Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Музей директоры Жантас Сафуллиннің мәлім еткеніндей, облыстың бас мұражайы орналасқан ғимарат 1879 жылы шығыс-мавритандық стильде бой көтерген.
Жантас Набиоллаұлының сөзіне қарағанда, Орал қаласындағы ХІХ ғасырдағы ғимараттарды Санкт-Петербордан арнайы шақырылған архитектор Иван Андреевич Тец салған.
Фото: БҚО тарихи-өлкетану музейіТецтің қолынан шыққан ең сәнді тарихи ескерткіштердің бірі бастапқыда орыс-қырғыз мектебі ретінде қызмет еткен. Осында қазақ балалары білім алған.
Фото: БҚО тарихи-өлкетану музейі- Ғимарат жақсы сақталғанымен, музейге тарлық етіп тұр. Қазіргі таңда жәдігерлер саны 200 мыңнан асады. Бұлардың бәрінің каталогын жасау, халыққа қолжетімді ету жұмыстың бір парасы болса, жәдігерлерді сақтаудың өз тәртібі бар. Ғимарат санитарлық, температуралық, ылғалдылық режиміне, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай болуы керек. Кеңес дәуірінде музейге жапсарлас салынған қосымша ғимарат та стандартқа сәйкес келмейді, - дейді Ж.Сафуллин.
Оның айтуынша, күні бүгін музейдің сегіз залында 1 800-дей экспонат қойылған, бұл жәдігерлердің 1 пайызына да жетпейді. Оған қоса Орал қаласында басқа музейлер шашыраңқы орналасқан. Солардың кейбірінің басын қосса, дұрыс болар еді.
Фото: БҚО тарихи-өлкетану музейі- Президентіміз биыл Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай кезінде сонда жаңадан ашылған тарихи-өлкетану музейіне тоқталып, музей ісін басқа да өңірлерде дамыту жөнінде тапсырма берді. Сондықтан Орал қаласында 190 жылдық тарихы бар облыстық музей үшін жаңа ғимарат салу өте өзекті болып тұр. Алдымен қолайлы жер таңдау, жақсы жобасын жасау керек. Себебі жас ұрпақты музей арқылы тәрбиелеу үшін жаңа технологияны, жасанды интеллектіні енгізуіміз қажет. Жаңа ғимарат болса, жәдігерлерді сақтау мәселесі де біржола шешілер еді, - деді музей директоры.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев жаңа музей ғимаратын салу ісі ойда бар екендігін жеткізді.
- Әуелі 2027 жылы облыстық мемлекеттік архив ғимаратын салу жоспарда тұр. Қазіргі кезде соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орал қаласының бас жоспары бекітілгеннен кейін қай жерде қандай ыңғайлы орын бар, болашақта музей тұрғызу мәселесін де қарастыратын боламыз, - деді Қ.Мұханғалиев.
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне 1984-2008 жылдары басшылық еткен сала ардагері Сара Танабаеваның нақтылауынша, орыс-қазақ мектебі болып тұрған кезінде ғимаратта Мұхамед-Хафиз Мырзағалиев, Тәттіғали Қожанов сынды мемлекет қайраткерлері оқыған.
Фото: БҚО тарихи-өлкетану музейі1975 жылы облысқа Мұстақым Ықсанов басшы болып келгеннен кейін сол кісінің қолдауымен тарихи ғимаратқа күрделі жөндеу жасалып, 1980 жылы 20 тамызда музейдің алғашқы экспозициясы ашылды.
Фото: БҚО тарихи-өлкетану музейі- Музейге жаңа ғимарат өте қажет. Бірақ оның орнын алыстан іздеудің қажеті болмас. Өйткені тарихи ғимаратты сақтап қалу да маңызды. Менің ойымша, музей ауласындағы екі қабатты қосалқы ғимаратты бұзып, орнына үш қабатты етіп жаңасын салса, дұрыс болар еді. Сосын тарихи ғимаратпен галерея сияқты етіп арасын заманауи технологияға сәйкестендіріп жалғауға болады. Ал облыстық мемлекеттік архив жаңа орынға көшкен жағдайда соның ғимараты музей қорын сақтау үшін таптырмас орынға айналар еді, - деді Сара Есқайырқызы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көне кітап, қолжазбаларды жинау қолға алынғанын жазған едік.
Сондай-ақ Жантас Сафуллин Орал қаласында Ғұмар Қараш атындағы музей ашылса, дұрыс болатыны жөнінде айтты.
Оралда «Қазақстан» газетінің 115 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды.