалпы құны 165,5 млрд теңгенің 91 жобасы іске қосылды. Өңірдің таяу болашақтағы жоспар-жобалары да қомақты. Бұл жөнінде облыс әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ газет тілшісіне әңгімелеп берді.
– Нариман Төреғалиұлы, жаңа жылдың алғашқы айы да түгесілді. Бұл өткенді қорытындылап, жаңа жоспар құруға жеткілікті уақыт қой. 2025 жыл Батыс Қазақстан облысы үшін жаман болмаған сияқты...
– Иә, кейінгі жылдары облыс экономикасының даму динамикасы тұрақты. Инвестиция көлемі артып, шағын және орта бизнеске қолдау күшейді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өрісі кеңейді. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер өңірлік деңгейде нақты жобалар мен жүйелі іс-шаралар арқылы жүзеге асып отыр.
Өткен жылы облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткіздік. Сөзім жалаң болмас үшін кейбір сандарға тоқтала кетейін. Былтыр облыстың өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 112,2 пайызға өсіп, 379,7 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 102,8%-ға артып, 319,9 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер – жай ғана статистика емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететін маңызды факторлар. Біріншіден, өндіріс көлемінің ұлғаюы салық түсімдерін арттырады. Екіншіден, тұрақты жұмыс орындары көбейеді. Үшіншіден, экономикалық өсім ауылдарда мектеп, медицина, мәдениет және спорт нысандарын салуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жастардың туған жерде тұрақтап қалуына ықпал етеді.
– Инвестиция демекші, Мемлекет басшысы экономикаға қаржы тарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе әкімдердің бюджет қаражатына сеніп отыра бермей, алыс-жақыннан инвестиция тарту қажеттігін айтты. Біздің өңірде бұл іс қалай жүріп жатыр?
– Президенттің Жолдауында өңдеу салаларына қаржы тарту арқылы жаңа инвестициялық кезеңді бастау маңызды екені айтылды. Өңірде бұл бағыттағы жоспарымыз ауқымды. Былтыр тікелей шетелдік капиталды тарту мақсатында Чехия, Ресей, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея елдеріне барып, әлеуетті инвесторлармен келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде өнеркәсіп, құрылыс, медицина, энергетика мен ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 1 трлн теңге болатын жобалар бойынша меморандумға қол қойылды.
Мәселен, қытай инвесторларымен бірлесіп «Batys POWER» компаниясы газ турбиналы электр стансасының қуатын арттыру бойынша 386 млрд теңгенің жобасы қолға алынды.
Сонымен қатар «Zhaik Petroleum LTD» компаниясы мен Қытайдың «Foshan City Construction Engineering Co» компаниясы құны 78 млрд теңгенің жобасы аясында жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауытын салуды бастады.
Қытайдың «Chengtian Runkang Pharmaceutical» компаниясы «Киік етін қайта өңдеу» жобасы бойынша 4,2 млрд теңге қаржыға ет комбинатын салады. Жаңа өндіріс орнының құрылуы, басқа да тиімді тұстарын айтпағанның өзінде, өңір үшін өзекті мәселе – ақбөкендер санын реттеуге, жайылым жерлердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
«ASAR Biotech» ЖШС фармацевтикалық препараттар шығаратын зауыт салады. Бүгінде кәсіпорын құрылысының бірінші бөлігі басталды. Жобаның жалпы құны – 30,9 млрд теңге.
Ресей Федерациясының «Красная звезда» компаниясы Орал қаласындағы кәріз жүйесін тазарту нысаны құрылысын жобалауды бастады. Ал Сәтимолла кен орнында калий тыңайтқыштарын өндіру жобасының құны 1,6 трлн теңгеге бағаланды.
2023 жылдан бері негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды, жалпы құны 165,5 млрд теңгенің 91 жобасы іске қосылды. Осылайша, кейінгі 3 жылда нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, 2023 жылы нақты көлем индексі – 675,2 млрд теңге, 2024 жылы – 750 млрд теңге, 2025 жылы 874,5 млрд теңгені құрады. Ал биыл 1 трлн 51 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз.
– Облыс экономикасының негізгі локомотивтерінің бірі ауыл шаруашылығы саласы ғой. Бұл бағытта не жаңалық бар?
