Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Фестиваль аясында ұлттық, экстремалдық және дәстүрлі қысқы спорт түрлері кеңінен қамтылды.
Атап айтқанда, тазы жарысы, жамбы ату, шаңғымен жамбы ату (Орал өңірінде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған тың бағыт), автодрифт, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы жарысы, балаларға арналған сырғанау, коньки тебу, керлинг, қысқы баскетбол және өзге де спорт түрлері көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар фестиваль аясында құсбегіліктен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XIX чемпионаты өткізілді. Еліміздің барлық өңірінен келген 70-ке жуық сайыпқыран чемпиондық атақ үшін сынға түсіп, ұлттық спорттың айбынын асқақтатты. Ителгі мен бүркіті, қыраны мен қаршығасын қомдаған саятшылар Орал төрінде бас қосып, ата дәстүрдің тамырын тереңге тартқан төл өнерді дәріптеді.
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасыЧемпионаттың ашылу салтанатында Қазақстан құсбегілік федерациясының вице-президенті, осы салаға 30 жылға жуық ғұмырын арнаған этнограф Бағдат Мүптекеқызы, құсбегіліктен аға жаттықтырушы, федерацияның атқарушы директоры Базарбек Күнтуған, сондай-ақ БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың өркендеуіне тілектестігін білдірді.
Бүркітшілер арасында түркістандық Бағдат Кеуенов үздік атанса, шығысқазақстандық Архат Хамитжанов екінші, жамбылдық Серікболсын Жалғасұлы үшінші орынға ілікті.
Ителгі баптағандардан жамбылдық Бағдәулет Бабажанов, Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев және қарағандылық Темірәлі Төпегенов алдыңғы үштіктен табылды.
Б.Бабажанов қаршыға қосудан да алдына жан салмады. Одан кейінгі екі орынды жамбылдық С.Жалғасұлы мен батысқазақстандық Ернарбек Мәмет еншіледі.
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасыЖалпы, фестиваль аясындағы барлық спорт түрлерінен сайыстар қала тұрғындары үшін тегін ұйымдастырылды. Оған қоса концерттік бағдарламалар ұсынылып, арнайы фотосессия аймақтары жасақталды.
Алғашқы күні фестивальге 1 мыңға жуық қатысушы тіркелсе, екінші күні бұл көрсеткіш 4 мыңнан асты. Бүлдіршіндерден бастап қарияларға дейін спорт алаңында бас қосып, қысқы думанның шаттығын бірге бөлісті.
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасыКерлингтен әйелдер арасында Гүлжанат Төлеген жеңімпаз атанса, ерлерден Арман Кеңшелеков ептілік танытты.
Тазы жарысынан Эльдар Бегалиев «Көкжалымен» (иті – «Көкжал») озды.
Дәстүрлі садақ атудан Әсемгүл Ғалымжанова мен Рустам Аманғалиев мергендік танытты.
Жамбы атудан Арман Жұлқалиев бірінші орынға ие болды.
Садақ атудан Иса Уәлиахмет жеңіс төрінен көрінді.
Шаңғы жарысынан қыздардан (1 км) Яна Гагаина, ұлдардан (2 км) Никита Берковский, әйелдерден (6 км) Ксения Кудрявцева, ерлерден Святослав Грицкевич чемпион болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталғанын жазған едік.