Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Жастардың қазіргі миссиясы – сапалы білім алып, қарым-қабілетін жетілдіру, зияткерлік әлеуетін мемлекет игілігіне бағыттау. Бүгінде шетелде оқып, тәжірибе жинап, осы мақсатта елге оралған жас ғалымдар шоғыры қалыптасып келеді. Солардың бірі – Оксфорд университеті секілді халықаралық беделді ғылыми орталарда шыңдалған зерттеуші Нұрсұлтан Мұсаханұлымен әңгімелескен едік.
– Нұрсұлтан, ғылымға қалай келдіңіз?
– Елімізде «жылуэнергетика» мамандығында оқи жүріп, энергетика саласындағы жаһандық мәселелерге назар аудардым. Осы қызығушылығым білімімді шетелде жалғастыруға жетеледі. Сөйтіп, магистратураны «Болашақ» халықаралық стипендиясының игілігімен Ұлыбританиядағы University of Manchester-де «Баламалы энергетика және таза технологиялар» бағытында оқыдым. Кейін PhD дәрежесін Аустралиядағы University of New South Wales-те «Фотоэлектрика және баламалы энергетика инжинирингі» саласында қорғадым.
Аустралияда оқыған жылдары профессор Мартин Гриннің жетекшілігімен ғылымға кәсіби түрде ден қойдым. Мартин Грин – күн сәулесін тиімді пайдалану әдісін жетілдіріп, панельдердің қолжетімділігіне күш салған ғалым. Қазір әлемде өндірілген күн батареяларының 80 пайызға жуығы осы профессордың еңбегі. Осы қондырғыларды экспорттап отырған Қытайда оның шәкірттері жетекшілік қызмет атқарып, жаңа технологияларды өндіріске енгізіп отыр.
– Бұл технологияларды елімізде дамыту мүмкіндігі қандай?
– Бүгінде әлем ғалымдары ерекше зейін қойып отырған бағыттың бірі – перовскит негізіндегі күн батареялары. Дәстүрлі кремний батареяларына қарағанда олар өте жұқа, тіпті адамның шашынан жүз есе жіңішке келеді. Сол себепті жеңіл әрі икемді. Екіншіден, бұл материал күн сәулесін сіңіру қабілеті бойынша жоғары көрсеткішке ие, яғни жарықты әлдеқайда тиімді пайдаланады. Үшіншіден, оның өндірісі анағұрлым арзан әрі қарапайым. Менің зерттеуім осы – перовскит негізіндегі күн батареялары.
Еліміз – күн және жел энергиясына бай мемлекеттердің қатарында. Егер ғылыми ортаны дамытуға, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге қажетті инвестиция салынса, мұндай батареяларды елімізде де өндіруді жолға қоюға болады. Өйткені перовскит батареяларын тек шатырға емес, ғимараттардың әйнегіне, киімге, тіпті портативті құрылғыларға да орната аламыз. Бұл, ең алдымен, энергия қорын жинақтауға, еліміздің «жасыл» экономикаға тұрақты көшуіне негіз болады. Сонымен қатар баламалы энергетика саласын игеру экспорттық әлеуетімізді арттырып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
– Шетелдегі ғылыми орта сізге не үйретті?
– Ең бастысы – жүйелілік пен ғылыми адалдықты. Ғылым – тек идея емес, ол нақты нәтиже мен дұрыс ұйымдастырылған жүйе. Соның арқасында беделді ғылыми журналдарда мақалаларым жарияланып, ғылыми жетекшілерімнің қолдауы University of Oxford-тың физика факультетінде постдокторанттық қызметке іріктелуіме себепші болды. Одан бөлек, әлемдегі таңдаулы адамдарға ғана ұсынылатын Ұлыбританияның «Ғаламдық талант» визасының иегерімін.
– Жақында елге оралып, Nazarbayev University-інде аға ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеп жатқаныңыздан хабардармыз. Неліктен мұндай шешімге келдіңіз?
– Шетелде қалу мақсат емес, құрал болды. Мен өз саламда, яғни күн және «жасыл» энергетика бағытында, әлемнің үздік ғылыми мектептерінен білім алу, тәжірибе жинауды көздедім. Манчестер, Жаңа Оңтүстік Уэльс, Оксфорд секілді орталарда жүру, әлемге танымал ғалымдармен бірге жұмыс істеу зерттеу мәдениетінің ең жоғары стандартын меңгеруге мүмкіндік сыйлады.