– Дұрыс айтасыз, ауыл шаруашылығы – өңір дамуының басты драйвері. Бүгінде облыс тұрғындарының 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Төрт түлігін түлетіп, атакәсіпке бет бұрғандар аз емес. Бұған аймақтың табиғи-климаттық ерекшелігі де толық мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде осы саладағы жалпы өнімнің 60 пайызы мал шаруашылығына тиесілі.
Республикадағы етті бағыттағы ірі қара малдың 42 пайызы біздің өңірде шоғырланған, ал ірі қара саны жөнінен ел көлемінде екінші орындамыз. Кейінгі 3 жылда ауыл шаруашылығы саласында басымдық берілген 12 ірі инвестициялық жобаны қаржыландыруға бюджеттен 16,3 млрд теңге бағытталды. Былтыр саладағы инвестиция көлемі 2 есе өсіп, 52,3 млрд теңгені және өнімдерді қайта өңдеуге тартылған инвестиция көлемі 2,5 есе өсіп, 7,1 млрд теңгені құрады. Алдағы 3 жылда жалпы құны 64,7 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Биылдың өзінде жалпы құны 17,6 млрд теңге болатын 28 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023–2024 жылдары республикалық бюджеттен 9,8 млрд теңге бөлініп, жылына 13,8 мың тонна сүт өндіретін 5 тауарлы-сүт фермаға қолдау көрсетілді. Осы және өзге де инвестициялық жобалар нәтижесінде өңірді сүт және сүт өнімдерімен қамту деңгейі 39 пайызға жетті. Алайда мал шаруашылығын дамыту өнім көлемімен ғана өлшенбейтіні түсінікті. Бұл салада қауіпсіздік мәселесі де айрықша маңызға ие. Осы орайда эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беріп отырмыз. Кейінгі жылдары облыста 70-ке жуық ветеринария пункті мен мал қорымы салынды, бұл жұмыс жүйелі жалғасады. Өйткені мал сау болса, өнім де сапалы, халық та қауіпсіз.
Егіс алқаптарын әртараптандыру да маңызды. Мәселен, кейінгі үш жылда бұршақ тұқымдас дақылдардың көлемі 12 есе артты. Бұл дақылдарды ғылыми негізде енгізу агроөнеркәсіп кешенінің ұзақмерзімді әрі тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 23 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Былтыр қайта өңдеу үлесі 67 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Ауыл экономикасын дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасы да маңызды рөл атқарады. Бағдарламаға қатысқан жеке кәсіпкерлер мен 109 кооперативтің 1 400-ден аса жобасы қаржыландырылып, 1 797 жаңа жұмыс орны құрылды. Қатысушылардың өнімдерін өткізу мақсатында ірі компаниялармен зәкірлік кооперативтер арқылы әріптестік орнатылды. 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде өндірілетін өнімдерді ірі мұнай өңдейтін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясына өткізу туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінде ҚПО қызметкерлерінің тамақтануын ұйымдастыруға жалпы соммасы 1 млрд теңгеге 568,2 тонна көкөніс, 184,5 тонна ет, 14,5 тонна сүт өнімдері, 5,8 млн дана жұмыртқа өткізілді. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған бұл кешенді іс-шаралар өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, ауылдың әлеуетін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Қазір су тапшылығы әлемдік мәселеге айналды. Президент те су мәселесі аймақтың азық-түлік қауіпсіздігімен тығыз байланысты екенін ескертті ғой.
– Дұрыс айтасыз, Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында да су мәселесімен жүйелі айналысудың маңызын атап өтті. Су – тіршілік нәрі, су шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізі. Кейінгі жылдары өңірде суармалы жер көлемі ұлғайды. 2024 жылы 10,1 мың гектар болса, былтыр 12,4 мың гектарға артты. Оның 94 пайызында су үнемдеу технологиясы қолданылады. Су инфрақұрылымын жаңғырту – маңызды міндет. 2024–2028 жылдарға арналған Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына облыс бойынша 127 іс-шара енгізіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Өңірде жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайтын үш магистралды каналды қайта жаңғырту басталған еді. Бүгінгі таңда 2 каналдағы жұмыстар толық аяқталды. Жобалар Жайық өзенінің сол жағалауындағы 350 мың гектарға дейінгі жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – мал шаруашылығын тұрақты дамытуға берік негіз. Сонымен қатар 2024 жылы 1 млрд теңге қаржы бөлініп, 10 суқоймасына қайта жаңғырту жүргізілді. Алда тағы 14 суқоймасы жөнделеді. Былтыр ұзындығы 192 шақырым болатын Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту жұмысы басталды. Суды ұтымды әрі тиімді пайдалану мақсатында кейінгі үш жылда өңірде жалпы ұзындығы 303 шақырым магистралдық каналдар механикаландырылған тазартудан өтті, биыл тағы 150 шақырым су арнасы тазартылады.
