Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Ауқымды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында атқарылды. Соның арқасында өңір тұрғындары мен жолаушыларға жаңа мүмкіндік туды.
Жаңартылған вокзалдың ашылу салтанаты Теміржолшылар күніне орай ұйымдастырылды. Іс-шараға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығы, сала ардагерлері мен өңір тұрғындары қатысты.
Вокзал ғимараты осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған еді. Сол кемшіліктің бәрі реттеліп, инженерлік желілер, шатыр, қасбет, ішкі бөлмелер мен вокзал аумағы түгелдей жаңартылды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары ауқымды мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 2025 жылы облысымызда төрт теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылды. Семиглавый Мар және Шыңғырлау стансаларындағы вокзалдар жаңадан салынса, Орал мен Ақсай вокзалдары күрделі реконструкциядан өтті. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттерден 7,6 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде барлық жұмыс толық аяқталып, жаңартылған Орал вокзалы өңір тұрғындарының игілігіне қызмет ете бастады, – деді облыс әкімі.
Кешенді реконструкция барысында вокзал кешенінің барлық дерлік бөлігі жаңартылды. Сыртқы және ішкі инженерлік коммуникациялар, жылу, электр және су бұру жүйелері толық ауыстырылып, энергия үнемдейтін заманауи материалдар қолданылды. Ғимараттың қасбеті мен ішкі кеңістігі жаңартылып, қауіпсіздік пен қолжетімділік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Іскалиевтің айтуынша, жобалау барысында көлік инфрақұрылымына қойылатын халықаралық талаптар ескерілген.
– Ғимаратты бөлшектегеннен кейін іс жүзінде тек іргетасы мен қаңқасы ғана қалды. Барлық инженерлік желілер, шатыр және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері заманауи технологиялар мен материалдарды пайдалана отырып қайта салынды. Ана мен бала бөлмелері жабдықталды, мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолайлы кедергісіз орта жасалды. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – бұрын болмаған заманауи жерүсті конкорсының салынуы. Енді жолаушылар теміржол рельсін кесіп өтпей-ақ платформалар арасында қауіпсіз қатынай алады, – деді ол.
Жаңартылған вокзалдың басты артықшылықтарының бірі – жолаушыларға жасалған жайлы жағдай. Мұнда кең күту залдары, заманауи ақпараттық таблолар мен навигациялық жүйелер орнатылған. Сондай-ақ төрт эскалатор мен үш лифт пайдалануға берілді. Конкорстың салынуы платформаларға шығуды бұрынғыдан әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз етті.
Теміржол инфрақұрылымын дамыту жолаушылар ағынының артуымен де сабақтас. Егер осыдан бес жыл бұрын Орал вокзалы арқылы тәулігіне 800-900 адам өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш мыңнан асты.
Қазір Орал қаласы арқылы бір халықаралық және үш облысаралық бағыт бойынша тұрақты пойыз қатынайды. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін екі облысішілік теміржол бағыты жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері теміржол көлігінің қызметін шамамен 270 мың жолаушы пайдаланса, жүк тасымалының көлемі 2,8 миллион тоннаны құрады.
Бүгінде облыстың теміржол желісіне 25 станса мен разъезд кіреді. Теміржол жолдарының жалпы ұзындығы 318 шақырымды құрайды. Сонымен қатар саланы одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Перспективалық жобалардың қатарында Индер – Орал теміржол желісін салу, вагон паркін ұлғайту және маршруттар желісін кеңейту мәселелері қарастырылуда. Қорыта айтқанда, жаңартылған теміржол вокзалы тек заманауи көлік нысаны ғана емес. Ол – Орал қаласының жаңа келбеті мен өңірдің айшықты визит картасына айналған маңызды инфрақұрылымдық кешен.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы