Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Алматы арқылы ағып өтетін Есентай өзенінде балық бары көптеген қала тұрғыны үшін тосын сый болды. Жергілікті тұрғынның аулаған балығы түсірілген фото әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие болды: пайдаланушылар қала өзенінде қандай балық аулауға болатынын, онда балық аулауға рұқсат етілген-етілмегенін және мұндай олжаны жеу қауіпсіз бе деген мәселені талқылай бастады. Tengri Life мамандардан жауап алды.
Бәрі қалай басталды?
Алматы тұрғындарының бірі өзеннен балық аулағаны туралы әлеуметтік желілерде айтып берді.
"Біздің Алматы қаласы қандай керемет! Ал қаланың қақ ортасынан ағып жатқан Весновка өзенінде балық бар. Тіпті таныстарым оны аулап жүр. Шынымды айтсам, мен өте таңғалдым. Өзім балық аулауды жақсы көремін - бұл қызығушылықты маған бала кезімде атам сіңірген болатын. Ал қармаққа ілінген балықты көру балаша қуантады! Оны аулаған кездегі қуаныш сезімі - бір бөлек дүние. Керемет!", - деп атап өтті ол жазбасында.
Скриншот: Threads
Бұл жарияланым ондаған мың қаралым жинап, қызу талқылау тудырды. Кейбір пайдаланушылар өзенде балық бар екенін тіпті білмегенін мойындаса, басқалары оны қала ішінде аулаудың қаншалықты дұрыс екеніне күмән келтірді.
Есентайда қандай балық мекендейді?"Осы өзеннің бойында көп жыл тұрсам да, онда балық барын білмеппін", "Бұл балық қала жағдайында онсыз да әрең тіршілік етіп жүр. Оны қала өзендерінде шағалалар мен құтан үшін қалдырыңыздар - олар адамдар сияқты дүкенге азық-түлікке бара алмайды", "Мұндай ірі османды бірінші рет көріп тұрмын. Бағыңыз жанды!", "Ол жерде жалпы балық аулауға бола ма?", - деп жазды желі қолданушылары.
Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мәліметінше, видеодағы - жалаңаш осман. Бұл балық таулы және тау бөктеріндегі өзендерде тіршілік етеді. Ол суық суды, жылдам ағысты және тасты түбін ұнатады, сондықтан Алматы өзендерінде өмір сүре алады.
Есентайда балық аулауға рұқсат па?"Алматы қаласының маңындағы және іргелес аумақтардағы Іле Алатауының тауларынан бастау алатын өзендерде жалаңаш осман (Gymnodiptychus dybowskii Kessler, 1874) кездеседі. Біздің мәліметтеріміз, сондай-ақ басқа авторлардың зерттеу нәтижелері бойынша, бұл түр Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай (Весновка), Ақсай және Іле өзенінің бассейніне жататын өңірдегі басқа да өзендерде байқалады", - деп атап өтті орталықтағылар.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы Есентай (Весновка) өзенінде әуесқойлық балық аулауға тікелей тыйым салынбағанын хабарлады. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының 2025 жылғы 7 тамыздағы № 232 шешімімен бекітілген Алматы қаласындағы ортақ су пайдалану қағидаларында айтылған.
Бұл ретте Есентай және қаланың басқа да кіші өзендері әуесқойлық балық аулау үшін арнайы жабдықталған немесе бөлінген орындар ретінде белгіленбеген.
Басқарма бұл жағдайды мұндай су қоймаларының ерекшеліктерімен түсіндірді: балықтың кейбір түрлері онда маусымдық түрде болады, олардың саны аз, ал тұрақты балық қоры жүйелі балық аулауды ұйымдастыру үшін жеткіліксіз.
Өзендегі балық саны маусымға байланысты өзгеруі мүмкін. Жылы мезгілде кейбір түрлер тауға жақынырақ көтерілсе, күн суыта бастағанда ағыс бойымен төмен қайтады.
Ведомство тікелей тыйым салынбағанның өзінде балықшылар балық ресурстарын қорғау ережелерін сақтауы қажет екенін еске салды.
Қала өзендерінен ауланған балықты жеуге бола ма?Ал мұндай олжаны азыққа пайдалану мәселесіне келгенде, мамандар асықпауға кеңес береді.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы зертханалық зерттеулерсіз Есентайдан ауланған балықтың қауіпсіздігін нақты анықтау мүмкін емес екенін атап өтті.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, басқарма тұрғындарға тиісті зертханалық зерттеу нәтижелерін алғанға дейін Есентай өзенінен ауланған балықты жеуден бас тартуды ұсынады", - деп ескертті ведомство.
Басқаша айтқанда, әуесқойлық балық аулауға тікелей тыйымның болмауы қала өзенінен ауланған балықты еш қорықпай әзірлеп, жеуге болады дегенді білдірмейді.
Айта кетейік, Балқаш көлі - Қазақстандағы балық аулауға арналған танымал орындардың бірі. Мұнда демалыс базасында тынығу немесе Іле атырауында балық аулау үшін бірнеше сағатқа да, бірнеше күнге де келеді. Біз Балқашта қандай балық аулауға болатыны, өзіңізбен бірге қандай құрал-сайман алу керектігі және 2026 жылы қандай ережелер мен шектеулерді ескеру қажеттігі туралы егжей-тегжейлі материал жазған едік.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу