Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Елде 24 ақпан мен 24 наурыз арасында аурудың алдын алуға бағытталған айлық дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мамандардың сөзінше, биылғы науқанның ерекшелігі – туберкулезді ерте анықтауды күшейту, халықты скринингпен қамтуды кеңейту және латентті туберкулез инфекциясын дер кезінде анықтап, емдеу шарасын жетілдіру.
Өлім-жітім азайған
Туберкулез әлі күнге дейін әлемдегі жұқпалы аурулардан болатын өлім-жітімнің басты себебі болып отыр. Әлемде күн сайын 4 мыңнан аса адам туберкулезден қайтыс болады деген ақпар бар. Аурудың дамуына дұрыс тамақтанбау, ағзаға зиянды өнімдер (темекі, алкоголь, есірткі) тұтыну, кейде созылмалы аурудың әсері ықпал етеді. ДДСҰ мәліметінше, туберкулезбен ауыратын елдердің қатарында Қазақстан 12-орында тұр. Дегенмен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Инфекциялық аурулардың алдын алу басқармасының эпидемиолог дәрігері Анаргүл Жүнісова кейінгі жылдары туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келе жатқанын айтады.
– «Қазақстан 12-орында тұр» деген дерек қазіргі жағдайды толық сипаттай алмайды. Еліміз туберкулез ауыртпалығы жоғары елдер қатарынан біртіндеп шығып келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша, Республикада туберкулез аурушаңдығы 2024 жылмен салыстырғанда, 10,6%-ға төмендеді, өлім-жітім көрсеткіші 10%-ға азайды. Жаңа жағдай саны 6740-тан 6130-ға дейін төмендеді. 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 30,1-ге жетті. Дегенмен бұл мәселе әлі де қоғамдық денсаулық сақтау саласында маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Кейбір өңірлерде аурудың кеш анықталуы әлі де кездеседі, – дейді эпидемиолог дәрігер.
Елімізде туберкулездің алдын алу, ерте диагностикалау және емдеу тегін жүреді әрі халықаралық стандарттарға сай заманауи әдістер қолданылады. Сырқаттың алдын алудың баламасыз құралы – вакцинация. Бала дүниеге келгенде, туберкулезге қарсы иммунитетті дамытуға мүмкіндік беретін БЦЖ вакцинасын салу және 6-7 жасында қайта вакцинациялау аурудың дамуына қарсы тұрып, туберкулездің ауыр түрлерінен қорғайды, бұл да ақысыз негізде жүргізіледі. Вакцинацияның әсері 5 жыл, егер ауру факторлары болмаса, адам туберкулезбен ауырмайды. Алайда жаңа туған нәрестелер арасында вакцина алмай қалатын жағдайлар да жетерлік. Соның салдарынан туберкулез жұқтырған балалардың саны жоғары деңгейде болып отыр, мұндайда сырқат та ауыр өтеді. Ауруға негізгі себеп – расталмаған ақпарға сенетін ата-аналардың вакцинаға қарсылығы. 2023 жылы Атырау облысында 700-ден аса адам туберкулезге шалдыққан еді, олардың дені – вакцина алмаған балалар мен жасөспірімдер. Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жаңабай Сағиевтің айтуынша, дүниеге келген шақалақтардың 5-10 пайызы туберкулезге қарсы егілмей қалады. Сол себепті де елде өтіп жатқан туберкулезге қарсы айлық халықты тікелей ақпараттандыруға бағытталып отыр.
«Мантудан» қорықпаңыз
– Балаларына манту сынамасын алдырмайтын ата-аналар да бар. Олар латентті туберкулезге қарсы ем алғысы келмейді. Рас, бұл әлі толыққанды туберкулез емес, бірақ латентті туберкулез бактериясын жұқтырған адам кейін бәрібір ауырады. Сондықтан ем қабылдау қажет. Соны көбі түсіне бермейді, – дейді дәрігер.
Расымен де, ата-аналар туберкулездің бар-жоғын анықтайтын Манту сынамасына қарсылық танытады. Бұл сынама туберкулезді зерттеумен айналысқан француз дәрігері Шарль Манту есімімен аталған. Ауруды ерте анықтау мақсатында Манту сынамасы 1-14 жасқа дейінгі балаларға салынады. Бала 15 жасқа толғанда, флюрографияға түсу міндетті саналса, ересектерге арналған профилактикалық әдіс – флюорография, шолу рентгенографиясы, компьютерлік томография. Манту сынамасы туберкулез микробактериясының сығындысы арқылы тері астына енгізіледі, мамандар 3 күннен кейін терінің тығыздық өлшеміне қарап, сырқаттың бар-жоғын анықтайды. Ата-аналар әдетте терінің қызаруы мен ісінуінен қорқып, сынама салдыруға үзілді-кесілді қарсы болады. Эпидемиолог Анаргүл Жүнісова мұндай күйден қорқудың қажеті жоғын ескертті.
– Манту сынамасы – вакцина емес, ол ағзада туберкулез микобактериясына қарсы иммундық жауаптың бар-жоғын анықтайтын диагностикалық әдіс. Сынама жасалғаннан кейін терінің қызаруы немесе ісінуі – қалыпты құбылыс. Әсіресе, БЦЖ вакцинасын алған балаларда мұндай реакция жиі байқалады. Бұл жағдай баланың міндетті түрде туберкулезбен ауырғанын білдірмейді, – дейді А.Жүнісова.
Дәрігердің сөзінше, кей жағдайда Манту сынамасы оң нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл сынама ағзаның жалпы иммундық реакциясын көрсетеді, егер де сынамаға күмәнмен қарасаңыз және диагнозды нақтылау керек жағдайда Диаскинтест жасату керек. Манту – кеңінен қолданылатын жалпы скринингтік әдіс, ал Диаскинтест – туберкулез микобактериясына тән нақты антигендерге негізделген заманауи әдіс. Ол белсенді инфекцияны дәлірек анықтауға мүмкіндік береді және жалған оң нәтиже сирек кездеседі. Бір ескеретіні, Манту сынамасын жедел инфекциялық, аллергиялық аурулар кезінде, тері ауруы мен карантиндік жағдайда кейінге қалдырған жөн. Егер де Диаскинтест те оң нәтиже берсе, ағзада микобактерия бары расталады, бірақ ауру белсенді түрде дамымайды және клиникалық белгілері болмайды, тіпті өкпе, қан, зәр және қақырық анализдері де қалыпты болуы мүмкін. Ағзада жасырын инфекция анықталса, оны ғылыми тілде латентті туберкулез дейді. Бұл өзгелерге қауіп тигізбейді, алайда болашақта инфекция асқынып, туберкулезге айналмас үшін ертерек ем алу қажет.
– Егер балада латентті туберкулез анықталса, профилактикалық ем тағайындалады. Әдетте ем түрі – 3-6 айға созылатын арнайы дәрілік терапия. Қазір қолданылатын препараттар қауіпсіз, бала ағзасына сай лайықталған және дәрігердің бақылауымен жүреді. Негізгі мақсат – инфекцияның белсенді туберкулезге айналуына жол бермеу. Емнен бас тарту болашақта әлдеқайда күрделі жағдайға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар жөтел екі аптадан артық созылса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыздар. Балаларды профилактикалық тексеруден уақытылы өткізіңіздер, – дейді А.Жүнісова.
Бүгінде туберкулез толық емделетін ауру қатарына жатады. Қазір ел медицинасына қысқартылған емдеу схемалары, дәріге төзімді түрлерге арналған жаңа препараттар, жылдам диагностиканың заманауи әдістері енді. Соған қарамастан, сырқат атаулыға бейжай қарауға болмайды. Туберкулез – жұқпалы ауру, емделмеген жағдайда айналаңызға таралып, ауыр асқынуға душар болуыңыз мүмкін. Сол себепті де денсаулыққа жауапкершілікпен қараған жөн.
Айсұлу СЪЕЗХАН