– Батыс Қазақстан облысындағы сәтті жобаның бірі – өзіңіз мұрындық болған «Қаладан – ауылға» бағдарламасы сияқты. Бұл бастаманың бүгінгі жай-күйі қалай?
– 2024 жылы іске қосылған «Қаладан – ауылға» жобасы қысқа мерзім ішінде-ақ ауыл тұрғындары мен қоныс аударушылар тарапынан кең қолдау тапты. «Egemen Qazaqstan» газеті де осы тақырыпты бірнеше рет жазып, насихат жасады, көп рахмет! Бүгінгі есеп бойынша жоба аясында 205 отбасы, 1 мыңнан аса адам қаладан ауылға көшті. Оның 623-і – бала. Қоныс аударған отбасының барлығына да баспана берілді. 223 азамат тұрақты қызметке орналасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Олардың арасында дәрігер, мұғалім, өзге де қажетті сала мамандары, сонымен қатар «Ауыл аманаты» арқылы өз кәсібін ашқандар да бар. Айта кеткен жөн, бағдарламаға өзге өңір тұрғындары да қызығушылық танытып, облысымыздың елді мекендерінде тұрақтанды. Осы жоба арқылы ауылдағы кадр тапшылығын, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектептің мәселесін шештік. Бүгінде бұл бастамамыз өзге облыстарға да үлгі ретінде ұсынылды.
Өңір халқын баспанамен қамту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. 2023 жылдан бері облыста тұрғын үй құрылысына 63 млрд теңге бөлініп, 3 698 пәтер пайдалануға берілді. Кейінгі 3 жылда аудан орталықтарын қоспағанда, ауылдарда 1 733 отбасы баспаналы болды.
– Өңірде әлеуметтік салаға, соның ішінде осал топтарға көмек, көзқарас қалай?
– «Балық берме, қармақ бер» деген даналық бар. Біз де әлеуметтік саясатты жүзеге асырғанда дәл осы ұстанымға сүйенеміз. Кейінгі үш жылда бұл бағыттағы жүйелі мемлекеттік қолдау нәтижесінде өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар азайып, күні бүгінге облыс тұрғындарының 1,1 пайызы ғана жәрдемақы алады. Былтыр өңірде 30 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылса, оның 19,1 мыңы – ауыл тұрғындары.
Әлеуметтік қолдау жұмыспен қамтумен ғана шектелмейді. Ерекше назарды қажет ететін азаматтарға да жан-жақты жағдай жасалып отыр. Мүгедектігі бар тұлғаларға медициналық көмек ұсынып, қоғамға бейімдеу мақсатында 150 орындық заманауи оңалту орталығы, сондай-ақ спорт кешені пайдалануға берілді.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыру – басты басымдықтың бірі. Кейінгі үш жылда облыста жаңа 121 әлеуметтік нысан салынды. Оның 52-сі – денсаулық сақтау, 30-ы – білім, 24-і – спорт, 15-і мәдениет саласына тиесілі.