Бірақ қай жерде жүрсем де жинаған білім мен тәжірибені ел игілігіне жұмсау азаматтық борышым екенін ұмытпадым. Қаныш Сәтбаев атамыздың «Ғылым – ел игілігі үшін қызмет етуге тиіс» деген ұстанымы мен үшін айнымас бағыт болды. Ғылымда, бизнесте, технологияда болсын тәжірибені бөлісу, серіктестік орнату маңызды. Дамыған мемлекетке барып, елге оралу – интеллектуалдық капиталды күшейту деген сөз. Әрине, әр адамның таңдауы – өз еркінде. Дей тұрғанмен отанмен байланыс үзілмеуі керек.
Қазір елге оралып, Nazarbayev University-інде аға ғылыми қызметкер, Astana IT University-інде қауымдастырылған профессор ретінде еңбек етіп жатырмын. Оксфордта жинаған тәжірибемді зерттеу мәдениетін күшейтуге, перовскитті күн элементтері бағытындағы жобаларды дамытуға басымдық беріп отырмын. Мақсатымыз – тұрақты әрі тиімді фотоэлектрлік технологияларды жетілдіру.
Алдағы уақытта елімізде жаңартылатын энергия көздеріне арналған зертханалар құруға атсалысқым келеді. Перовскит күн батареялары мен оптоэлектроника бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеп, жас ғалымдардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына ықпалдасамын. Сонымен қатар Оксфорд PV және Қытайдағы серіктестермен байланыс орнатып, жаңа технологияларды елге әкелуге, тіпті перовскит батареяларын жергілікті шикізаттан өндіру мүмкіндігін зерттеуге дайынмын.
– Бізде ғылыми экожүйе қалыптасқан ба?
– Кейінгі жылдары ғылымды жүйелі дамытуда әжептәуір бетбұрыс бар. Ғылым және жоғары білім министрлігінің халықаралық академиялық кластер қалыптастыру бастамалары – сапа стандартының өсуіне бағытталған маңызды қадам.
Oxford, Cardiff University секілді оқу орындарымен серіктестік бұл тек атау үшін емес, академиялық мәдениетті, зерттеу менеджментін, талап деңгейін көтеруге қажет. Оның үстіне республикадағы бірқатар жоғары оқу орындары, әсіресе Nazarbayev University әлемдік деңгейдегі ғалымдарды тартып, халықаралық ғылыми желіге белсенді кірігіп отыр. Инфрақұрылым да жаңарып, экожүйе нығайып келеді. Демек, отандық ғылым жаңа сапалық кезеңге аяқ басты деуге негіз бар.
Ғылымда «Standing on the shoulders of giants» деген сөз бар. Яғни алдыңғы буынның жетістігіне сүйену. Біз де қазір әлемдік тәжірибеге иек артып, ғылыми мектебімізді қалыптастырып жатырмыз. Бүгінгі ғылыми инвес-тиция – ертеңгі технологиялық тәуелсіздік.
Осы орайда Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Жарқынбек Амантайұлы және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ағаларымыздың қолдауын ерекше атап өткім келеді. Оксфордтан ұсыныс алған кезеңде туындаған бюрократиялық мәселелерді шешуде үлкен көмек көрсетілді. Мұндай қолдау жастардың әлемдік мүмкіндіктерге еркін шығуына және елге сеніммен оралуыма негіз болады.
– Ізіңізді басқан жастарға қандай кеңес бересіз?
– Мен қарапайым отбасында тәрбиелендім. Шетелде оқуға әжептәуір қаржы қажет. Бірақ қазір мүмкіндік көп, мемлекеттік бағдарламалар да, халықаралық гранттар да жеткілікті. Бір өңірдің, не ауылдың шеңберінде қалмай, оқуға, білім алуға талаптану керек. Батыл шешім қабылдап, тәуекел ете білсеңіз, халықаралық деңгейге шығуға болады.
Білім мен еңбекқорлықты басты құндылыққа айналдыру қажет. Сонда ғана Қазақстан технологиялық тәуелсіз елге айнала алады. Бұл – біздің қолымызда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Қор нарығында доллар арзандады
Қаржы • Бүгін, 09:28
Көктемгі дала жұмысы қарқын алды
Шаруашылық • Бүгін, 09:10
Ауыл • Бүгін, 09:05
Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00
Кәсіпкер • Бүгін, 08:58
Digital • Бүгін, 08:55
Білім • Бүгін, 08:53
Логопед таппаған ата-ана, маманға зәру мектеп
Білім • Бүгін, 08:50
Пластик қалдығы пайдаға жарады
Аймақтар • Бүгін, 08:48
Қалқанша безі түйіндерін емдеудің тың тәсілі
Медицина • Бүгін, 08:45
Аймақтар • Бүгін, 08:43
Театр • Бүгін, 08:40
Руханият • Бүгін, 08:38
Шипа іздеп шетел асудың қажеті жоқ
Медицина • Бүгін, 08:35
«Наршаның сөзі – баршаның сөзі»
Руханият • Бүгін, 08:32