Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
– Нұржан Молдиярұлы, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері үшінші жыл қатарынан Су шаруашылығы қызметкерлері күні жоғары деңгейде аталып өтіп келеді. Кейінгі жылдары сала мамандарының мәртебесі қаншалықты жақсарды?
– Ең алдымен, жыл сайын сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, өткен жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген түзетулер «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мамандарының жалақысын едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Егер 2024 жылы кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 50%-ға дейін көбейді. Ал биыл тағы 15%-ға арттырылды. Осылайша, кейінгі екі жарым жылдың ішінде жалақыны орта есеппен екі есеге көбейттік.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылып келеді. Мәселен, 2024 жылы су шаруашылығы мамандықтары алғаш рет «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Ал өткен жылы саладағы алты маман «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасының қатысушысы атанды.
– Қабылданып жатқан шаралар су шаруашылығы саласына жаңа кадрлардың келуіне әсер етті ме?
– Әрине, әлеуметтік қолдау шаралары су шаруашылығы саласының тартымдылығын арттыруға ықпал ете бастады. Сонымен қатар заман талабына сай білім мен дағдыларға ие жаңа буын мамандарын даярлау бағытында кешенді жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Салада алғаш рет магистратура мен индустриялық докторантураның бейінді білім беру бағдарламалары іске қосылып, су шаруашылығы саласының өзіндік жоғары ғылыми мектебінің қалыптасуына негіз қаланды. Бүгінде еліміздің 13 жоғары оқу орны мен 10 колледжі су шаруашылығы саласына түрлі маман даярлайды. Қазіргі уақытта бейіндік мамандықтар бойынша 2 700 студент білім алып жатыр. Былтыр су мамандықтарына мыңнан астам талапкер оқуға түсті.
Ал 2026–2027 оқу жылына 751 білім гранты бөлінді. Сондай-ақ «Қазсушар» РМК филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер саны 2024 жылы небәрі 82 адам болса, былтыр 339-ға, ал осы жылы 750-ге жетті. Сондай-ақ қазіргі таңда министрліктің 20 қызметкері «Болашақ» бағдарламасы және шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломды бағдарламалар аясында білім алып жатыр.
– Еліміздің су шаруашылығы саласын жаңғырту бағытында қандай негізгі заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылды?
– Отандық су шаруашылығы саласын тиімді трансформациялау мақсатында берік нормативтік-құқықтық негіз қалыптастырылып, саланың алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжаттар әзірленді. Бір жыл бұрын жаңа Су кодексі күшіне енді. Ол су ресурстары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың іргелі құқықтық құралына айналды.
Құжатта су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың түбегейлі жаңа қағидаттары бекітіліп, алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұдан бөлек, су нысандарының сарқылуына жол бермеу мақсатында «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл – өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау мақсатында қажетті ең төменгі рұқсат етілетін су деңгейі. Шағын өзендер мен көлдерді қорғауға қойылатын талаптар кеңейтілді. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режімі енгізілді.
Жаңа Су кодексінің тағы бір маңызды ерекшелігі – гидротехникалық нысандар қауіпсіздігі мәселесінің жеке тарауға шығарылуы. Сонымен қатар судың «қара нарығымен» тиімді күресу мақсатында бассейндік инспекциялардың бақылау мен қадағалау өкілеттіктері кеңейтілді. Енді олар жедел ден қою шараларын қабылдай алады.
– 2024 жылы су шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданғанын білеміз. Осы стратегиялық құжат қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Кешенді жоспарға сәйкес 42 жаңа суқоймасын салу, қолданыстағы 37 суқоймасын реконструкциялау, 14,5 мың шақырым арнаны жаңғырту көзделген. Қазіргі таңда үш жаңа суқоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында екі суқоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар министрлік тағы екі суқоймасының құрылысына арналған жобалау-сметалық құжатты әзірлеу жұмысын аяқтады. Тағы 13 суқоймасының құрылысына қатысты жобалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдар 22 суқоймасының құрылысына арналған жобалау-сметалық құжатты дайындауға кірісті.
Министрлік бес суқоймасын реконструкциялау жұмысын аяқтады. Тағы сегіз суқоймасын реконструкциялауға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленді. Қазіргі уақытта 18 нысан бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бір суқоймасын реконструкциялап, тағы жеті нысанда жұмысты жалғастырып жатыр. 2021 жылдан 2025 жыл аралығында 6 мың шақырымнан астам арна жаңғыртылды. Биыл шамамен тағы 1 мың шақырым арнаны жаңғырту жос-парланып отыр.
2026 жылдың басында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылған 46 жоба толық аяқталды. Қазіргі уақытта тағы 21 жоба іске асырылып жатыр. Жалпы, жоспарланған 717 шақырым арнаның 502 шақырымы реконструкцияланды. Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан тоғыз жоба аясында жоспарланған 635 шақырым арнаның шамамен 600 шақырымы реконструкцияланды.
– Министр мырза, мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы, техника және білікті мамандар қажет. Министрлік бұл бастамалардың сапалы орындалуын қалай қамтамасыз етпек?
– Бүгінде «Қазсушар» РМК теңгерімінде 2100-ден астам арнайы техника бар. Былтыр Өнеркәсіпті дамыту қорының қаражатына 576 техника сатып алынды. Сонымен қатар тарифтік қаражат есебінен тағы 135 техника алдық. Осының нәтижесінде кәсіпорынның техника паркі 27%-ға жаңартылды. Бұл арнайы техниканы жалға алу шығындарын 85%-ға қысқартуға, оны жөндеуге кететін шығындарды екі есеге азайтуға мүмкіндік берді. Жаңа техниканың арқасында былтыр 375 гидротехникалық құрылыста жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, суару арналарын механикалық әдіспен тазалау қарқыны үш есеге артты. Жыл басынан бері 1430 шақырымнан астам арна механикаландырылған тәсілмен тазартылды. Келесі жылға дейін тағы 800 шақырым арнаны тазарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кәсіпорынды кешенді жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бизнес-процестерге реинжиниринг жасалып, олар автоматтандырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесі де көп күттірген жоқ. 2025 жылы «Қазсушар» РМК ұзақ уақыттан бері алғаш рет пайдамен жұмыс істеді.
Министрлік су шаруашылығы саласына жеке инвестицияларды тарту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Былтыр саланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 22%-ға жоғары.
– Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласын цифрландырудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда?
– Министрлік су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың басқа да элементтері туралы деректерді біріктіретін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі. Қазіргі уақытта аталған жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізудің соңғы кезеңінде тұр.
«Қазсушар» РМК аясында шаруалармен жұмыс істеудің барлық негізгі үдерістері цифрландырылды. Соның нәтижесінде есеп айырысудың және су берудің ашықтығы артып келеді. Жыл басынан бері жаңа биллинг жүйесі арқылы шаруалармен арна арқылы су беру жөнінде 26,8 мыңнан астам келісімшарт жасалды.
Сонымен қатар су тұтынуды ерте болжау жүйесі енгізіліп жатыр. Ірі су тұтынушылармен, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындармен, коммуналдық ұйымдармен және өзге де су пайдаланушылармен келісімшарт жасасу үдерістерін цифрландыру басталды.
Министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп Германияның TALSIM-NG бағдарламалық кешенін еліміздің табиғи-климаттық жағдайына бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жүйе қардың жиналуы мен еруін, өзен ағынының қалыптасуын, суқой маларына келетін су көлемін, сондай-ақ су тасқыны мен су тапшылығының ықтимал сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»