Президенттің тікелей тапсырмасымен іске асқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 50 медициналық нысан пайдалануға беріліп, қойылған міндет толық орындалды. Бүгінде Қазталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық ауруханалардың құрылысы жүріп жатыр. Саладағы кадр тапшылығын азайту мәселесі өзекті күйінде. Жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып әрі әлеуметтік қолдауды күшейткеннің нәтижесінде кейінгі үш жылда өңірге 450 дәрігер маман тартылды, оның 239-ы ауылға жіберілді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінді. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсартуға 10 млрд теңге бөлініп, 1 094 заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Білім саласында да оң өзгеріс аз емес. 2023 жылдан бері облыста 30 жаңа мектеп салынды. Оның 9-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жаңа білім ошақтарының 22-сі ауылда ашылды. Себебі ауылға жағдай жасау – ауыл балаларына қала оқушыларымен тең мүмкіндік беру деген сөз. Атқарылған жүйелі жұмыс нәтижесінде өңірде 11 апатты, 6 үш ауысымды және 12 бейімделген мектеп ғимаратының мәселесі толық шешілді. Биыл облыста 8 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Ұлттық құрылтайда «Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді», деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы руханият мәселесіне айрықша мән беруді тапсырды. Бұл сала да біздің назарымыздан тыс қалған емес. Кейінгі үш жылда облыста 15 мәдениет үйі мен мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен ауылдарда 25 кітапхана жаңғыртылды. Олардың кітап қоры 20 мыңнан аса кітаппен толықты. Оның сыртында 2 аудандық кітапханаға жаңа ғимарат салынды. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры мен А.Островский атындағы орыс драма театрын күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға таяу. 2023–2025 жылдары облыста 24 спорт нысаны пайдалануға берілді. Бүгінде облыстың барлық аудан орталығы заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылған.
– Батыс Қазақстан облысында ең үлкен мәселенің бірі автокөлік жолдарының сапасы еді. Кейінгі кезде бұл бағытта да ілгерілеу бар сияқты.
– Иә, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы арқасында өңірде көлік-логистика саласы серпінді дамып келеді. 2023–2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 258,5 млрд теңге бөлінсе, осы қаражат есебінен түрлі деңгейдегі 1 542 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өтті. Соның ішінде жалпы ұзындығы 560 шақырым болатын 56 елді мекенде кіреберіс жол жөнделді. Әсіресе талай жылдан бері жол азабын тартып келген Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының тұрғындары мемлекет қамқорлығын ерекше сезінді. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық жүзеге асырылды.
Батыс Қазақстан – еліміздің шекарасында тұрған өңір. Транзиттік әлеуетті күшейту мақсатында Қазақстан – Ресей шекарасындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары да басталды. Былтыр «Сырым» пунктін жаңғырту қолға алынса, биыл «Тасқала» жобасы іске асырылады. Сол арқылы инфрақұрылым толық жаңарып, заманауи бақылау және рәсімдеу жүйесі енгізіледі. Бұл өткізу қабілетін арттырып, шекарадан өту уақытын қысқартады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының инфрақұрылымды жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде былтырдан бастап облыс аумағында 4 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Олардың берісі елу жылдай бұрын салынса, әрісі ғасыр бұрын бой көтерген.
– Еліміздің бірқатар өңірінде коммуналдық жүйелердің тозуынан түрлі апат болып жатқанын естиміз. Облыстағы ахуал қалай?
– Иә, коммуналдық инфрақұрылымның тозуы – бүкіл ел үшін ортақ әрі күрделі мәселе. Соған қарамастан облыста су, кәріз және жылу жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Ең алдымен, пайдалану мерзімі 60 жылдан асқан және бұған дейін мүлде жөндеу жүргізілмеген нысандарға басымдық берілді. Кейінгі үш жылда 10,5 млрд теңгеге 4 ірі кәріз-сорғы стансасы толық жаңғыртылып, 320 мың тұрғын сенімді кәріз жүйесімен қамтылды. Жуырда тағы 2 кәріз-сорғы стансасының реконструкциясы аяқталып, 90 мыңнан аса абонент тұрақты су бұру жүйесіне қосылады.
Жалпы ұзындығы 11 шақырым 2 жылу магистралі толық жаңғыртылды. Сондай-ақ 2 жаңа қазандық іске қосылды. Орал қаласының жылу электр орталығында 3 млрд теңгеге градирня толық ауыстырылып, экологиялық тұрғыдан тиімді шешім қабылданды. Соның арқасында Жайық өзенінен алынатын техникалық су көлемі жылына 4 млн текше метрге үнемделді. Өткен жылы жалпы құны 21,6 млрд теңгеге су құбыры желілері мен Орал жерасты су көздерін реконструкциялау жобасы басталды.
Электрмен жабдықтау саласында кейінгі үш жылда жалпы құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асты. Оның ішінде жарты ғасырға жуық пайдаланылған 6 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 2 жаңа қосалқы станса мен 2 өндірістік-жөндеу базасы салынды. Сонымен қатар 1960 жылы іске қосылып, кейінгі 10 жыл бойы жұмыс істемеген турбоагрегаттың жаңғыртылуы энергия тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Нәтижесінде станса қуаты 12,5 МВт-қа өсіп, 58 МВт-қа жетті. Орал қаласын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында HITACHI турбинасына күрделі жөндеу жүргізілді. Сөйтіп, турбина қуаты тағы 28 МВт-қа артты.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2023–2025 жылдары 127 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтылып, 28 ауылға табиғи газ тартылды. Бүгінде облыстың сумен және көгілдір отынмен қамтылу деңгейі негізінен толық шешілді деуге болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында стратегиялық маңызы бар салалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша назар аударылды. 2023–2025 жылдары облыстық бюджеттен 15 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, 1 мыңға жуық арнайы техника сатып алынды. Атап айтсақ, төтенше жағдайлар және полиция департаменттеріне – 412, орман мекемелеріне – 123, коммуналдық кәсіпорындарға – 58, білім және денсаулық сақтау ұйымдарына – 190, ветеринария қызметіне – 149, сондай-ақ «Батыс ирригация» мекемесіне 24 заманауи техника табысталды.
– Президент 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Бұл бағытты дамыту үшін қандай жоспар бар?
– Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасы – елімізді цифрлық державаға айналдыру жолындағы маңызды қадам. Өйткені технология қарыштап дамыған қазіргі таңда көштен қалудың салдары ауыр болатынын қай-қайсымыз да терең түсінгеніміз абзал.
Бүгінде облыстағы елді мекендердің 90%-ы интернетке қол жеткізіп отыр. Халық саны 50-ден төмен ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін OneWeb спутник стансалары орнатылып жатыр. Сондай-ақ 5G стандартындағы 77 базалық станса іске қосылды.
«Smart City» тұжырымдамасына сәйкес 2024 жылдың қорытындысында Орал қаласы «Үздік бес ақылды қаланың бірі» деп жарияланды. Облысымызда көптеген салада жасанды интеллект функциясы қосылып жатыр. Мысалы, «ikomek109» бірыңғай call-орталығында қоңырауларға робот автоматты түрде жауап береді. Орал қаласында аналитикалық мүмкіндіктері бар 300 заманауи бейнекамера орнатылды. Құрылғылар жол қозғалысы ережелерінің сақталуына, білім ұйымдарында буллингтің алдын алуға, іздеуде жүрген күдіктілерді табуға, шартты түрде сотталғандарды бақылауға көмектесіп, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қырағы қадағалайды. Денсаулық сақтау, жолаушылар тасымалы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, т.б. салаларда ақпараттық технология жаппай еніп жатыр. 2026 жылдан бастап өңірде жаңартылған «Smart City» тұжырымдамасы аясында көптеген жаңа жоба енгізіледі. Халық игілігі үшін атқарылатын бұл істер туралы бөлек әңгіме жасауға да болады.
– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет! Ойға алған жоба-жоспардың бәрі жүзеге асуына тілекшіміз!
Әңгімелескен –
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар
Нариман Төреғалиев: Өңірдің әлеуеті жылдан-жылға артып келеді
Саясат • Бүгін, 08:50
Аймақтар • Бүгін, 08:45
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40
Олимпиада • Бүгін, 08:35
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30
Білім • Бүгін, 08:25
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20
Өнер • Бүгін, 08:15
Тағзым • Бүгін, 08:10
Мирас • Бүгін, 08:05
Тұлға • Бүгін, 08:00
Теннис • Бүгін, 07:55
Қазақ спортшылары шаңғымен тұғырдан секіруден Олимпиаданың финалына шыға алмады
Олимпиада • Бүгін, 00:15
Балаларды өрттен құтқарып қалған мектеп мұғалімі марапатталды
Оқиға • Кеше
Олимпиада-2026: Қазақстандық конькимен жүгірушілер 1000 метр қашықтықта өнер көрсетті
Олимпиада • Кеше